ӘЛЕМ АСТАНАНЫ ТАҢДАДЫ

0 142

Төрткүл дүниені төрінде тоғыстыратын айтулы «ЕХРО – 2017» — халықаралық көрмесі Қазақстан астанасында өтетін болды. Мұны бүкіл әлем­­нің таңдауы деп білген жөн.Күні кеше Париж қаласында өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясында, қатысушы 161 мемле­­кеттің 103-і Астананы қолдап, дауыс берді. Осылайша, ақтық бәсекеде Бельгиямен «белдескен» Қазақстанның бәсі биік түсті.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖОРАЛҒЫСЫ

Үміткер қалалар арасындағы бәсеке қызған тұста жур­на­лис­­тер тарапынан «Халықара­лық­ көрмені өткізуде қарсыласы­ңыз­­дың қандай басым тұсын мойындайсыз?» деген сауал қойыл­ған. Қазақстан Бельгия­ның халықаралық көрме ұйым­дас­­­ты­ру­дағы көпжылдық тә­жі­­­­ри­­­­бесін, алпауыт елдермен дипломатиялық қарым-қаты­насы­ның тереңдігін алға тарт­са, Бельгия делегаттары Еура­зия кіндігінде орналасқан Қазақ­станның батыс пен шығыс­ты жалғастырушы «алтын кө­пір»­ екендігіне ерекше мән бер­­ді.

«Егер, көрме Қазақстанда өт­­се, бізге басқа әлемді көруге мүм­­кіндік туатын еді» деген ішкі қалауларын да жасырмады.

Расында да, мұндай халықара­лық шара ТМД аумағында тұң­ғыш рет бізде өткізілгелі отыр.

Осы күнге дейін Азия аумағы­нан ұзын-саны 16 мемлекет көр­ме­ні өз елдерінде өткізуге ниет білдіріпті. Бірақ, мұндай жауап­ты шаруаны атқару тек Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секіл­ді жетекші елдердің ғана маңдайына бұйырды.

Бірнеше жыл қатарынан жал­пы­­ға танымал ірі аймақтық фо­рум­дарды өткізіп, сол арқылы өзі­­нің халықаралық беделін ны­ғайт­­қан Қазақстан осы үштік­­тен кейін жауапты шаруаны өз мойнына алып отыр.

ЭКСПО бізге не береді?

Экспо – елдердің экономика, ғы­лым, техника, мәдениет, өнер және өзге де қоғамдық сала­лар­дағы жетістіктерді жариялап көрсе­тетін және олардың әділ әрі ашық бәсекелесуіне арналған әлем­дік ең беделді алаң.

Көр­мені миллиондаған турис­тер тамашалайтындықтан, әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық өзін­дік ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық және технологиялық дамуының дең­гейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтыла­ды.

Көрменің есеп-қисабы миллиард­таған теңгеге шақталған. Аз ақша емес, әрине. Бірақ, өтеуі бар екенін ұмытпаған абзал.

Мәселен, көрменің Қазақстанда өткізілуі еліміздегі өндірістік қуат­тар мен ғылыми базаны жаңғыртуға, елімізге жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға ықпал етеді.

Көрме нысандары мен елорданың инфрақұрылымын жақсартуға ин­вес­ти­ция тартуға да үлкен мүмкін­дік туады.

Шараға әлемнің жүзге тарта елі­нен 5 миллиондай адам келмекші.

Бұл ең алдымен, Астанадағы ша­ғын және орта бизнесті, қонақүй биз­не­сі мен ішкі туризмді дамытуға елеулі әсер етері сөзсіз.

«ЭКСПО – 2017» арқылы біз шет мемлекеттермен саяси һәм әлеу­меттік интеграциямызды арт­ты­рып, туризмнің тасын өрге домалатамыз.
Көрме әлемді қазақстан­дықтар­дың көпұлтты мәдениетімен, көне тарихымен, өнерімен, дәстүрі­мен және қонақжай мінезімен та­ныс­­тыру­­ға жол ашып, еліміз­дің әлем­дік қауымдастық алдын­дағы танымал­дылығы мен тартымдылы­ғын арттырады.

Маусым-қыркүйек айлары аралы­ғын­да өтетін шара барысында елор­да­да дүниенің төрт бұрышынан кел­ген елдердің мәдениеті тоғысқан күн­ ретінде де есте қалатын болады.

Болашақ энергиясы»

Қазақстан жаһандық көрмеге осындай тақырып ұсынып отыр.

Бұл әлемдік қоғамдастықты тол­­­ған­дырып отырған қазіргі за­ман­ғы ең өзекті және маңызды мәсе­лелер­дің бірі.

Экологиялық таза, қауіпсіз және жаңартылатын энергия көздерін пай­да­ланудың өзектілігі жыл сайын артып келеді.

Еліміз энергияның жаңа көздерін енгізу жөніндегі Халықаралық пі­кір­таластардың белсенді қатысу­шы ретінде танымал.

Бұл тақырып ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді баламалы энергия көздерін пай­да­лану­да жаңа әзірлемелер мен техно­логияны кеңінен ұсыну­ға мүмкіндік береді. Астана осы сала­дағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиім­ді алаңға айналуы мүмкін. Көр­ме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технология­лық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді.

Қала ішіндегі қала

Халықаралық көрмелер бюросы­ның талаптарына сай көрме өткiзу­шi қала­ның әлеуетi үш ай көлемiнде кемі 3-4 млн халықты қабылдауға дәрмендi болуы тиiс екен.
Талапқа сай шаһардың оңтүстік-шығыс бөлігінде халықаралық шараны өткізуге арналған тұтастай жаңа қалашық тұрғызу жоспарлануда. Бұл мақсатқа Астана қаласы әкімдігі тарапынан 113 гектар жер бөлді. Оның 25 гектары – кешеннің өзі, қалған бөлігі автотұраққа, сыртқы құрылғыларға және EXPO – 2017 қалашығына арналған.

EXPO – 2017 алаңы Шәмші Қалдаяқов көшесі мен 1-Көпір айналмалы жолының қиылысында орналасады. Қалашық құрылысына шамамен, 1,5 млрд доллар қаржы жұмсалмақшы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, қалашық өзіндік сәулетімен дараланып, елорданың үздік брендінің біріне айналмақ. ЕХРО кешенінің ішінде 97 павильон орналастырылады деп жоспарланған. Олар киіз үй пішінінде бой көтермекші. Сонымен қатар, қалашық ішінде қонақтарға арнап мұражай, мейрамхана, қонақүй, тіпті мәдени шараларға арналған ғимараттар салынады.

Тарихтан там-тұм дерек

Техникалық және технологиялық жетістіктерді әйгілейтін халық­ара­лық көрменің бір жарым ғасырдан астам тарихы бар.

Ең алғашқы әмбебап халықаралық көрме 1851 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондондағы Гайд-паркте Альберт ханзаданың бастауымен өткізіледі. Бұл көрме тарихта Джозеф Пакстонның Хрусталь сарайымен танымал болды.

Лондон көрмесінен кейін ЕХРО дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бас­та­ды.

Көрме екі түрлі бағытта, екі түрлі тақырыппен өткізіледі. Оның бірі – «Әлемдік әмбебап көрме», екіншісі – «ЕХРО – Халықаралық мамандандырылған көрмесі». Бес жылда бір рет ұйымдастырылатын әмбе­бап көрменің тақырыбына да, ау­қы­мына да ешқандай шектеу болмайды. Ал, «ЕХРО – Ха­лық­­аралық мамандандырылған көрмесі» әлемдік әмбебап көрме­лер­­дің аралығында өткізіледі. Оның ерекшелігі қамтылатын та­қы­рыбына байланысты. Әмбебап көрменің тақырыбына еш шектеу болмаса, ЕХРО-да арнайы тақырып белгіленеді. Мәселен, «ЕХРО – 1985» Жапонияда – «Адам тұр­мы­сын жақсарту үшін ғылым мен­ тех­но­логияларды дамыту», «ЕХРО – 1992» Испанияда – «Жаңа­лықтар ғасыры», «ЕХРО – 1988» Австралияда – «Техника ғасырындағы бос уақыт», «ЕХРО – 1986» Ванкуверде – «Көлік жә­не бай­ланыс: қозғалыстағы және байланыстағы әлем», «ЕХРО – 2012» Оңтүстік Кореяда – «Тірі мұ­хит пен құрлық: ресурстардың алуан түрі және тұрақты даму» та­қы­рыбында өткізілді.

Қазір көрменің дүниежүзі бойынша 160 тұрақты қатысушысы бар. Қазақстан бұл тізімге 1997 жылы енді.

Еліміз ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып ке­леді. Испанияның Сарагоса­ қаласын­дағы ЕХРО – 2008 көрмесінің қорытындысы бойынша 104 қатысушы ел ішінде, біздің еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімделуі бойынша үшінші орынды иеленген болатын.

161 жыл ішінде әлем бойынша 63 көрме өткізіліпті. Шараны өткізуден тәжірибесі мол елдердің көшін әзірге АҚШ бастап тұр. Мұнда жаһандық көрме күні бүгінге дейін бақандай 18 рет ұйымдастырылған. Тізімді ары қарай Франция, Бельгия жалғастырады. Айтпақшы, кешегі бәсекеде Қазақстан айқын басымдықпен басып озған Бельгия да осал болмай шықты. ЭКСПО көрмесі бұған дейін Бельгияда 7 рет өткізілген екен.

Бүгінде ЭКСПО өткізген елдерде көрменің өзіндік мұралары, символдары пайда болды. Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Париждегі Александр III көпірі, Венадағы Ротонда – әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон, Мельбурндегі патшалық көрме павильоны…. Тізе берсең, тіпті, көп. Болашақта Астанада бой көтеретін ЭКСПО қалашығы осы қатардан көрінетініне кәміл сенейік.

Келесі кезек кімдікі?

2020 жылы өтетін ЭКСПО-ны өткізуге ниетті мемлекеттер аз емес. Соңғы деректерге сүйенсек, бүкіләлемдік келесі бәйге Аюттхая (Тайланд), Дубай (БАӘ), Измир (Түркия), Сан-Пауло (Бразилия) және Екатеринбург (Ресей) қалаларының арасында өткізілмекші.

Шынар ДОСАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + nineteen =