©2020 Астана Ақшамы
«Алаудағы» аламан
Астанамыздағы «Алау» мұз айдынында шорт-трек спорт түрінен өткен республикалық чемпионат өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар медальдармен қоса наурыз айында Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдамаларды бөлісті.
Айдында додаға түскен Астана құрамасының жас команда екендігін бәріміз білеміз. Есесіне, Алматы қаласының, Батыс Қазақстанның, Қостанай және Қарағанды сынды қалалардан келген спортшыларды бабы келісті деуімізге болады. Себебі, осы қалаларда шорт-тректің қарқынды дамып келе жатқандығынан хабардармыз. Соған қарамастан республикалық чемпионатта елорда спортшылары ешкімнен кем өнер көрсеткен жоқ.
Құраманың жаңа кеңесші-бапкері Джимми Дженнің аз уақытта бойындағысын шәкірттеріне бере алғандығы байқалды. Мұны ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков те растап, оны «әлемдегі мықты бапкерлердің бірі» деп атап өтті. Джимми Дженнің өзі де жарыс барысын тамашалай отырып, қатысқан спортшыларға көңілі толатындығын жасырмады. Бірақ, олардың әлі үйренері көп екендігін де айтып өтті.
Сонымен, жарыстың қорытындысына келсек, үш күнге созылған бәсекеде 500 метр қашықтықтағы жарыста әйелдер арасынан Инна Симонова 47,338 көрсеткішімен топ бастады. Келесі 1000 және 1500 метр қашықтықты бағындыруда да осы Инна Симоноваға жететін ешкім болмады. Нәтижесінде, көпсайыс қорытындысы бойынша да, суперфиналдың жеңімпаздар тізімінің ең биігінде де жеке-дара көш бастап тұрды. Ерлер арасынан 500 және 1000, 1500 метр қашықтықта Айдар Бекжанов 42,633, 1.44,740 және 2.45,326 көрсеткіштерімен бірінші орын алды. Бірақ суперфиналда 5.20,123 көрсеткіш көрсеткен Айдарды Абзал Ажғалиев 5.17,653 көрсеткішімен басып озды. Есесіне, көпсайыс бойынша Айдар қайта алға шығып, тізім басынан орын алды.
Енді 3000 метрлік эстафетаға келсек, әйелдер арасында бірінші орынды Қостанай облысы, екінші орынды БҚО командасы, үшінші орынды алматылықтар еншіледі. Ал ерлер арасындағы 5000 метрлік эстафетаның бірінші және екінші орын иегерлері болып Қостанай облысынан келген спортшылар танылды. Үшінші орын БҚО қоржынында.
Ербол ЖАНАТ