«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алдағы 50 жылда Қазақстанда судан проблема болмайды

0 213

Жуырда «Астана ақшамы» газетінде «Судың сұрауы» атты сараптама мақала жария­ладық. Онда еліміздің аумағында ауызсу қорының көп еместігі, сол себептен суды үнемдеу қажеттігі мәселесін көтерген едік. Ал бүгін осы тақырыпты одан әрі жалғас­тырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам ӘБІШЕВТІҢ арнайы сұхбатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Астана ешқашан сусыз қалмайды

– Ислам аға, соңғы 10 жылдың көлемінде эколог-мамандарымыз Ертіс пен Іле, Есіл мен Нұра суы­ның азайып бара жат­қанын айтып, дабыл қағып жүр. Ертістің суы азайса, Ертіс-Қарағанды каналының суы кемиді. Елорданы сумен қамтамасыз ететін каналдың қазіргі жай-күйі қалай? Астанаға ауызсуға қа­тыс­ты қандай да бір қауіп бар ма?
– Ондай қауіп жоқ. Ертіс өзенінен елордаға су тарту мәселесі бұрыннан қарас­тырылып қойған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2006 жылы Қ.Сәтбаев атындағы каналмен 19 қосымша станса арқылы су ағатын құбыр тартылды. Оның ұзындығы шамамен 9 километрді құрайды. Қазіргі кезде осы каналды күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, «резервтік су көздері» ре­тінде қарас­тырылатын жерасты суларының қоры бар. Оның көлемі 112 мың шақырымды құрайды. Мәселен, Астананың айналасында Нұра, Ақмола және Рождественка сияқты жерасты суларының қоры мол. Негізінен алғанда, жерасты суларын әртүрлі қиын жағдайларда пайдаланамыз. Астана ешқашан ауызсусыз қалмайды. Орталық Қазақстанда ауызсу қорының жеткіліксіздігі деген мәселе бар. Алайда Қ.Сәтбаев атындағы канал арқылы орталық өңірге жеткілікті мөлшерде су жіберіп отырмыз. Бұл каналдың қуатын екі есе арттыруға болады. Ол – алдағы күннің еншісіндегі іс. Әрине, біз судың қадірін білуіміз керек. Білмей жататынымыздың бір себебі – бізде судың құны арзан. Менің ойымша, егістікке жіберілетін судың бағасын көтеру керек. Жақын арадағы 50 жылдың көлемінде Қазақстанда судан проблема болмайды.

Үш жылда келісімге келеміз

– Біздің елімізді ауызсумен қамтамасыз ететін өзеннің бірегейі – Ертіс. Бірақ ол Қытайдан бастау алады. Қытайлар 2000 жылдан бастап батысын игеріп, Ертіс суының көп бөлігін Шыңжаңға қарай бұрып жатыр. Оған қоса, Іленің суы да азайып келеді. Алдағы 20-30 жылда осы мәселе қатты ушығып кетпей ме? Қытайлар суды бөгеп тастаса, жағдай не болады? Мұндай қауіп бар ма?
– Қытайлар суды бекітіп тастап, үлкен проблема туады деп ойламаймын. Мысалы, АҚШ атом бомбасын жарып, ядролық соғыс басталып кетуі мүмкін бе? Әрине, жоқ. Бұл да сондай мәселе. Менің пайымдауымша, «Қытайлар бізге су бермей қойып, қырғын-топан болады» деген қорқыныштан гөрі «Ядролық қару террористердің қолына түсіп кетіп, Жер шарын аударып жіберуі мүмкін» деген қауіп басымырақ. Иә, ондай қауіп туындауы мүмкін. Егер ҚХР-дың басшылығына Гитлер сияқты біреу келіп, судың жолын жауып тастаса… Ертістің суына қатысты еліміздің ұстанымын айтайын. Қазақстан халқын ауызсумен қамтамасыз ететін су – Ертістің суы. Бұл өзен суының 75 пайызы өз еліміздің аумағында қалыптасады. Ал Іле суының 15-20 па­йызы Қазақстан территориясында түзіледі. Ең болмағанда, ауызсу ішуге және басқа мақсаттарға мүмкіншілігіміз бар. Бәлкім, егін екпей қоярмыз. Ядролық қаруды қолданып, жерді төңкеріп жіберетін қауіппен салыстырғанда бұл – түкке тұрмайтын қауіп. Сол себептен алдағы күні «Ауызсудан тарығамыз!», «Қырылып қаламыз!» деп байбалам салу орынсыз. Екіншіден, қазір біз қытайлармен суды бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр­мыз. Алдағы 2-3 жылдың ішінде нақты бір келісімге келеміз. Демек, бұл мәселе де оң шешілетініне күмәнданудың қажеті жоқ.

Ауызсу қымбаттайды

– Жер бетіндегі ұлттардың бәрі суды үнемдейді. Жапон да, неміс те, ебірей де солай. Біз неге үнемдеу­ге үйренбей келеміз? Ол үшін не істеу керек?
– Біреулер немістер суды стаканға құйып алып, тісін соған жуады дегенді айтады. Сөйтіп үнемдейді, бүйтіп үнемдейді дейді. Менің ойымша, біреудің көргенін не айтқанын қайталай берудің керегі жоқ. Суды үнемдегің келсе, тамшы тамып тұрған шүмекті жап! Суды артық ағызба! Негізінен, судың құны қымбат болса, адамдар үнемдеуді өзі-ақ үйренеді. Бізде су қымбаттайды. Бірақ қаншаға де­йін қымбаттайды дегенге нақты жауап беру қиын. Әр қалада, әр ауылда оның өз тарифі бар. Соған байланысты қымбаттайды. Судың парқын біліп, қадіріне жетуіміз үшін оның құны қымбат болуы тиіс. Өйткені бізде ауызсудың қоры көп емес. Мұны ешқашан естен шығармауға тиіспіз. Әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға суды арзан бағамен берейік. Ал ауқатты адамдардың қымбат бағамен сатып алуға мүмкіншілігі зор. Яғни осындай әділ саясат жүргізсек, еш ұтылмаймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды