Алекс ФЕРГЮСОН: МIНДЕТIМ МЕНIҢ – ЖЕҢIСКЕ ЖЕТУ

0 127

Баспасөзде «ретро-сұхбат» аталатын тәжірибе бар. Сол таныс ізбен біз де ретроспектива түзгелі отырмыз. Жаһанның саналы бөлігі мойындаған тұлғалардың жазбаларынан жарқын-жарқын ойларын ойып алып, оқырманмен тікелей тілдескендей тәрізге түсіреміз. «Сыр-сұхбат» әлде «Сырт-сұхбат» дерсіз. Талқылауға лайық тақырыпқа қатысты біздің тараптың да пайымын сыналап кіргізіп, деңгейлі сұхбат құрастырудан дәмеліміз.Тағылымның аты – тағылым. Ол қандай пішінде ұсынылса да, бағаланар.
Бастапқы кейіпкеріміз – сэр Алекс Фергюсон. Даңқты футбол бапкері. «Манчестер Юнайтед» фанаттарының көзі тірі пірі. Оның былтыр күзде жарық көрген «Менің автобиографиям» естелігі ағылшын көркем әдебиеттік емес кітап нарығының бүкіл рекордын жаңартты. Саудаға түскен алғашқы аптасында-ақ 115,5 мың данасы сатылып кеткен. Төменде біз сүйенген мәтіннің дені – аталған шығармадағы баяндаулардан.

– Сэр, сіз футболдағы қызметіңізбен қоштасатын күні баспасөзде жарияланған мақалалар, пікірлер аяқдопқа қатысы жоқтардың өзін терең ойға батырғандай еді. Бұл – мадақ, мақтан, мойындау ғой. Ал, керісінше, өзіңіз осынша сынға ұшырап көрген кезіңіз бар ма?

– Әрине. Мысалы, 2002 жылдың қыркүйегінде басыма қара бұлт үйірілді. Бапкер жұмысының бір ерекшелігі, сенің ісің алға баспай жатқандай көрінсе, жан-жақтан шабуылдаушы, шүйлігуші көбейе қояды. Оның үстіне мен өзімді ешқашан баспасөз алдында міндетті санап көрмеппін – ешқашан журналистермен қойын-қолтықтас араласуға тырыспаппын да, оларға ешқашан қолтаңба бермеппін де, сондықтан қиын-қыстау кезеңде тілшілердің демеуіне сүйену туралы ойлануға да болмайтын. Шыны керек, «Мэйл он сандидегі» Боб Кэстен басқа ешкімді танымайды екем. Ендеше қалам ұстаған бауырлардың мені қысылшаң тұста сүйей қоюы, мен үшін күйіне қоюы – ақылға сыйғысыз еді. Иә, өзге менеджерлер арасында баспасөзбен жұмыс істеу шеберлігін меңгергендер бар екенін білем. Бәлкім, бұл қабілет оларға уақыт ұзартуға жәрдемдесетін де шығар, бірақ нағыз шыңырауға құларлықтай болсаң, кім-кім де мәңгілік қолдай бермесі анық қой.

Маусым ішінде ойыныңда сәтсіз кезең бола қалса, бітті: баспасөздің қысымы тықсырып әкетеді. Ерінбегеннің бәрі сен туралы «Ферги, уақытың өтті» дегендей бірінен бірі өткен тақырып қоюдан жарысып жүретіндей. «Өз постынан жалықпай, осынша уақыт қалайша отыра беруге болады?» сарындас әндер үдей береді, үдей береді. Мұндайда сен күліп қана қоя салуың керек, бірақ ешқашан жүрекпен қабылдамағаның абзал. Өйткені долылық – адамнан гөрі хайуанға тән сезім. Рас, осынау жылдар ішінде маған қатысты кісі қызығарлық та көптеген мақала жарияланды, сірә, журналистер біздің айтулы-айтулы жетістіктерімізді айналып өтуге батпаған шығар. Дегенмен өзіңді «данышпан» деп мойындаушылар «ақымақ» деп те айтуы мүмкін екеніне дайын болғаның артық етпейді.

Бірде Мэтт Басби «Сен неге ойының ойдағыдай жүрмей жатқан кездерде газет оқисың? Ондайда, мәселен, мен ешқашан баспасөзге көз тоқтатқан да емеспін» деді. Бірақ ол ат үстінде жүрген кезде баспасөз қазіргідей аяқ аттасаң, алдыңнан шығатындай белсенді емес-тұғын.

– Десек те, сіздің футболмен қоштасуыңызды масс-медиа аңызға айналдырып жібергендей көрінді. Соған қарағанда, өзіңіз ойлағандай, сүйкімсіз кейіпкер болмағаныңыз ғой?

– Оныңыз рас. Менің кетуім туралы жаңалық әлемнің, кем дегенде, 38 газетінің бірінші бетінен орын алыпты. Олардың ішінде «Нью-Йорк таймс» та бар. Британиялық басылымдар сол күнгі номерін 10-12 беттік арнаулы қосымшалармен шығарды.

Газеттердің мен туралы жазбалары, әлгінде өзіңіз айтып қалғандай, мадақ сарынды келді. Өзім кей ақпарат құралдарымен ілінісіп қалған кездерім де болған, бірақ ешкімге ешқашан кек сақтаған емеспін. Журналистер ұдайы қандай да бір қысымда жүретінін білемін ғой. Олар интернетпен, фейсбукпен, твиттермен және басқа көптеген әлеуметтік желілермен бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Оның үстіне редактор да төбеден төніп, мазалап бара жатса, оңай деймісің?! Ойнайтын жұмыс емес, әлбетте. Абырой болғанда, журналистер де кекшіл емес екен. Олар менің баспасөз конференцияларындағы сөздерімді дұрыс қабылдағандай көрінді. Тіпті маған сыйлық жасағандары болды. Қалайша қуанбайсың?!

– Дүниенің бәрі мін іздеген сынмен тұтасып кетсе, білікті маман не істеу керек? Психологиялық тұрғыдан сынып кеткен кезіңіз есте жоқ па?

– Сәттілікте де, сәтсіздікте де ұстанымым анық: жаттықтырушылық үдерісті алаңсыз атқара беру керек! Әрдайым биік міндет арқалаған барша жұмысымыздың мүддесі, зер-зейініміз, талабымыздың үдесі, бүкіл іс-әрекетіміздің үйлесімі сенбілік ойыннан көрінетін. Егер «Юнайтед» ойыншысы ойға алғанынан бірнеше рет мүлт кетсе, жынданып кете жаздайды. Ол үшін бұл – жан төзгісіз кемшілік. Алайда ең-ең үздіктердің өзі кей-кейде сенімсіздікке жол беруі мүмкін ғой. Тіпті Кантонаның өзі өз күшіне сенбей қалатын кездері болатын.

– Ағылшын Премьер-лигасының тарихында 5-5 есебі алғаш рет сіз футболмен қоштасатыныңызды мәлімдейтін күні тіркелді. Аяқдоп атаулыға мүлдем жат есеп – бұл. Дегенмен де әдемі сандар. Осы күнгі көңіл-күй, әсеріңіз қалай болды? Жиырма жеті жыл табан аудармай жүрген, күллі әлем жанкүйері әспеттеген команда жетекшілігінен өз еркімен кету – білуімізше, тәжірибеде кездеспеген жайт.

– Автобустан түсіп, «Вест Бромвич» алаңына жеткенге дейінгі әр секундты зердеме жақсылап зерлеп қалуға тырыстым. Аса мазасызданған жоқпын, өйткені бапкерлікті доғаратын уақыт жеткенін сезіндім, кетуім керектігіне сендім. Осынау ойыннан бір күн бұрын ойыншылар маған естелікке бірнеше сыйлық әзірлеп жатқандарын айтқан. Солардың арасынан ең жан толқытарлығы 1941 жылы жасалған «Ролекс» еді. Сағаттың тілі үштен үш минут кеткен тұсқа тураланыпты: бұл 1941 жылы 31 желтоқсанда дәл менің дүние есігін ашқан сәтім екен. Сыйлық идеясы «МЮ»-дің басты сағатсүйері Рио Фердинандтың ойына келген көрінеді.

– Командаңызда бір кездері саны жөнінен жиырмадан аса ұлттың өкілдерін баптаған екенсіз. Қай-қай талаппен қарағанда да, нағыз әлемдік құрам. Түрлі ұлт футболшыларының көңілін табуға талпынып жүріп, өз халқыңыздың құндылықтарынан ажырап, оның рухынан жырақтап қалдым деп ойламаймысыз? 

– Шотландтардың рухы биік. Егер оларға отанынан кететіндей күн туса, тек өсу, өрлеу үшін, айтулы жетістікке жету үшін ғана кетеді. Біз өзіміздің өткенімізді өшірмеуден бұрын ертеңгі күні еңселі бола түсуімізге көбірек мән береміз. Әлемнің әр нүктесіндегі шотландтар, әсіресе, АҚШ пен Канададағылар осындай ұстаныммен өмір сүреді. Мұндай өршілдік менен де табылады. Рас, біз де – әзілқоймыз. Алайда жұмыс кезінде алдымызға қойылған міндетке аса қатты алаңдаймыз. Өз басым жауапкершілікті ең құнды қасиет санаймын. Өзгелер маған «Сенің ойын барысында жымиғаныңды көрмеппіз» дегенді жиі айтады. Оларға берер жауа­бым әзір: «Мен мұнда күлу үшін емес, жеңу үшін жүрмін».

– Ғұмырыңыздың ең саналы, парасатты кезеңін берген сүйікті кәсібіңізбен қоштасу туралы шешім аяқ астынан келе қалмаған болар?

– Иә. Зейнеткерлікке шығуыма байланысты көңіл-күйімді түсірмеуге алдын-ала бекіндім. Қолыңнан келетіні сол ғана ғой. Әйтпесең жасы сексенге ауған адам өзін күйрете салуы оп-оңай. Тәнің де, жаның да ауыра қалуға бейім кез. Сондықтан мен күнделікті күйкі күйбеңге түсіп кетпес үшін, ұдайы жаңаша талпыныстар іздеп жүремін.

Зейнеткерлікке кететінімді клуб қызметкерлеріне естірту бәрінен қиын болды… Алыпқашпа қауесеттер ресми мәлімдемеден бір күн бұрын шыға бастады. Біз бұл жайтты аса құпия жағдайда ұстауға тырысқанбыз. Мен тіпті туған бауырым Мартинге де ләм-мим ым білдірген жоқпын. Себебі, Нью-Йорк қор биржасындағы жағдаймен де санасу керек еді.

– Бәріміз адам болған соң, өмірде бап және бақ сынды санаттар болған соң, шалыс баспау тым қиын. Соған қарамастан, сіз ең танымал команданы ширек ғасырдан аса баптадыңыз. Мұның сыры неде? Жеңіліс жиілеп кететін кездерде қандай тәсілдерге жүгінетін едіңіз?

– Жеңіліс ем-дауа атаулының ішінде ең керектісі сезілетін кездер болады. Тек оны қабылдай білген ләзім. Бізде мынадай тәмсіл бар еді: «Бұл «Манчестер Юнайтед» тарихындағы кезекті күн ғана». Басқаша айтқанда, қандай да бір сәтсіздіктен кейін сен әлгіден әлдеқайда қуатты қарымта соққы әзірлеуге тиіссің. Мәселен, біз ең соңғы минуттарда қолдан шығарып алған жеңістен кейін іле-шала 6-7 кездесуді қатарынан ұтатын кезіміз жиі еді. Бұл кездейсоқтық емес.

Әдетте дүйсенбі күні жұмысқа жинақталған жанкүйерлер өткен сенбі не жексенбідегі ойынның әсерінен айыға алмай жүреді. 2010-ның қаңтарында бір жігіт маған «Билетке төлеген 41 фунтымды қайтарыңыз. Сіз спектакль қоямыз деп уәде бердіңіз. Жексенбідегі ойыннан мен спектакль көре алмадым. Ақшамды қайтара аласыз ба?» деп жазып жіберіпті. Былай деп жауап бергенді жөн көрдім: «Жарайды, менің кейінгі 24 жылдағы еңбекақымнан 41 фунтты санап аларсыз». Неге бұлай деп отыр дейсіз бе мені? Сен «Реал» мен «Ювентус­ты» ұтып жатасың. Ал сенен ішкі біріншіліктегі кезекті бір сүреңсіз ойынға кеткен шығынын өтеуді талап етеді. Жер бетінде ойын барысына қан жүгіртуде «Манчестер Юнайтедтің» алдына түсетін құрығанда жалғыз команда табылар ма екен?!

– Жалғыздыққа қалай қарайсыз? Оңаша қалу тың ойларға жетелей­тін шығар?

– Бапкерді әркез әй жоқ, шәй жоқ күйреп қалу қаупі алаңдатып жүреді. Көп уақытын өзімен өзі өткізеді. Өзін өзі іштей жеп жіберуі де мүмкін. Сондықтан ол ара-арасында өз ойларымен оңаша қалып қоймау үшін тіпті не істеуге болса да, дайын тұрады.

Кей кештерде мен кабинетімде ішім пысып, жалғыздан жалғыз отырам да қоям. Қырсық қылғандай, бөлмеме ешкім бас сұқпайды, өйткені мені бос емес деп ойлайды. Ал мен біреу-міреу есігімді қағып кіріп келсе екен деп отырғанымды кім білсін?! Сондайда маған Рене Меленстен немесе Мик Фелан бір кесе шай ішуді ұсынса екен деймін. Өкінішке қарай, ешкім көрінбейді. Сөйтіп, кейде өзіңмен сұхбаттас іздеуге, өзгелердің кеңістігіне кимелеп кіруге тура келеді. Бапкер, қаласын-қаламасын, оқшаулықпен жиі-жиі беттеседі. Сіз адамдармен тілдескіңіз, сырласқыңыз келеді, алайда барлығы сізді маңызды шаруалармен басы қатып жүр деп ойлап, аяғыңыздың астына оратылудан қашады.

– Сырт көзге футболдан өзгеге мойын бұрмастай көрінесіз…

– Футболдан көңіл аудармай тамашалайтын жанкүйерлер мен туралы, бәлкім, «Манчестер Юнайтедтен» өзге көрген-баққаны жоқ деп ойлайтын шығар. Бірақ уақыт өткен сайын негізгі жұмысым көбейе түскенімен, бойымды, ойымды сергек ұстауға септесер өзге де жан қалауынан ажыраған жоқпын. Кітап сөрелерім әдебиеттің неше түрінен сіресіп тұр, үйдегі жертөледен жақсы-жақсы шараптың неше атасын таба аласыз.

– Сэр, білуімізше, кітаптың да, шараптың да жөні бөлек. Бірақ қай-қайсысы да қажып кеткен кездеріңізде ойдан ойға алып қаша бермей ме?

– Менің ат жарыстарына қызығушылығымды білетін шығарсыздар. Кэррингтондағы кезекті күнім тәмамдалған соң немесе кезекті кездесуімізден кейін өз басым осы атаған жан қалауымның әлеміне сүңгіп кетем. Менің негізгі кәсібімнің сыртындағы әуестіктерім «Юнайтедтегі» ісімді ілгерілете түсуге әжептәуір септесті деп батыл айта алам.

Саяси көзқарастарымда айта қаларлықтай өзгеріс болған жоқ. Әдетте белгілі бір еңбек өтіліне, жиған дәулетіне қарай адамның ұстанымдары өзгеріп жататыны бар ғой. Бірақ мен дүниетанымдық қабылдау амалдарын, жүйелі-жүйелі құндылықтарды идеологиялық көзқарастардан әлдеқайда тереңірек сіңіруді жастай игергенмін.

Мен Лейбористік партияның үй күшігі секілді әсер қалдыратын, оның жайған барлық дастарханынан дәм тата беретін, сайлау атаулысының басы-қасында жүретін саяси белсенді болған жоқпын. Дегенмен парламентке лейбористер атынан сайланған депутаттарды ұдайы қолдап келемін. Жұбайым Кэти «саясатқа сәл бет бұрсаң болды, ол сенімен сіңір жалғастырып кетуге әзір» дегенді жиі қайталаушы еді. Саясаткерлер сені өздері үшін уақытын қия беруден танбайды деп ойлай бастайды. Социалистік ұстанымдар мен Лейбористік партияға сенім білдіру бір басқа да, саяси амал-қарекеттердің белсенді қатысушысы болу мүлдем басқа нәрсе ғой. «Юнайтедтің» жаттықтырушысы ретінде менде бұлардың ең төменгі талабын орындауға уақытым мүлдем ауыс­пайтын.

– Сіз туралы ақпараттарға назар салып жүрсек, өзіңізбен ел Премьер-министрлері санасатынына қанықпыз…

– Өз мемуарларында Тони Блэр премьер-министр кезінде Гордон Браунды (Ұлыбританияның Блэрден кейінгі үкімет басшысы) қызметтен босату туралы менімен кеңескенін жазыпты. Менің есімде қалғанына келсем, ол нақты Браун жөнінде ештеңе сұраған жоқ. Оның сұрағы менің қол астымдағы футболшы-супержұлдыздар және оларды өзім қалай бағындырып ұстайтыным туралы қойылды. «Менің жұмысымда ең бастысы – бақылау. Егер олар менің билігіме араласа бастаса, бірден құтыламын» деп жауап бердім. Сонда ол Гордон екеуінің арасында әлдебір шиеленіс бар екенін айтып қалды, бірақ тікелей ештеңе деп сұраған емес. Мен олардың жеке ісіне араласқым келмегендіктен, әлгіндей жалпылама кеңес берумен шектелдім.

Айтпақшы, 1997 жылғы сайлауға бір апта қалғанда біз Тонимен Манчестердегі «Мидлэнд» отелінде бірге тамақтандық. Сонда Тониге былай дегем: «Егер сіз үкіметті бір бөлмеге қамап қоя алсаңыз, онда бәрі жақсы болады, ешқандай мәселе туындамайды. Қиындық үкіметте әркім өз алдына әрекет жасайтындығында, өз қалауына қарай одақ құратындығында және өзі ұнамды журналистермен қарым-қатынас нығайтатындығында». Тони мені мұқият тыңдап отырды. Билікке ие кез келген жанның кемшілігі бар. Ел басқару дегеніңіз – ұлан-ғайыр жауапкершілік. Ол белгілі бір жағдайларда жалғызсырауға жеткізеді, мұны мен өз басымнан жақсы сезінгем. Билігі бар адамның төңірегінде өзгелер аттап басқысы келмейтін бос кеңістік болады. Тони жас жігіт екеніне қарамастан, сол зор міндетті арқалауға тәуекел етті.

Менің бір ұққаным: өмірде әркез қиын жолды таңдау керек. Дәл сол сәтте мұныңызды көпшілік қолдай ма, жоқ па, ол – кейінгі кезектегі мәселе.

Дайындаған: Ерболат ҚАМЕН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + twelve =