АЛДАҒЫ БЕЛЕС – «АИК»

0 112

Хапоэль

«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Біздің футболшылар өз алаңымызда өткен алғашқы матчта Тель-Авив қаласының «Хапоэль» командасына жауапсыз үш доп соғып, қарымта ойынға сенімді аттанғаны туралы бұған дейін айтқанбыз. Енді үмітіміз ақталып отыр.

Ларнакадағы «Антонис Пападопулос» стадионында өткен кездесуде елордалық команда алаң иелері болып саналатын «Хапоэль» клубының футболшыларынан 1:0 ұтылып қалса да, алғашқы ойынның қорытындысын қоса есептегенде 3:1 есебімен келесі кезеңге өтті.

Бірінші таймда гол соға алмаған қарсыластар ойынның екінші бөлімінде де аса белсене қоймады. Дегенмен 58-минутта Лукас Аффини төреші белгілеген 11 метрліктен мүлт кетпей, израильдіктерді алға шығарды. Осыдан кейін кезек-кезек шабуылдардан еш нәтиже шықпай, 90 минут біткенше есеп өзгеріссіз қалды.
Кейін белгілі болғандай, «Астананың» келесі қарсыласы – Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласына тиесілі «Линфильд» командасын жолда қалдырған (2:0, 0:1) швециялық «АИК».

«АИК» ресми түрде Стокгольм қаласында сонау 19 ғасырдың аяқ жағында, яғни 1891 жылы құрылған клуб болып саналады. Қазіргі уақытта олар Швецияның ең мықты ұжымдарының бірі екені дау­сыз. Осыған дейін УЕФА аясындағы турнирлердің топтық кезеңіне бірнеше рет өткен команданың сапында Коста-Рика құрамасының ойыншысы Сельсо Борхес өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, қазақстандық басқа да клубтар еуротурнир жолында қарымта кездесулерін өткізді. Алғашқы ойынды сырт алаңда 1:0 есебімен өз пайдасына шешкен «Ақтөбе» Тблиси қаласынан келген «Динамоны» тас-талқан етсе, Литвада тең ойнаған қарағандылық «Шахтер» да Клайпеда қаласынан келген «Аталантасты» аямады. Қазақстандық қос команда осылайша қарсыластарына жауапсыз үш гол соғып, УЕФА чемпиондар лигасының және Еуропа лигасының үшінші кезеңіне өтіп отыр. Тек алматылық «Қайрат» қана даниялық «Эсбьерг» командасына жол беріп, жарысты жарты жолдан аяқтады. Жалпы есеп – 1:2. Бірақ соңғы жылдары Қазақстан футболында ілгерілеу бар екенін байқап та, байқатып та жүрміз. Отандық клубтардың биылғы қарқынына қарап отырып, бұлардың бәрін қарағандылық «Шахтердың» былтырғы жетістігінің заңды жалғасы деп түсінуге болатындай.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =