Алаяққа жем болма!

0 47

Адамдар өзінде бар ақшасына қанағат етпей, соның үстінен пайда көрмекші болып, ақшасын өз қолдарымен алаяқ­тарға апарып береді. Сосын… іс бітіп, қу кетеді. Ақша да жоқ, ұйқы да жоқ… Интерпол алаяқтарға іздеу салуда, бірақ кеткен ақша қайтып келмейді. Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларына қатысты 250-ге жуық қылмыстық істі тергеп жатыр. Оның 120-сы сотқа жіберілді, 100-ге жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте министрліктің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың мәлімдеуінше, қаржылық пирамидаларға қатыс­ты қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің жалпы саны еліміз бойынша 25 мыңнан астам адам, ал жалпы келтірілген шығын мөлшері 33 миллиард 250 миллион теңгеден асады екен.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тергеу бөлімінің қызметкерлері «Гарант 24 Ломбард» қаржылық пирамидалары мен Gold Company LTD компаниясының істерін тергеуді аяқтады. 17 мыңнан астам азамат «Гарант 24»-тің үстінен шағымданған, 22 миллиардтан астам теңге көлемінде зиян келтірілген. Ұйым басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс тіркеліп, барлығы 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Іздеуде жүрген адамдардың көпшілігі Қазақстаннан тыс жерлерде ұсталды, Ұлттық гвардия­мен бірге Молдова, Қырғызстан және Түркияға арнайы рейстер ұйымдастырылып, күдіктілерден 70 миллион теңгеден астам ақша мен мүліктер тәркіленген, бұл шамамен 15 автокөлік, 2 самосвал, 2 автокран, сноуборд, 29 пәтер, 6 үй, 3 жер учаскесі, 5 автотұрақ, 1 кешен (кафе-бильярд бөлмесі). Күдіктілерден алынған мүліктің жалпы құны 2 миллиард теңгеден асады. – Бұл компанияның ұйымдас­тырушылары Ақтөбе облысының тумалары екендігі анықталды. Негізгі ұйымдастырушылардың бірі қамауда. Қалған екеуіне Интерполмен бірге халықаралық нұсқаулар жіберілді, күдіктілерді іздестіру және ұстаумен айналысатын арнайы тергеу-жедел тобы құрылды» дейді Санжар Әділов.

Басқа елден арнайы келген екен

Алтын компания LTD-ға қатыс­ты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері аяқталды, пирамиданы ұйымдастырушылар өзін Unique қаржы компаниясының өкілдері ретінде таныстырып, қазақстандықтарға Pepsi, Nike, Microsoft, Ford, BMW сияқты танымал шетелдік компаниялардың жалған акцияларын сатқан. Сонымен бірге салымшыларға ай сайын салынған жалпы соманың 6%-ы мөлшерінде пайда, сондай-ақ оған қол қою кезінде жаңа серіктестің салымы сомасының 5%-ы мөлшерінде пайда табуға уәде еткен. Минималды салым 1000 долларды құраған. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Оралда жұмыс істегені анықталды. Жалпы алғанда, бұл жағдайда 2 529 жәбірленушіден шағым түскен, жалпы келтірілген шығын 1 миллиард 552 миллион 224 мың теңгеден асқан. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Олардың арасында Қазақстан Республикасына өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін мақсатты түрде келген Ресей Федерациясының азаматтары бар.

Келтірілген зиянды кім өтейді?

Министрлік сонымен қатар Questra World, Tele Trade Central Asia, Indigo-24 Evolution, Eileen Forever Kazakhstan және т.б. қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізуде. Әдетте, алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен барлық азаматтарымызды бір ғана сұрақ мазалайды: оларға келтірілген зиян қалай өтеледі? Келтірілген зиянды өтеу және кепілге алынған мүлікке меншік құқығын анықтау мәселелерін сот қарайды. Бірақ қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасы күдіктілердің қылмыстық жолмен алынған барлық мүлкін жәбірленушілердің орнын толтыру үшін жіберуге кепілдік береді.

Пайда көрем деп тақырға отырған

Елордада 1194 адам алаяқтардан зардап шекті. Елордалық полиция департаментінің меншікке қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы Ерік Егізбаев «Ең қарабайыр алаяқтық – «пайызбен несие беріңіз, мен көп және жақсы сыйақымен қайтарамын деген схема. Бастапқыда олар біраз қарыз алып, оны жақсы пайызбен қайтарады. Алаяқ аздап шығынға ұшыраса да, қалтасынан «пайыз» салу арқылы ақшаны қайтарады. Сөйтіп сенімге кіреді. Адамдарды бұған не итермелейді? Әрине, қиналмай, тез әрі оңай ақша табуға деген ұмтылыс. Сонымен қатар, адамдарға өте жақсы және сауатты психологиялық әсер ету бар. Сондықтан, құмар ойыншылар ғана емес, пассивті кіріске ие болғысы келетін қарапайым азаматтар да алданып қалуы ғажап емес. Мен азаматтарға күмәнді схемаларға ақша салмауды ескерткім келеді» дейді Ерік Егізбаев.

Қаржылық пирамида тұзағына түсіп қалсаңыз…

Азаматтарға ақшаны қайтарып беру туралы шартпен компанияға жазбаша талап қойып, сондай-ақ қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына жүгіну ниетіңізді айтуыңыз керек. Ақшаны қайтарып алу кезінде алаяқтарға ақша аудару фактісін растайтын қолда бар құжаттар – келісімшарт, банктен көшірме, қолма-қол ақшаны қабылдау туралы чектер көмектеседі. Егер сіз алданған болсаңыз үндемей қалмай, әрекет ету керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =