«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алдау. Арбау. Алаяқтық

0 470

Бүгінгі қымбатшылық қос бүйірден қысқан қатыбас нарық заманында қолындағы азын-аулақ тиын-тебенін еселеп көбейтемін деп алаяқтарға алданып қалып жатқандар аз емес. Астана қаласында 2016 жылы қаржы пирамидасы бойынша 9 қылмыстық іс қозғалса, 2017 жылы осындай «заңсыз инвестиция тартумен айналысты» деген күдікпен «Единый выбор», «Бест Вэй» (Best Way), «Свой квадрат», «EmpyReal Profit» және «Dream Life» ЖШС-ы жауапқа тартылды. Ал 2018 жылы әнші Амангүл Өтегенованың бір ғана «Ақжайнақ» ұйымынан жүздеген адам зардап шеккен. Бұл өзі ертегідегі алты басты аждаһадай бір басын кессең, екіншісі шыға беретін жаны сірі пәле ме деп қаласың.

Кінәлі адам ба, заман ба?

Елорда тұрғыны Ақылбек Есмұратов 2017 жылы «Questra World» деген шетел компаниясына көршісінің қолқалауымен басында бір мың доллар ақша салып, оны үш айдың ішінде қайтарып алғандай болғасын (өйткені ақшаны қолына алмаған тек есепшотына түскенін көрген) жер учаскесі мен автокөлігін сатып сол компания­ның есебіне тағы да он мың доллар аударған. Енді қазір бұл азамат сол сайда саны, құмда ізі жоқ компаниядан шеккен зиянын айтып, заң орындарын жағалап жүр.
Елордада Ақылбек сияқты бала-шағасының аузынан жырып беріп, артық жасаймын деп тыртық жасап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандар бірнеше жүздеп саналады екен.
Астана қаласы Полиция департаментінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Жандар Болатбектің  айтуынша, кейінгі кезде алаяқ­тық пен алдау­дың адамның өңі түгілі түсіне де кірмейтін бірнеше түрі шыққан. Мәселен, 90 жылдары көрші Ресейде атышулы «МММ» қаржы пирамидасын құрып, миллиондаған адамға зардап шектірген, сөйтіп, ғасыр алаяғы атанған Сергей Мавродидің атын жамылушылардың аяқ астынан қылаң беруі халыққа ашық аспанда найзағай ойнағандай әсер етті.
Алдау былай: сіздің ұялы телефонызға бейтаныс біреу қоңырау шалып, «Сіз бір кезде «МММ» компаниясына ақша салған екенсіз. (Сондай адамдарды арнайы іздеп тауып алатын болса керек) Сол ақшаңыздың жылдар бойы өсімі көбейіп, бәлен мың долларға (мәселен, 20 мың доллар) жетіпті» дейді. Сізді нақты сендіру үшін басқа да неше түрлі айла-шарғы ойлап табады.
Сіздің сенгеніңізге көзі жете бастағанда «алу үшін осы жинақталған ақшаның 10 пайызын «Western Unin» шотына аударыңыз дейді. Сіз аудардыңыз. Болды. Ақша да жоқ, алаяқты да таба алмайсыз.
Анықталып отырғанындай, осындай бірден мол ақшаға кенелетіні туралы «ертегіге» елітіп, жас балаша сене қалатындардың көбі орта жастан асқан адамдар көрінеді. Тіпті, зейнет жасына жетіп, «әлдеқандай күн болады» деп сақтап отырған бар жиған-тергенін салып жіберіп, сан соғып қалған бір апай «үкімет ондайларға неге тыйым салмайды?» деп кінәні өзінен емес басқа жақтан іздеуге тырысады.
Ал екінші бір елордалық зей­нет­кер Нұрғиса апай өзінің «Questra World» қаржы пирамидасына жұтылған ақшасын заманның қытымырлығынан көреді. «Бәрі жетісіп тұрса, нем бар? Қызыма аз да болса, көмектесейін деп ақша сала қойып едім ала алмай қалдым. Ұйымдастыру­шылар «Қазір тексеріс жүріп жатыр. Бәрі реттелгесін ақшаларыңызды екі есе етіп қайтарып береміз» деп сендірді дейді.
Қалай десе де аты айтып тұр­ған­­­дай, пирамида деген – асқан құй­тырқылық. Мұнда сіз өзіңіз осы ұйыққа тартқан адамдардың ақшасынан ғана пайда көре аласыз. Ешбір алаяқ сізге қалтасынан суырып ақша бермейді. Сондықтан сіздің өзіңіз ғана емес, айналаңыздағы жақын адамдарыңызға да орасан зардап шектіресіз.

Аңғалдықпен аһ ұрғандар

Қарапайым өмірде ап-айқын көрініп тұрған нәрселерді түсіне алмайтын адамдар болады. Рас, қазақтың ең бір жанды жері – баспана. Жылдар бойы пәтерден-пәтерге көшіп, ығыр болған отбасы шағын болса да бір құжырам болса деп армандайды. Армандау айып емес, оған ұмтылу да құптарлық жағдай. Дегенмен, «кезегіңді елден бұрын жылжытып беремін», «Әкімдікте дөкей танысым бар, сол көмектеседі» деген қисынсыз әңгімелерге сене қалып, жылпостардың қолына бірнеше мың доллар ақша ұстата салатындарды қалай түсінуге болады?
Жеңіс даңғылының бойында алты баласымен бірнеше жылдан бері жатақханада тұратын Сәндігүл Ермекова бір қонақтықта «Р» есімді әйелмен танысады. Бір көргенде кішіпейіл де қарапа­йым, мәдениетті көрінген келіншекке бұл шүйіркелесе келе бар сырын жайып салады.
«Жағдайыңыз қиын екен. «Алты жылдан бері үй алу кезегінде тұрмын, жылжымай қойды дегенше, әрекет етпейсіз бе? Қаласаңыз, мен-ақ көмектесейін. Қалалық әкімдікте ықпалды танысым бар» деп тұрмыс­тан қағажу көріп жүрген жанның тамырын басып көреді. Ал бұл болса:
– Қыздарым бойжетіп қалды, барлығы бір бөлмеде сабақ оқып, бір бөлмеде киініп-шешінеді. Егер қол ұшын бер­сеңіз, еңбегіңізді же­меймін, – деп оның ыңғайына қарай құ­лай кетеді.
Ал оған керегі де сол еді. Тұза­ғына түскен келіншекті одан әрі сендіру үшін қалалық әкімдікке ертіп барып, мемлекеттік бағ­дарламамен үй беру жөнінде өтініш жазғызып, екеуара жалған келісімшартқа отырады. «Бұл әкімдіктегі тұрғын үй кезегіне жауапты адам, сені тізімнің басына қойдық» деп бір сыбайласын көрсетіп, еңбегіне бес мың доллар сұрайды.
Кейін де тап осындай әдіспен он жеті адамды тақырға отырғыз­ған алаяқ зым-зия жоғалады.
«Бұл жерде адамдардың құ­қық­тық сауатсыздығы жатыр» дейді тергеуші Жандар Болатбек. – Тұрғын үй қорынан кезектен тыс үй алып беру ешкімнің қолынан келмейді. Мемлекеттік бағдарламамен үй алудың кезегінде тұрғандардың тізімі ап-айқын барша жұрттың көз алдында. «Оны біреу келіп жыл­жытады, сізге кезектен тыс пәтер беріледі» дегенге илану қиял-­­ғажап ертегісінің оқиғасына сенумен пара-­пар.
Енді мына қызықты қараңыз, жаңағы «жарылқаушы» келіншек он жеті адамға есімін он жеті түрлі айтқан. Біріне «Розамын» десе, екіншісін «Раушанмын» деп танысқан. Ал түптеп келгенде, бірде-бірі оның жеке бас құжатын тексермеген.
Рас, алаяқтар да тегін адамдар емес. Олар белгілі бір дәрежеде психолог, адамның көңіл-күйіне қарай құбыла білетін икемді кісілер болып келеді. Деген­мен, «тегін ірімшік тек, тышқан­қақ­панда болатынын» ескермеудің арты аһ ұрумен тынатынын тү­сін­бей тағы болмайды.

Ғаламтор арқылы қалта қағу

Өткен жылдың соңында елордада спорт болжамдарына ақша тігіп, 150 адамды сан соқтырған ақтөбелік сужұқпас ұсталса, осы жылдың басында арзан бағамен әйелдердің қымбат құндыз тондарын саудалап, оны үйіңе әкеліп беру үшін kiwi-әмиянға алдын ала төлем жасауды сұрап, ақша түскеннен кейін ізін суытқан қос­танайлық 23 жасар бойжеткен қолға түсті. Ол ұзын-саны жиыр­маға тарта адамды құрығына іліктіріп, зар жылатқан.
Міне, осындай ғаламтор ар­қы­лы жасалатын қылмыстар бүгінде бас қалада да етек алып барады. Интернет-дүкендерде сауда жасау көпшілікке, жалпы, жастарға ыңғайлы болғанымен, кейінгі кезде осы жетістіктерді қылмыскерлер де жеке басы үшін еркін пайдалана бастады.
Астана қаласының тұрғыны Мейрам Ермеков «Митсубиси галант» көлігіне интернет-­дүкеннен қосалқы бөлшектер алмақшы болып, 240 мың теңге ақша аударған екен, сол ақша аударған адамдарын қайтіп таба алмай қалған. Мұндай жағдайда полиция да дәрменсіз болып шықты. Өйткені тап сол интернет ресурс көрші Ресейде тіркелгені анықталып, сұрау салынғанымен, мардымды жауап алынбады.
Мұндай жағдайда не істеуге болады? Әрине, интернет-­дүкендер арқылы сауда жасау са­лыс­тырмалы түрде алғанда арзан­дау әрі уақыт үнемдеуге де пайдасы зор. Сондықтан бұл игілікті адамдарға тұтынба деп ешкім айта алмайды. Тек сол керегіңізді іздеген сайтыңыздың мекенжайын арнайы сервистен тексеріп алғаныңыз жөн. Егер сайт жақында құрылған болса, мемлекеттік кіріс комитеті арқылы анықтауға болады. Бұл белгілі бір дәрежеде уақытыңызды алғанымен, есесіне, ақы адал қаржыңызды құныққандардың құлқынынан сақтайсыз.
Кейбір мамандар «нақты көзі­ңіз жетпесе, ғаламтордағы сауда-­саттыққа жақындамай-­ақ қойға­ныңыз жөн» деген де кеңес­тер айтады. Неге десеңіз, әлеуметтік желілерде сандаған құйтырқы жарнамалар беріп, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қып құтыртып жататын нағыз алаяқтардың өзі болуы мүмкін.
Компьютерлік технология­лардың дамыған заманында алаяқтықтың түрі де, айла-шар­­ғысы да көбейіп барады. Осы­ған байланысты адамдарға пси­хологиялық, материалдық және моральдық ауыр зардаптар шектіретін осы қылмыстың алдын алу үшін құқық қорғау қызметкерлері барлық мүмкіндіктерді қарастырылып, Қазақ­станның Қылмыстық кодексіне арнайы бап та енгізілді.
Шыны керек, жаңа жылдан бастап, ұялы телефондарды міндетті түрде тіркеудан өткізу туралы хабарламаларға көптеген адамдар «адам құқын шектеу, бостандыққа, еркін жүріп-тұруға кедергі келтіру» деген сыңайда наразылық білдіріп жатты. Ал Астана қаласы Полиция департаментінің тергеу­шісі, полиция аға лейтенанты Жандар Болатбек: Бұл қазіргі осы көрініс беріп отырған алаяқтықпен күрестің бір жолы екенін айтады. «Кез келген жат ойлы адам sms карта сатып алып, қажет адамына қоңырау шалып, сұрқиялық жұмысын бітіргеннен кейін sms картасын жойып жібереді. Содан кейін оны тауып көр. Міне, кейінгі кезде біздің қолымызды байлап келген қиындықтың бірі – осы. Сондықтан тіркелмеген ұялы телефондарға қызмет көрсетілмеуі керек деген ұсынысты халықтың қауіпсіздігі үшін қолдау қажет» дейді.
Адамдардың сеніміне кіріп, алдау, арбау қай кезде де, қай қоғамда да болған. Дегенмен, халықтың немқұрайдылығы басым жерде олардың белсен­ділігі артатыны көрініп отыр. Сондықтан қашанда қырағы­лық танытып, барлығын да заң аясында шешуге тырысқан жөн. Сонда сізден алаяқтар да айналып жүретін болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды