АЛДАҒЫ СТРАТЕГИЯ АЙҚЫНДАЛАДЫ

0 96

Ертең елімізде осымен екінші мәрте «Жас Отан» жастар қанатының республикалық съезі өтпек. Қарашаның басынан талқыға түскен делегаттар тізімі жақында 5-ші аймақаралық жастар бірлестігінің жиынында мәлім болды. Мыңға жуық қатысушылар арасында ашық түрде сайлау өтіп, аты озғандардың есімдері аталған болатын. 14 облыспен екі қаладан және жекелеген ұйымдардан қатысушыларды бастап келетін өкілдер мен жалпы қатысушы қыз-жігіттер саны 9 мыңды құрайды, – деп топшылап отыр ұйымдастырушылар. Үміткерлер түрлі салада қызмет етеді: дәрігерлер, педагогтар, кәсіпкерлер мен спортшылар да бар.  

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қай кезде де үлкеннің ақы­лын қорек етіп, жастық жігерді ту қы­лып, қажыр-қайра­тын елінің жарқын болаша­ғы үшін сарп ету­ге дайын кенже буын қай қоғам­нан болсын көрініс тауып кел­ген. Алысқа бармай-ақ, өз тари­хы­мызға үңіліп қарайық: имам ағзам атанғанда біздің маз­хабы­мыздың ұлық имамы Абу­ Хани­фа он жаста болған; шар­шы топтан суырылып шығып Ша­рыш­тың басын алғанда Абылай он жеті жаста болатын; Абай он үш жасынан ел ісіне араласа бас­­та­ған; кешегі Алаш арыстары да жиырмаға жетпей бірі ел бастап, бірі ғылымның тұңғиық тереңі­не құлаш ұрғанын тағы білеміз. Мұндай қанжіліктіліктің жібек жібі үзілмей жетіп, бүгін­гі жінтікті ұрпақтың да жіге­рін жанып жатқанына жақы­нда куә болдық: Шығыс Қазақстандағы жастардың ресми-бейресми ұйым­дары бірігіп, облыс бас­­шы­­лары­на студенттерге депу­тат­­­тардың көмекшісі ретін­де (ақысыз) қызмет атқару­ға мүмкіндік беруін сұрап хат жолдаған. Бабасы он үшінде бас­пын деген елдің баласы жиыр­­масында жаспын деп жатса жегі құрттай жаныңды кеулемей ме бұл тексіздік. Бұған да тәубе делік! Әрине, айтқалы отырғанымыз бұл емес-ті. Алыс­ты бір шолып, ескі күнді еске са­лып, рухани сабақтастықты са­ра­лап баққан түріміз ғой.

Съездегі мақсат айқын: онда бүгін­гі таңда жастарға қатысты кезек күтпей шешілуі тиіс мәсе­лелер ортаға тасталады, ат­қа­рыл­­ған істер мен алынған асу­лар­ жайлы есеп беріледі. Ел­­ба­­сы бұл жиынның мәртебелі қона­­ғы болады. Сөз сөйлеп, «Жас­ Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегия­сына негізі боларлық нақты ұсыныстарды тыңдайды. «Жас-тар – Отанға!», «Жастар­ кадрлық резерві», «Еркін пі­кір»­, «Дипломмен – ауылға!», «Қа­зақ­ша сөйлесейік!» – бұлар «Жас Отан» мүшелерінің, жас мамандарының жасаған арнайы жобаларының атаулары. Көбі қа­­зір­дің өзінде қолданыста. Съез­­дің бас-ты жаңалығы да сол­ стратегияның талқылануы болмақ.

Алдыңғы съезд осыдан 4 жыл бұрын болып өткенін естеріңізге сала кетейік.

Бұл стратегия жастар саясатына тың жаңалықтар әкеледі деп күтілуде. Жастардың жайы түзелсе, елдің болашағын бұлдыратқан бұлт сейілетіні анық.
Бұл жиынға «Арман! Еңбек! Сенім!» деген ұран беріліпті. Дұ­рыс алынған ұран. Ауылдан жастардың бір тобы арман қуып қалаға келетіні рас қой. Рас. Арманға жету үшін білім керек, диплом қажет. Диплом қол­ға тиісімен бақытты өмір басталардай, аш қарынға қарамай армандарын заңғар биігінен бір сәт түсірмейтінін қайтерсің. Сөйтіп, межелі күнге жеткенде жұмыс таппай сандалады жастар. Қызыл дипломының көк тиын құны болмай қалғанына қатты қапаланғандарды да көзіміз көрді. «Мұндай боларын білсем екінші курс-тан соң-ақ жұмысқа шығып кететін едім» дегендерді де естігенбіз. Екі курстық білім жас маман еліміздің кетілген бұрышына кірпіш болып қалануға жарай ма? Жарағанмен сол маман «қаланған» іргеңнен жел аңырап тұрса не бетіңді айтасың? Ертеңіне екі шоқып, бір қарап елең де алаң күй кешіп отырған студенттің басына білім қона ма? Сол үшін стратегия деп отырғанымыз жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етсе деген арман-тілек миллиондаған жүректердің лүпілімен бірге соғып тұр. «Лүпіліңнің» тағдыры таяуда шешіледі. Сәл сабыр.

Арманыңыз – жетеккүшіңіз. Арманға жегіле білу де – өнер. Армансыздар – қатерлі. Енді келіп еңбек жолын бастадық делік. Ересек өмір ғой ол дегенің. Еңбек жолын бастаған жас-тар үй мәселесімен жекпе-жек келіп, оңбай жеңіліс табады (ауыл жастары ғой көбі). Астанадағы пәтерақының құнына «Джип» мініп қусаң да, жете алар емессің (қай қаланы алып қарасаң да жырғап тұрғаны шамалы). Осы тұста жастардың тұрғын үй мәселесіне де аталмыш стратегияда орын табылса деген қутықай тілек санаңды қытықтайды.

Сенім дейді үшінші ұран. Білімді студент білікті маманға айналып, тұрмыс титыққа алмай (мемлекет мәселелерді реттеп берген жағдайда), тірлігі оңға басса, ол да ойланады ғой. «Осы елім маған бар мүмкіндікті берді, басымда баспанам, істерге жұмысым бар. Қарын тоқ, көйлек көк! Енді ел сеніміне селкеу түсірмейін, менің де себім тисін» демей ме?! Ұранға алынған «Арман! Еңбек! Сенім!» сөздері осылай сабақтасып жатса, кінәрат тақпақ түгілі айналып қана кетпейсің бе. Арманға жетіп, еңбек етіп, үміт күтіп жүрген жастардың сенімі сел көшірмесін, сенейік!

Ербол ЖАНАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − twenty =