Әлем чемпиондарын жеңді

0 13

Ригада шайбалы хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі ойында жеңіске жетті.Бірінші ойында алаң иелері – Латвия құрамасымен ойынның негізгі бөлігінде тең түскенімен, буллит соғуда мергендік танытып, жеңіске жетті. Ал екінші ойында қазіргі әлем чемпиондары, сондай-ақ 1995 және 2011 жылдары әлем біріншілігінің жеңімпазы болған Финляндия құрамасымен кездесті.
Осыған дейін Қазақстан мен Финляндия төрт рет кездесіп, оның бәрінде скандинавиялықтар жеңіске жеткен болатын. Сондықтан болар, Ригадағы кездесуде Финляндия хоккейшілерінің жеңетініне күмән болмаған. Алайда Қазақстан құрамасы бұл жолы әлем чемпиондарына тегеурінді қарсылық көрсете білді. Ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылмады. Ал екінші кезеңде 33-минутында финляндиялық Антон Лунделль Қазақстан құрамасының қақпасынан саңылау тауып, есеп ашты. Арада екі минут өтпей-ақ, Кирилл Панюков қарымта қайтарып үлгерді. Осылайша есеп теңесті.
Үшінші кезеңде есеп өзгермей қалды. Одан кейінгі овертаймда да нәтиже болмады. Ал буллит соғуда тағы да Қазақстан хоккейшілері мергендік танытты. Сөйтіп Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпиондарын тізе бүктірді.
Бүгін Қазақстан хоккейшілері АҚШ құрамасымен кездеседі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =