ӘЛЕМ НАЗАРЫ – АСТАНАДА

0 144

1448864718_2069371880

Барша әлемнің назарын аударған халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне тура 274 күн қалды. Бұйыртса, елордада жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал, халықаралық павильондар қазан айында барлық мемлекеттік қатысушыларға тапсырылатын болады.

100 МЕМЛЕКЕТ ҚАТЫСАДЫ
Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындық жұмыс­тары кеңінен пысықталды. Құрылысы аяқталуға жақын қалған павильондардың жай-күйі туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төра­ғасы Ахметжан Есімовтің қатысуымен өткен қоғамдық кеңес отырысында белгілі
болды.

– Халықаралық көрмеге 100 мемлекет қатысатын болады. Қазіргі саны – 98. Оған қоса, 18 халықаралық ұйым бар. Көрме кезінде 20 ел өздерінің ұлттық күндерін өткізеді. Көрменің ең қызықты павильоны – Үздік тәжірибелер аумағында қойылатын жобалар 15 қыркүйек күні анықталады. Шешімді беделді сарапшылар, оның ішінде бірнеше Нобель сыйлығының лауреаттары кіретін Халықаралық іріктеу комиссиясы анықтайды. Қазіргі уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен 133 өтінім келіп түсті, алайда тек 25 жұмыс іріктелетін болады, – дейді
Ахметжан Есімов.

Шынында, көрме өткізу уа­қыты жақындаған сайын, әлем елдері тарапынан қызығушылық көптеп байқалады. Мәселен, жуырда ғана Финляндия елі көрмеге қатысатыны туралы келісімшартқа қол қойған. Аталмыш ел біздің «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнап экс­по­зиция жасауға шешім қа­былдаған. Себебі, фин компа­ниялары энергия үнемдеу мен «жасыл технологиялар» саласындағы алдыңғы қатарда екені жасырын емес.

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДА – 296 КОМПАНИЯ
Көрмеге трансұлттық ком­паниялар да аса қызығу­шылық білдіруде. Жиында белгілі болғандай, ЭКСПО серік­тес­терінің қатарында Циско, Самсунг, Шелл, ДХЛ, Шеврон, Дженерал Электрик және тағы басқа халықаралық корпорациялар бар екен. Олар 125 млн еуро көлемінде демеушілік көрсетуде.

Құрылыс нысандарына өткен жылы 296 отандық компания қатысқан. Тікелей және жанама түрде Астана мен өңірлерде 46 мың жұмыс орны ашылып, көптеген азаматтар жұмыспен қамтылған. Ахметжан Есімов, бұған қоса құрылыстан 131 миллиард теңге үнемделгенін де тілге тиек етті.

ТУРИСТЕРДІ ҚАЛАЙ ТАРТАМЫЗ?
Елордада туризмді дамыту – күн тәртібіндегі мәселе. Бұл ретте ЭКСПО көрмесі талай туристерді тартатыны сөзсіз. Шетелден 350 мыңға жуық қонақ келетін болса, оларға қызмет көрсету үшін дайындық жұмыстары бүгіннен басталып кетті. Әрине, ең алдымен туристік ақпараттық турлар қолға алынды. Мәселен, 100 шетелдік трэвел-компаниялар үшін 70-тен астам туристік бағдарлар әзірленді.

Ақмола туризм басқармасы Астана, Алматы, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының туроператорларына Щучинск-Бурабай шипажай аймағы бойынша «Бурабай – Қазақстанның қазынасы» ақпараттық-жарнама турын ұсынды. Осылайша, көрмеге келген қонақтар еліміздің көркем жерлерін, сондай-ақ мәдени және тарихи нысандарын көруге мүмкіндік алады. Бүгінде 30 жетекші шипажай объектілерінің өкілдері және өңірлік туроператорлар арасында келісімшарт жасалған. Шипажай туроператорлары шамамен 300 демалу объектілерін, атап айтқанда, қонақ үй, санаторий мен пансионаттар дайындады.

Ал, шетел туристері үшін Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын 73 бағдар бекітілген. Бұл туралы толығырақ travel.expo2017astana.com сайтында жарияланды.

Сондай-ақ, қыркүйек айында шетелдік трэвел-компаниялар үшін Қазақстан бойынша ақпараттық турлар өткізіледі. Оған Батыс Еуропа, ТМД, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Австралиядан шамамен 100 шетелдік туристік компаниялары қатысатын болады. Мамандар көрмеге келетін әрбір шетелдік қонақ елімізде шамамен 4 күн болады әрі 1,5 мың АҚШ долларын жұмсайтынын алға тартады.

Көрме кезінде 20 ел өздерінің ұлттық күндерін өткізеді. Көрменің ең қызықты павильоны Үздік тәжірибелер аумағында қойылатын жобалар 15 қыркүйек күні анықталады.

ҮЙРЕНЕТІН ҮРДІСТЕР
ЭКСПО нысандары көрме аяқталғаннан кейін де эконо­микалық ахуалымызды жақ­сартуға септігін тигізу керек. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Осы ретте Милан қаласында өткен «ЭКСПО-2015» көрмесінің атқарушы төрағасы, Милан қаласының мэрі Джузеппе Сала өз елінің тәжірибесімен бейнежолдау арқылы бөлісті. Оның айтуынша, ең алдымен көлік құрылымын дұрыс ұйымдастырған жөн, өйткені, қатысушылар үшін көрмеге қалай жететіні маңызды. «Бұл ретте біз Италияның басты қалаларына қатынайтын жоғары жылдамдықпен жүретін пойыздар жүйесін құрдық. Әлемнің ірі ақпарат агенттіктері мен орталықтарына, мыңдаған туроператорлардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бердік. Билет сату ісі бойынша барлық ресселермен келісімшарт жасасып, нәтижесінде әлемнің түкпір-түкпіріне дейін билет сату жүйесін ұйымдастырдық. Тек Миланның өзінде шет­елдік туристер 700 млн евро жұмсады. Көрме өткен үш айдың ішінде 10 млрд евро жұмсалғаны белгілі болды. 15 мыңға жуық бизнес кездесулер өтіп, туристік сауда алға басты. Әлі есімде, 2015 жылдың 1 мамыры, яғни, көрменің ашылуы кезінде 10 миллионға жуық билет сатылды. Астана көрмесі қарсаңында да осы мәселелерге назар аударған дұрыс деп санаймын» дейді ол. Ал, 2010 жылы Шанхайда өткен «ЭКСПО-2010» көрмесінің комиссары Ван Чинжен Аста­надағы көрмеге ең үздік екі жоба әкелетіндіктерін жеткізді. Оның бірін ҚХР мемлекеттік электрожелілері корпорациясы ұсынса, екіншісі – Ядролық-энергетика корпорациясының жобасы.

ЖАҢАШЫЛ ИДЕЯЛАР ЖАРШЫСЫ
Өнертапқыштар үшін ЭКСПО көрмесі таптырмас алаң. Өйткені, осы уақытқа дейін тұрмысымызда пайдаланып келген дүниелердің көбі халықаралық көрмелерде тұсауын кескен.

Бүкіләлемдік көрмелердің бастауы өткен ғасырдан бас­талады. Содан бері небір жаңа­шыл идеялар коммер­циялық қолданысқа енгізілді. Мәселен, өнертапқыш Александр Беллдің телефон аппараты, Томас Эдисонның дыбысты жазуға арналған құрылғысы (фонограмма), «Феррис дөңгелегі», Уитком Лео Джадсонның сыдырма ілгегі, жеуге арналған бал­мұздақ стақаны, нейлон материалы, тікелей телехабар тарату ісі, ұялы және сенсорлы теле­фондар және тағы басқа дүниелер алғаш рет ЭКСПО көрмелерінде жұртшылыққа ұсынылған болатын.

Ал, біздің еліміз ұсынған тақырып – «Болашақтың энергиясы». Бұл тақырып ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны кеңінен ұсынуға мүмкіндік береді. Сондықтан, Астана осы саладағы ең үздік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =