Әлем індетті бірге жеңеді

0 7

Екпе жайлы қауесетке сенетін антиваксерлер қанша шуылдаса да, халқының 70 пайызы вакцинацияланған елдер індетті жеңгенін жария етіп жатыр. Әрине, олар – санаулы және дертке ең көп шалдыққан елдер. Мәселен, ауруды ұжымдық иммунитет қалыптастыра отырып алғаш ауыздықтаған Израиль және осы елдің ізін басып келе жатқан Америка мен Ұлыбритания қауіпті вируспен бір жылдан бергі күрестен соң жеңісін тойлауға жақын. Алайда пандемияны тоқтатып, әлем болып індетті жеңгенімізді атап өту үшін өзге мемлекеттер де екпе алу екпінін жылдамдата түсуі керек. Дәл қазір Қазақстан осы күресте барынша белсенді болып, елде 2,5 млн адам екпе салдырды.Қазақстандық аллерголог-иммунолог дәрігер Рафаил Розенсонның айтуынша, елде айына 2 млн адам вакцина салдырар болса, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру биыл қыркүйек айының соңында-ақ мүмкін болады. «Коронавирусқа қарсы екпе – туберкулезге, гепатитке және басқа да түрлі инфекцияларға қарсы егетін вакцина сияқты препарат. Одан несіне қорқасыздар? Өзім жылдың басында-ақ «Спутник-V» екпесін салдырдым. Дәрігер болсам да, ауру жұқтырып алам ба деген қорқыныш бәрібір болады. Ал қазір мен сабақ беретін университетте, басқа да қоғамдық орындарда емін-еркін жүре беремін. «Ashyq» қосымшасынан да қызыл түс шығып қалады деп қорықпаймын» дейді дәрігер.
Індетті жеңгенін бірінші болып әлемге жар салған Израильді алар болсақ, бұл елде вакцинация былтыр желтоқсанда басталып, осы жылы наурызда олар халқының 65 пайызына екпе салдырып болды, яғни 3 айда ұжымдық иммунитетті қалыптастырады. Пандемия басталғалы коронавирусты ең көп жұқтырған және дерттен өлім-жітім тым көп болған ел ретінде статистикалық көрсеткіштің «биігінен» түспеген АҚШ-та вакцина алғандардың саны өсіп, вирус азайып келе жатыр. Reuters агенттігінің деректеріне сүйенсек, әлемде коронавирус пандемиясының нақты аяқталу күнін болжау қиын, дегенмен Нью-Йорк билігі тамыз айында аяқталады деп отыр. Дәл сол кезде осы қалада орталық саябақта мегаполистің қалыпты өмірге оралуына байланысты жанды музыкамен іс-шара өткізу жоспарланды. Қалада Covid-19 салдарынан ұзақ айлар бойы бәрі қаңырап қалған көшелер, мейрамханалар мен саябақтарда қайта тіршілік лебі сезіле бастады. Көрші Ресейде пандемияға байланысты енгізілген шектеулер вакцина алуға тиісті халықтың көп бөлігі екпе салдырғаннан кейін ішінара алынып тасталуы мүмкін. Елдің Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко халықтың 60 пайызы вакцина алса, оған аурудан сауыққандар саны қосылса, біршама жақсы иммунитет қалыптасатынын жеткізді.
Бұған дейін әлемде ұжымдық иммунитет қалыптастыруға 18 жастан асқан азаматтар ғана қатысса, енді балалар мен жасөспірімдер де сол қатарға өтті. Себебі балалар арасында да дерт таралады және олар да вирусты өзгелерге жұқтырады. Сондықтан жаппай вакцинацияда олар да қамтылып отыр. Мысалы, Қытай Sinovac фирмасы шығарған CoronaVac вакцинасын 3-17 жас аралығындағы балаларға қолдануға рұқсат берді. Алайда әзірге вакцина қандай жағдайда және қай жастан бастап қолданылатыны белгісіз. Француз үкіметі 15 маусымнан бастап 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар коронавирусқа қарсы вакцина ала алатынын жария етті. Ел президенті Эммануэль Макронның айтуынша, 15 маусымға қарай елде 30 млн адамға екпе салынады. Солардың ішінде жасөспірімдерді де вакцинациялау туралы шешім бар. Германия бұған дейін Pfizer/ВioNTech вакцинасы Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігінің мақұлдауын алған жағдайда 7 маусымнан бастап 12 жастан асқан балалар мен ересектерге егілетінін мәлімдеген. Өткен аптада аталған агенттік балаларға вакцинаның қауіпсіз екенін айтты. Осылайша, Pfizer осы жас санатына мақұлданған алғашқы вакцина болып отыр. Бельгия Денсаулық сақтау жоғарғы кеңесі 16-17 жастағы жастарға 20 мамыр­дан бастап коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға кеңес етті.
Қазақстандық ғалымдар да балаларға дертке қарсы екпе салу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Елімізде вакцинация кезінде салынып жатқан 4 түрлі екпенің бірі – жоғарыда атап өткен Қытай Sinovac фирмасы шығарған CoronaVac екені белгілі. Ал бірақ отандық екпелерді кәмелетке толмағандар арасында клиникалық сынақта зерттеп көру тәжірибесі бізде әлі жоқ. Сондықтан елде әзірге ересектердің толық екпе алу жайын реттеп алмай, балаларды вакцинациялау жайы сөз бола қоймас.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =