«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлем кубогында топ жарды

0 4

Түркияның Ыстанбұл қаласында ерлер мен жастар арасында кикбоксингтен әлем кубогы өтті.

e7159841f39fab7190528f90c4067089_1280x720

VII рет өткізілген әлемдік додаға 45 елден 1000-ға тарта спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде еліміздің құрама командасы ересектер мен жасөспірімдер арасында топ жарып, 34 алтын, 22 күміс және 46 қола жүлдеге ие болды. Доданың бірінші жарыс күнінде өнер көрсеткен жерлестеріміз Нұрдәулет Қалшора, Шыңғысхан Тілемісов және 91 келіде сынға түскен Салават Рахимзанов қарсыластарынан қара үзіп, әлем кубогының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ елордалық кикбоксерлер Жәнібек Бұршақбаев, Әлихан Оздоев және Әділ Мырзағалиев күміс жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.

– Бұл жеңіс бізге оңай келген жоқ. Осындай жоғары нәтижелерге жету мақсатында көп еңбектендік, оқу-жаттығу жиындарына қатысып, өзара тәжірибе алмастық. Жаттықтырушымыз бен ата-анамыздың, туған-туыстарымыздың, жанкүйерлеріміздің сенімінің арқасында бүгінгі жарыста жеңіс тұғырына шықтық. Бұл біз үшін үлкен құрмет, – дейді әлем кубогының жеңімпазы Нұрдәулет Қалшора.

Сонымен қатар елордалық спортшылар әртүрлі жас ерекшеліктері мен спорт түрлері бойынша да сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Фулл-контакт бойынша сайысқа түскен Айымбек Балқыбек пен Батырхан Қуандықов үшінші орынды қанжығалады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды