Алаяқтар айылын жимай тұр

0 36

Полиция департаменті халықты соңғы кезде көбейіп кеткен қаржы алаяқтарының айла-тәсілдеріне қырағылық танытуға шақырады. «Кірісті көбейту туралы күмәнді акцияларға қатысудан бас тартып, меншік құқығының құжаттарын және қаржылық операциялардың ашықтығын тексеріңіз» деп хабарлайды баспасөз қызметі. Жуырда елордалықтар 157 миллион теңгеден астам шығынға батты. 45 және 65 жастағы екі әйел мессенджерде топ құрып, биржалардан тез ақша табуға уәде берген. 70-ке жуық адам алданып қалған.

Бар гәп атауында ма?

Таяуда Нұр-Сұлтан қалалық полициясына тағы бір топ елордалық тұрғын ұжымдық өтінішпен жүгінді. Оларды «Отбасы мен жастарды қолдау қоры» тақыршаққа отырғызып кеткен. Алаяқтарға тез алданатын қарапайым халықты «кім көрінгенге сенеді, обалдары жоқ, сосын зар еңіреп көмек сұрайды, өздеріне сол керек» деп табаламас бұрын байыбына барып көрсек, қордың «Отбасы мен жастарды қолдау қоры» деген атауының өзі көңілге сенім ұялатары анық. Қор өз қызметін әлеуметтік қолдау деп атайды және халықты «бізді мемлекет қолдайды» деп сендіріп, 3,7 пайызбен ипотека алуға уәде береді. Халық әлеуметтік қолдау деген бір сөзге бола алданып қалған. Қордың сыйақы мөлшерлемесі – 3,7 пайыз; несие мерзімі – 10 жылға дейін; бастапқы жарнасы – тұрғын үй немесе автокөлік құнының 50 пайызы. Несие беру кезінде клиенттің несиелік тарихы, жасы және зейнетақы жарналары маңызды емес. Қарапайым жұртты осы жағы қызықтырғаны анық. Сөйтіп елорда тұрғындары қорға миллиондаған қаражат құяды. Бірақ салымшылар уәде етілген пәтер мен автокөлігін алмаған, ақшаларын да қайтара алмаған. Ұжымдық өтінішке қол қойғандар ақшасыз қалған адамдардың әлдеқайда көп екенін алға тартады.

«Жылап» кеткен миллиондар

Алданғандардың бірі – Нұр-Сұлтаннан пәтер алу үшін қорға 18 миллион теңге аударған қызылордалық зейнет­кер Рахия Бекбосынова. Соншама ақшаны күмәнді қорға өз қолымен апарып салу үшін адам қаншалықты аңғал болу керек? Ол алданғанын біліп, қордың Қызылорда қаласындағы филиалына жүгініп, ештеңе өнбеген соң маусымда елордаға келіп пәтер жалдап, әділдік іздеп жүрген көрінеді. Дұрысында 18 млн теңгеге ерінбей қарап жүріп елордадан екі бөлмелі жаңа пәтер сатып алуға болушы еді, қайтесің, мұндайда «шығасыға иесі басшы» деген мақал есіңе түседі. Үш баланың анасы А.Асанова Нұр-Сұлтаннан үй алу үшін Қарағандыдағы пәтерін сатқан. Ол қордағылардың «бұл – Үкімет қолдайтын әлеуметтік бағдарлама, сіздің жеке есепшотыңыз­дағы ақшаға ешкім қол тигізбейді, клиент­тер ақшасын кез келген уақытта ала алады» дегеніне сеніп, жеті миллион­нан астам теңге аударған. Көктемде коронавирустың алғашқы толқыны басталған соң мәміле 20 маусымға, кейінірек тамызға ауыстырылған. Әйел үш баламен жалдамалы пәтерде жүр. Әсем Ибраева өзінің досы қордың несиесіне жер учаскесін сатып алғаннан кейін қызыққан. «Қор басшысы бізге тиімді шарттар туралы айтқанда есіміз кетіп, қатты қызықтық» дейді ол. Бірақ оған пандемияға байланысты банктер мен есепшоттар жабылды деп айтқан. Елордалық зейнеткер Гүлжан Темірбекова қордың басқа бағдарламасын пайдаланып, депозитке алты мың доллар салған. Оған екі жыл сегіз айда шоттағы сома екі есеге көбейеді деп уәде берген. Шарт бойынша салымшы кез келген уақытта ақшасын алуға құқылы болғандықтан, салымшы тамыз айында үш мың доллар қажет болып барғанмен, оған тек бір мың доллар ғана қайтарылған. Осыдан кейін зейнеткер барлық ақшасын қайтарып алуға шешім қабылдайды, бірақ қор ақшасын бермеген. Әлен Дүйсен де сан соғып қалғандардың бірі. Нұр-Сұлтаннан 100 шақырым жерде оның анасының үйі болған. Үй 8 миллион теңгеге бағаланған. Ер адамға қор қызметкерлері ақшаны қорға салып, 16 миллион теңгеге Нұр-Сұлтаннан пәтер сатып алуды ұсынады. Қазір оның үйсіз қалған 83 жастағы анасы ұлымен бірге елордадағы жатақханада тұрады. «Мен ұйымның Nur Otan партиясынанбыз дегеніне сеніп қалдым, өйткені бағдарламалардың тұсаукесері партияның ғимаратында салтанатты жағдайда өткен еді» дейді ол.

Қулығына құрық бойламайтындар

Интернет, цифрландыру дамыған сайын алаяқтар да неше түрлі әдіс-тәсілдерді ойлап тауып жатқандықтан, бұл жағдайдан тек сақтық, сауаттылықпен ғана сақтануға болады. Әдетте ақшамды көбейтем деп әлдебір ұйымға ақша салғандар ақшасын қайтара алмайды, өйткені мұндай компанияларда не ақша, не мүлік болмайды. Тіпті ол жерде заңды тұлға кім екені де, компанияның қай жерде тіркелгені де белгісіз, егер ол адам шетелде болса, оны сотқа беру де оңай емес. ПД мәліметіне қарағанда, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар көбінесе шет мемлекеттердің азаматтары болып шығады. Әртүрлі схемаларды әзірлеу әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылып, «Forex», «Advacash», «Teletrade» рәміздері қолданылады. Бірақ тергеу көрсеткендей, бұл компанияларға ешқандай қатысы жоқ. Өкінішке қарай, әзірге бізде мұндай қорлардың қызметін реттейтін заңдар жоқ. Сондықтан тек мұқият болу керек. Әдетте алаяқтық жобалардың белгілері мынадай болады екен: бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жоғары кірісті уәде еткен жарнама беріледі; қатысушының табысы жаңа қатысушылардың инвестициялары есебінен жинақталған кезде желілік маркетинг қағидаларына негізделген кәсіпкерлік ұйымдастырылады; өздерінің қызметін шетелдегі жылжымайтын мүлік, алтын өндіру, айырбастау операциялары, «Forex» нарығы деп түсіндіреді, бірақ ақшаға қатысты қызметті жүзеге асыратын лицензиялары болмайды. Заңгер Әсет Қайырханның айтуынша, Азаматтық кодекстің 715-бабында: «Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға азаматтарға несие түрінде ақша беруге тыйым салынады және мұндай келісімдер жарамсыз» деп көрсетілгенмен, бұл тыйымның ерекшеліктері бар: ол банктік заемдарға, микрокредиттерге және «кейбір басқа жағдайларда» қолданылмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =