Әлем күткен вакцина

0 35

Қазақстан коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасына клиникалық зерттеуді бастағанда Ресей үшінші отандық «Вектор» екпесіне сынақ жүргізуде. Ал екпе салған волонтердің ауырып қалуына байланысты үшінші кезеңінде уақытша тоқтатылған ұлыбританиялық AstraZeneca вакцинасы бойынша клиникалық зерттеу әрі қарай жалғасты.

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Оның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр. Бүгінде бұл вакцинаны зерттеуге қатысуға 688 ерікті ниет білдірген. Клиникалық зерттеулер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» РМК және «Сentre for Clinical Medicine and Research» ЖШС-де өтеді. «Вакцинаның клиникалық зерттеулерінің I/II фазаларынан кейін, Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаса өз күшімізбен вакцинаның 2 млн дозасын дайындай аламыз. Мемлекеттің қолдауымен салынып жатқан GMP талаптарына сәйкес келетін биофармзауыт іске қосылғаннан кейін, Қазақстан халқына толық жететіндей вакцина әзірлеу жоспарлануда» деген еді тамыз айында вакцинаны жануарларға салып бастағанда ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Әзиз Наханов.
Ресейлік үшінші вакцинаны Чумаков атындағы орталық дайындауда. Новосібірлік «Вектор» препараты қазір федерацияның денсаулық сақтау министрлігінде тіркеуге алынуда. Әлемде коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина «Спутник V» препаратын да ойлап тапқан ресейліктер еді. Оны тек Мәскеудің өзінде 3 мыңға жуық волонтер салдырды. Вакцина еш адамға жанама әсерін берген жоқ. Ал «Вектор» бойынша Гамалея атындағы орталық мамандары онкологиялық аурулары бар науқастар мен 80 жастан жоғары адамдарды вакциналациялау хаттамасын дайындап жатыр. Вакцинаны көп көлемде шығару келесі жылы ақпан айына жоспарлануда.
Ұлыбританияның Кембридж қаласындағы AstraZeneca фирмасы дертке қарсы екпені Оксфорд университетімен бірлесіп жасаған. AstraZeneca вакцинасы әлемде жасалып жатқан ондаған вакцинаның үздіктері қатарына кіреді. Вакцина 1 және 2 кезеңінде сынақтан сәтті өткен. Сол себепті нарықта алғашқылардың бірі болып қолданысқа шығады деген үлкен үміт болған. Оның 3-тестілеу кезеңіне өтуі соңғы апталарда АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия және Оңтүстік Африка елдерінен 30 мыңға жуық адам қатысуға тілек білдірген. Алайда олар қыркүйек айының басында коронавирусқа қарсы вакцинасын сынауды уақытша тоқтатты. Себебі оны қабылдаған адамның «түсініксіз» ауруға шалдығуы осы екпенің жанама әсер етуі мүмкін деген мәселені тергеу қажет болған. Осы айдың ортасында зерттеудің қауіпсіздігіне жауап беретін тәуелсіз органдар бұл жағдайды зерттеп, волонтерлерді вакциналациялауды жалғастыра беруге рұқсат берді.
Алпауыт ел Америка COVID-19 қарсы халықаралық вакцина жасау бастамасы ДССҰ-ға тиесілі болғандықтан екпе жасау ісіне қатыспайды. Бірақ құрама штаттар президенті қай ел ойлап тапса да, вакцинаның қауіпсіздігі дәлелденсе, оны елде бірінші болып салдыруға дайын екенін жеткізді. ДССҰ бас ғалымы Сумия Сваминатанның айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаны кеңінен қолдану мүмкіндігі келесі жылдың ортасына таман мүмкін болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =