АЛАТАУДАН АРҚАҒА КӨШКЕН ЕДІ АСТАНА

0 119

DSC_32661997 жылдың 10 желтоқсаны – мемлекет тарихындағы елеулі дата. Дәл осы күні ел астанасы Алатаудан Арқаға көшірілді. Содан бері арада он алты жыл өтіп, Астана әлем елдері қызығатын шаһарға айналды. Осыған байланысты бұрнағы күні Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты концерт өтті.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысқан концерт шымылдығын елорданың қалыптасу кезеңін бейнелейтін деректі фильм түрді. Одан кейін биыл ашылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері қазақ әндері мен италиялық ариялардан құралған поппури айтып, отандық эстрадаға енді ғана жол бастаған «Сарын» дуэті ән шырқады. Жас әнші Еркін Кенебаев өзінің «Астана» атты туындысымен халықты билетті. Белгілі әнші Маржан Арапбаева мен «Ringo» тобы елге таныс «Первое утро столицы» әнін тамылжыта орындады. «Аялаған Астана» байқауының жүлдегерлері Роза Сәметова мен Еркеш Хасен «Viva per lei» әнімен жұртшылықтың жүрегіне жол тапты. «Лица столицы» скетч шоуының жігіттері жиналғандарды күлкіге батырды.

«МузАрт» ансамблінің сахнаға шығуы елордалық көрерменге үлкен сый болды. Мейрамбек, Сәкен, Кенжебек халық сүйіп тыңдайтын «Қазақтай ел қайда?!», «Өз елім» секілді рух беретін әндермен қатар бірнеше жыл бұрын елорда тойына тамаша тарту болған Ахмедияр Есмұхановтың «Есіл ағады» әнін айтып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Астананың биылғы мерейтойы қарсаңында «Педагог», «Учаскелік инспектор», «Дәрігер», «Жолшы», «Құрылысшы», «Энергетик» аталымдары бойынша өткізілген «Астана таңдауы» байқауына қатысқандар әншілермен бірге «Астананы бірге саламыз» әнімен концертке нүкте қойды.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 5 =