Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш

0 70

Көбіне, көпшілік қауым дауларды сотқа жеткізбей шешудің тәсілдерінен бейхабар. Ортақ келісімге келіп, тиімді тұстарын белгілеп, екі жақ қол алысып бекітетін құжаттардың барын да біле бермейді. Дауласушы тарап бірден құжаттарын жинап, сотқа қарай ұмтылады. Ол өз кезегінде уақыт, қаражат тапшылығымен ұштасатын қиындықтарға әкеп соғады.

Осы орайда, кез келген даулы мәселені сотқа жеткізбей реттеудің мүмкіндігін айта кетсек дейміз. Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру болып танылады. Ал дауларды сотқа жеткізбей шешудің қандай жолдары қарас­тырылған? Дауды соттан тыс реттеуге үшінші тұлғалардың (нотариус, медиатор, адвокат, омбудсмен, төрелік) қатысуымен рұқсат етіледі. Дауды сотқа дейін реттеу мәмілеге қатысушылардың шағым келтіру тәртібімен, сондай-ақ заңда тікелей көзделген жағдайларда шешіледі. Соңғы уақытта бірқатар заңнамаларға енгізілген жаңашылдықтар даулы мәселенің сотқа дейінгі тәртіппен шешілуін міндетті түрде талап етеді. Дауласушы тарап сотқа арыз тапсырмас бұрын сотқа дейін және соттан тыс тәртіпті сақтауы қажет.
Дауларды сотқа дейін реттеу – жанжалдарды реттеудің неғұрлым өркениетті және тиімді құралы болып табылады. Бұл тәсіл тараптардың өзара әрекеттері келіспеушіліктерді сот органдарының араласуынсыз шешуге мүмкіндік береді. Соттан тыс реттеудің тағы бір тәсілі ретінде еңбек инспекторының жұмыс берушіге еңбекақыны төлеу туралы нұсқамасын келтіруге болады. Бұл құжат атқару құжаты болып табылады. Даусыз талаптар бойынша қарызды өндіру атқару жазбасын рәсімдеу арқылы жүзеге асырылады. Ол Нотариат туралы заңда бекітілген. Нотариустың атқару жазбасы нотариалды куәландыру негізіндегі міндеттерді орындау, жазба шарт, нақты қолданылған қызмет түрлері бойынша жария келісім-шарт негізінде қарызды өндіріп алу, еңбекақыны өндіріп алу және тағы басқа шарттарды орындау үшін беріледі.
Атқару жазбасы атқару құжаты болып танылады және соттан тыс тәртіппен шешілуге жатады. Ал енді соттан тыс шешілмеген мәселені сотта ымыраға келу жолымен шешу мүмкіндігі де заңмен қарастырылған. Судья сотта тараптарды татуластыру үшін шара қолданады, сот процестерінің барлық сатысында дауды реттеуге көмектеседі. Тараптар болса дауды өзара бітімгершілік келісіммен, дауды медиация тәртібімен реттеу арқылы және партисипативті рәсімді қолдану тәртібімен шеше алады. Дауды татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы реттеу туралы өтінішті сотқа қатысушы тараптар талап арыз өндірісінің кез келген ісі бойынша бере алады. Мысалы, биылғы жылғы 9 айда астана соттарында 415 азаматтық іс бітімгершілік келісімге келумен, 2 220 іс медиация тәртібімен, 3 іс партисипативті рәсіммен қаралып, аяқталған. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан халыққа тегін қыз­мет көрсететін Татуластыру орталығының жұмысын атап өтпеуге болмас. Себебі даулардың басым көпшілігі сотқа жетпей, осы орталықта оң шешімдерін тауып жатыр. Жыл басынан 2294 өтініш орталықта қаралып, 695-і сотқа дейін реттелген. Татуласу орталығының медиаторларымен жалпы сомасы 207 миллион 640 мың 546 теңгені құрайтын ақшалай даулар реттеліп, тараптар өзара тиімді келісімге келген.

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы соты ақпараттық
қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + three =