АЛАУ ЭСТАФЕТАСЫ АСТАНАДАН БАСТАУ АЛДЫ

0 145

Айтулы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы Астанадан бастау алды. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, 2017 жылғы Универсиаданың бүкілхалықтық мерекеге айналатынына сенім білдірді.

erm_1014

Алау жағу рәсімі Назарбаев университетінде өтті. Елбасы Мемлекеттік Туды Универсиадада ел спортшыларының көшін бастап шығатын биатлоншы Дәулет Рахымбаевқа табыстады. Қазақстан құрамасының капитаны жарыстарға толығымен дайын екендерін жеткізді.

– Бүгін – жастар үшін үлкен мереке. Универсиаданың алауы еліміздің ең басты университетінде жағылады. Бүкіл өңірді аралап келетін эстафета халқымыздың тілегін алаумен бірге Алматыға жеткізеді. Бұл – біздің Тәуелсіздік жылдарғы жеткен жетістіктеріміздің бірегейі. Біз осынау шараны өткізу мәртебесін 170 елдің ішінен жеңіп алдық. Байрақты бәсекеге 57 мемлекеттің спортшылары қатыспақ. Универсиада, алдымен, еліміздің атын әлемге әйгілейді. Атқарылған жұмыстардың бәрін жастар үшін жасадық. Универсиаданың әлеуметтік инфрақұрылымы, спорт нысандары бізге ұзақ жыл бойы қызмет ететін болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатымен Универсиаданың алауы жағылып, хоккейші, елордалық «Барыс» клубының қорғаушысы Мадияр Ыбырайбеков эстафетаны бастады.

Эстафета екі кезеңге бөлініп, жалпы қашықтығы 12 шақырымға созылды. Алауды Василий Левит, Мөлдір Мекенбаева сынды белгілі спортшылар алып жүрді. Алғашқы кезеңде алаугерлер Бәйтеректің түбіне сәл аялдап, сол арада жиналған жұртпен қауышып, сапарды әрі қарай жалғастыруды Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке тапсырды.

Эстафетаның соңы елорда әкімдігінің алдындағы алаңда аяқталды. Алаугерлерді Астана әкімі Әсет Исекешев бастаған қала тұрғындары қошеметпен қарсы алды.

– Бүгін – еліміздің спорт тарихындағы маңызды уақиға. Осынау шараның басы Астанадан басталды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Астаналық студенттер мен спортшылар – барлығы 60 адам боранды күнге қарамастан, қала көшелерімен жүгіріп өтті. Эстафета еліміздің өзге өңірлерінде жалғасын тауып, алау Алматыға жеткізіледі. Универсиадада ел намысын қорғайтын отандастарымызға сәттілік тілейміз, – деді елорда әкімі.

Астаналықтардың алауын республикалық штабтың өкілі Шыңғыс Өтепбергенов қабылдап алды. Сөніп қалмауы үшін арнаулы құтыға салынған алау Алматыға жөнелтіледі.

erm_0872

erm_1206

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − twelve =