Алдын ала ем алған ауырмайды

0 114

Қазан айы – тұмаудың өршитін кезеңі. Осыған байланысты алдын ала профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Бұл туралы Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры Сархат Бейсеновамен тілдескен едік.

– Сархат Сағынтайқызы, Астана қаласы бойынша жіті респираторлық вирусты инфекциямен ауырғандардың жалпы саны қанша?

–Астана қаласында ағымдағы жылдың 27 қыркүйегі мен 12 қазан аралығында жіті респираторлық вирусты инфекциясымен ауырған 3784 оқиға тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіші 512,9 құрады. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, сырқаттану 1,2 есеге төмендегені байқалады. Тұмау ауруымен тіркелгендер жоқ.

Жалпы, қоғамдық және жеке тазалықты сақтаумен бірге тұмаудың алдын алу шаралары өткізілуде. Тұмаудың алдын алу бойынша барлық жұмыстар Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы және департаментпен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде.

– Өзіңіз басқаратын мекемеде қадағалау жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінде күн сайын тұмау және ЖРВИ таралуына мониторинг жүргізіледі. Жұқтыруды анықтау, оған уақтылы ем қабылдау үшін балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, орта білім беру мекемелерінде аурудың тіркелуіне баса назар бөлінеді. Жаңа заманауи диагностикалық әдістерімен тұмауға зертханалық зерттеу жүргіземіз. Тұмау және басқа да ЖРВИ-дің асқынған түрлерімен ауырғандарды ауруханаға жатқызу үшін қолданыстағы ауруханаларды қайта бағдарлау жоспары дайындалды.

– Қандай дәрі-дәрмек ұсынасыздар?

– Науқастарды емдеу үшін қаланың денсаулық мекемелерінде вирусқа қарсы тамифлю және реленза дәрілерінің қоры бар. Сонымен қатар алдағы уақытта ингавирин дәрісін сатып алу жоспарлануда.

– Тұмауға қарсы иммунитеттеу жұмыстары ақылы ма? 

– Қазан айынан бастап халықты ақылы негізде маусымдық тұмауға қарсы иммунитеттеу жұмыстары басталды. Елордада 15 егу пунктері жұмыс істейді. Оның ішінде №1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8 қалалық емханалары және «Open Clinik», «Интертич», «МедЛайн», «Медикер», «Фармаком» КФК ЖШС, «Интертич Астана Медициналық Ассистанс», «Медикал Ассистанс групп» ЖШС медициналық орталықтарының базасы бар. Мекемелер мен кәсіпорындарға барып вакцинация жұмыстарын жүргізетін егу бригадалары құрылды.

– Шара барысында қанша адам алдын ала егілді?

– Бүгінгі күні тұмауға қарсы 9040 адам егілді, оның ішінде 2811 бала, 6229 ересек адам бар.

– Сонымен, бұл маусымда қанша доза вакцина сатып алынды?

– «Қауіп-қатер тобындағы» тұлғаларды тұмауға қарсы иммундау мақсатында жергілікті бюджеттің есебінен 5 120 000 теңге бөлінді. Тұмауға қарсы 7438 доза вакцина (Ваксигрипп) сатып алынды. Ақылы негізде және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 66 000 доза мөлшерінде сатып алу қажеттігі туындау мүмкін.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 16 =