Алатау мен Сырдан жеткен сыбаға

0 21

Өткен демалыс күндері «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы жанында Алматы және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті. Сол күні астаналықтар екі өңірден әкелінген 1000 тоннадан астам өнімдердің ішінде Алматының апортына, Аралдың балығы мен Сырдың күрішіне және жантақ балына қарық болды.

DSC07981
DSC07986
DSC07993
DSC07995
DSC07997
DSC08000
DSC08002
DSC08011
DSC08027
DSC08033
previous arrow
next arrow

Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсұт Жүсіповтің айтуынша, алматылықтар елордаға 462 тонна азық-түлік әкелсе, оның ішінде 54 тонна ет, 26 тонна сүт, 103,6 тонна көкөніс, 3,8 тонна балық, 45,3 тонна жеміс-жидек, 39 тонна картоп және 237,5 тонна басқа да өнімдер бар. Барлық өнімдер, әсіресе Алматының апорты астанада арзан бағамен сатылды.
«Бүгін Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласынан – Талдықорған, Қапшағай және Текеліден әкелінген өнімдер ұсынылуда. Барлығы 214 млн теңгеге татитын өнімдер ішінде 50 түрлі азық-түлік бар. Бағасы нарықтағыдан біршама арзан. Қолайсыз ауа райына қарамастан, халық көп келіп жатыр» деді М.Жүсіпов.
Алматы қаласының Талғар ауылынан келген «Ержанов» ЖК өкілдері жәрмеңкеге атақты апорт алмасын, сондай-ақ алмұрттың екі түрін – орман алмұрты мен талғар алмұртын алып келіпті. «Бұл жемістерді 20 гектар жерде өсіреміз. Апортты өсіріп жатқанымызға 10 жылдай болды. Жәрмеңкеге 12 тоннасын әкелдік. Халық жақсы алып жатыр» деді олар.
Ал жәрмеңкеге келген елді ерекше өнімдері – жантақ балы, әміре қауыны, Аралдың балығы және табиғи қауын чипсыларымен таңғалдырған қызылордалықтар жәрмеңкеге 450 тоннадан астам 29 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелген. Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Бейсебаев Сыр бо­йынан әкелінген өнімдер нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылып жатқанын айтты. «Ақмаржан» күрішімен танымал өңірден 150 тоннадан астам күріш әкелінген. Одан бөлек, 20 тоннадан астам Аралдың балығы, 150 тоннадан аса бау-бақша өнімі жеткізілген. Тауарлардың жалпы құны 100 млн теңгеден асады.

Өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қаржыландыру жағынан көмек көрсететін «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы осы жәрмеңкеге 3 тонна жантақ балын алып келген. «Елордалықтарға таңсық біршама дүние әкелдік. Мысалы, жантақ балы және қауынқақ – оңтүстік өңірде әзірленетін өнімдердің бірі. Бізде қазір бірлесе құрылған кәсіпорындар қатарында «Шиелі шұжық» ЖШС, «Жас Агро», «KZO Food», «Аруана», «Агролидер», «Қызылорда жантақ балы» секілді ұйым­дар бар, бүгін солардың өнімдерін ұсынып отырмыз» деді «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов. Ал «Қызылорда жантақ балы» орталығының директоры Асхат Раисов Жаңақорған ауданында әзірленетін жантақ балы денсаулыққа пайдалы өнім екенін, оның адамның іш құрылысына, тыныс алу органдары ауруларын емдеуге және артық тұзды ыдыратуға септік ететінін айтты.
Қатты нөсер жауын жауып тұрса да, сол күні жәрмеңкеге келген халықтың қарасы көп болды. Әсіресе Сыр өңірінде туып-өскен астана тұрғындары өздеріне бала кезден бері таныс өнімдерін тауып, қуанғанын жеткізді. «Өзім Қызылорданың тумасымын, 2002 жылдан бері елордада тұрамын. Бүгін Сырдың жәрмеңкесі болатынын естіп, арнайы келдік. Келе сала қауын сатып алдым. Мынадай әміре, қара қауын, күләбі деген қауын түрлерін астанада кездестірмейсің. Бағасы да жап-жақсы екен» деді қала тұрғыны Айдарбек Есов. Қос аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі екі күнге жалғасты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =