Әлем мұсылмандарының ұлық айы

0 52

Рамазан – дүниенің барша мұсылмандары жыл бойына асыға күтетін айлардың сұлтаны. Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу» деген екен. Осы игіліктен құр қалмау үшін отыз күн ауыз бекітіп, Жаратушының рахымынан үміт етіп, мүбәрак айдың ризығына кенелетін кез де – осы ай. Қасиетті айдың кіргенінен соңына дейін үлкен мерекедей атап өтетін елдердің дәстүріне шолу жасадық.Түркия

Бұл елде Рамазан айының келгенін бірден білесіз. Айнала үлде мен бүлдеге оранған әсем қалыңдықтай көрсең көз тоймайтын сұлу қалпына кіреді. Мешіттер мен олардың биік мұнараларына орнатылған шамдары самаладай жарқырап, аспандағы шоқ жұлдыздай жарқырайды. Ер-азаматтар міндетті түрде намазын осындай сәні келіскен мешіттерде оқиды. Түркиялықтар осы күндері өз жеріндегі әлемге әйгілі тарихи мешіттерді аралап, ауыз бекіткеннен ауыз ашқанға дейін сонда қалуға тырысады. Оразаның басты тағамы пиде деп аталады. Сопақша етіп пісірілген шелпектің ішіне ет толтырып жасайды. Онымен қосып ішетін güllaç сусыны да бал татиды. Оны жүгері, ұн, су мен сүт араластырып және құрма қосып жасайды. Мейрамханалар, үлкенді-кішілі тамақтандыру орындары кедей-кепшікке күн батысымен тегін ас таратып, сауабын алады. Оны «ифтар-мәзір» деп атайды. Ауызашардың да түрікше мәнері бар. Алдымен құрмамен су ішіп, сосын зәйтүн жемісін жеп, одан кейінгі жейтін бір тілім ірімшіктен кейін көкөніс қосылып пісірілген сорпаға кіріседі.

Ливан

Рамазан айы Ливанда мешіттерге жамағат молынан жиналып, сол жерде ауыз ашып, бірге отырып уағыз тыңдаумен ерекшеленеді. Көрнекі жерлерде ораза ұстауға, қайырымдылық жасауға шақырған үндеулер ілініп қойылады. Әрбір ливандық ұлық айы келгенін паш етіп, үйлерін түрлі жарқырауық шамдармен безендіреді. Бай мұсылман өз қуанышын кедейлермен бөліседі. Олар ауызашар ұйымдастырып, кедей-кепшікке ас-дәм таратады. Бір ерекшелігі, осындай жиындарда тағаммен қатар киім-кешек тарату да жолға қойылған. Ауызашардың басты тамағы – жасымықтан жасалып, көкөніс қосқан сорпасы. Таң атуға жақындағанда өздері таббал деп атайтын арнайы адам дабыл қағып, «ұйқыдан тұрыңдар, ауыз ашыңдар, бұл тек ораза айында болады» деп халықты ұйқыдан оятады.

Мысыр

Рамазан – Мысырда ұлттық маңызы бар ұлық мейрам. Бүкіл халқы үлкен қуанышпен қарсы алады. Әсіресе, балалардың қуанышында шек болмайды. Оларға тек осы айда ғана сатылатын қолшам сыйға тартылады. Ифтар мен сухур тек көпшілікпен бірге болатындықтан, көшеге дастарқан жайып көпшілікпен бірге ұйымдасып өткізеді. Бұл үшін көбіне мешіттердің жанында немесе қасиетті әулиелер жерленген әл-Хүссейн және Ас-Ситт Зейнаб, Ас Сайида Нафиса, әл-Азhар, Хан әл-Халили кварталдарын таңдап, сонда жоқ-жітікке ас береді. Бұл жерде де таң атуға екі сағаттай қалғаннан бастап көшеге дауылпаздар аспабын соғып, ауызашардың жақындағанынан хабар береді. Ораза айында жиі пісірілетін тағамдарды қоянның етінен, жабайы кептер мен қозы етінен жасайды. Камардин деп аталатын құрмадан жасалған сусын ішеді.

Ауғанстан

Рамазанның бірінші күні – демалыс. Сол күні ауғандықтар дүкен-базар аралап, айлық тағамын сатып алады. Барлық мұсылман елдеріндей мейрамхана-кафелер күн жарықта жұмысын тоқтатады. Ал телеарналар мен радио музыкалық бағдарламаларды эфирге шығармайды. Ауғандықтардың өзі мүбәрак Рамазан айында музыка тыңдап, жеңіл күлкіден аулақ болуды жөн көреді. Бір қызығы, ауыз берік болсын-болмасын көшелерде не көпшілік жиналған жерде су ішіп, тамақ жеген адамды кездестірмейсіз. Ифтарға ауғандықтар палау жасауға тырысады. Құрма дастарқанның сәні болса, ауған тәттісі – желяби де оразада жейтін астың сүйкімдісі. Ауғандықтардың ежелгі дәстүрі бойынша мешіттерде әркім өз есебінен ас беруге тырысады. Оған көңілі қалағандардың бәрі келіп, дәмдес болады.

Бангладеш

Миллиондаған мұсылман әлемдегі ең көп шоғырланған мемлекет – Бангладештің мешіттерінде жиналып, діни шараларға қатысады және қасиетті Рамазан айында ислам туралы дәрістер тыңдайды. Бангладеште шамамен 250000 мешіт бар, оның 6000-ы – астанасы Даккада. Елдің бас мешіті Бейтул-Мукаррамда таң және екінті намаздарынан кейін қасиетті Құран сүрелерін түсіндіру бойынша арнайы сабақтар өткізіледі. Рамазан айының 20-сынан бастап имамдар түнгі намаз кезінде Құранды толық оқуды бастайды.

Пәкістан

Түн ортасынан ауғанда әрбір үйдің шамы жана бастайды. Бұл кезде біреулер намазға тұрса, кейбіреуі Құран оқи бастайды. Таң намазына бірер сағат қалғанда азаншы «ауыздарыңызды бекітіңіздер, таңның атуына мұнша сағат, мұнша минут қалды» деп хабарлай бастайды. Таңға жақындаған сайын мешіттің мұнарасынан шыққан дауыс та зорая түседі. «Чирия ураза» торғай ораза деп аталады, яғни бала ересектермен бірге оянып, ауыз ашады да, әлі келгенге дейін ауыз бекітеді. Уақытынан бұрын ауыз ашса, кешірімді. Әрине, баланың аты бала ғой, жасымызда біздер де әжелерімізбен бірге тұрып, тәттісін жейтінбіз. Егер жігері жетіп, ақшамға дейін тамақ жемесе, онда ол баланы арқасынан қағып мақтап, сыйлық береді. Рамазан айында ешкім тірлігінен қалмайды, жұмысы бары жұмысына, оқушылар мектебіне барады. Ақшамнан кейін қаланың тірлігі қыз-қыз қайнайды, кафе, мейрамханалар ашылып, базар жұмысын бастайды. Құтпаннан кейін ер-азаматтар жиналып тарауих намазын оқиды.

Сирия

Әдетте ораза айына да­йындық Шағбанның соңында басталады. Бір айға жеткілікті тәтті-тағамдарын молынан сатып алып қояды. Мешітте ақшам намазын оқып болған соң үйлеріне тарап, әулеттің үлкені бар үйге жиналады. Ауыз­ашардың басты тағамы – фаттуш. Оны астың алдында жейді. Фаттуш – бұл көкөніспен кепкен нан қосылып, лимон сөлімен араластырып, зәйтүн майымен жасалған жеңіл ас. Құтпаннан кейін канафа, катаиф деп аталатын тәттілер ұсынады. Ораза айында жалғыз отырып тамақ ішуге болмайды, сол себепті ағайын-туыстары бірге жиналады, көршілер болса тамағымен бөліседі.

Үндістан

Бұл елде 140 миллион мұсылман тұрады. Олар – ислам дінін ұстанатындар санының көптігі жағынан үшінші ел. Бұл елдің мұсылмандары ораза айына ерекше мән береді. Тарауих намазын міндетті түрде мешітте оқиды. Осы күндері ер-азаматтар барынша мешітте болуға тырысады, «итикяф» деп аталады және аса діндарлары оразаның соңғы он күнінде мешітте түнеп, Құран оқып, зікір салып уақыттарын құлшылықта өткізеді. Түрлі сорпалар мен дәмдеуіштер қосылған палау – ораза айының басты тағамы. Жеміс-жидектер мен тәтті сусындар ауыз бекіткендерге нәрлі қорек береді. Дәулетті мұсылмандар байлығының 2,5 пайызын кедейлерге беруі тиіс, бай-кедей демей пітір садақа беру де міндетті.

Малайзия

Ислам – бұл елдің мемлекеттік діні. Ораза алдында әйелдер дастарқан мәзірін түгендеп алса, ерлері үйдің іші-сыртын тазалап, әдемілеп безендіреді. Әрбір үйде керосин шамдары жағылады. Тіпті әрбір ауыл үйлерін көркем безендіруден жарысқа түседі десе де болғандай. Бұл айда мұсылмандардың өмірі әдеттегі қалпынан өзгере қоймайды. Тек бір-біріне ықыласы мен мейірімі артатыны болмаса.

Индонезия

Индонезия мұсылмандарына келетін болсақ, Рамазан олар үшін қайтып оралуын жыл бо­йына ерекше ықыласпен күтетін қымбатты қонағына ұқсайды. Оның кездесуіне дайындық кезінде көшелер Рамазанның рәміздерімен безендірілген, қаланың белгілі бөліктерінде мерекелік шамдар жағылып, ерекше безендіріледі. Жергілікті тұрғындар өз аулалары мен қоғамдық орындарды, әсіресе мешіттерді мұқият тазалайды. Dorderan немесе Dandangan – Рамазан айында бүкіл Индонезияда пайда болатын үлкен жәрмеңкелердің атауы. Мұнда сіз өзіңізге қажеттінің бәрін сатып ала аласыз. Dorderan әдетте муниципалитеттер алдында немесе қоғамдық саябақтарда ұйымдас­тырылады. Рамазан айының басында барлық мұсылмандар 5 күнге дейін демалыс алады, оны тиімді пайдаланады, олар туыстары мен достарына барады, оларды Рамазанның басталуымен құттықтайды. Бір ай бойы уағыз­дар мен дәрістердің белгілі бір кестесі жасалады да, оны әрбір мұсылман қалт жібермей орындайды. Оқу орындарында Құран оқудан оқушыларға арналған жарыстар да өткізіліп, барлық жерде керемет нашидтер әуезі естіліп тұрады. Ұлттық тағамға келетін болсақ, Индонезияда Рамазанның дәстүрлі тағамы – қайнатылған күріш пен зімбір жапырақтарынан тұратын кетупат. Күріш өрілген кокос жапырақтарының ішінде пісірілген және өте қоймалжың болып келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − twelve =