«АЛАШЫМ АЗАТ БОЛСЫН» ДЕП

0 190

Болганбаев-сурет

Ата тарихта ұлтының өрісі кеңейіп, өресі биіктеп, қанат жайып өркендеуіне үлес қосқан, ел бағы, жер қамы үшін толарсақтан саз, тобатайдан қан кешіп, азаттық жолында арпалысқан алаш ардақтылары аз болған жоқ.

Бар ғұмырын ұлт ісіне сарп еткен біртуар қайраткерлердің бірі – Хайретдин Болғанбаевты бүгінгі ұрпақ ерекше құрметпен, кеудедегі зор мақтанышпен айтуы тиіс. Әрине, кеңестік-тоталитарлық жүйе жүргізген солақай саясаттың кесірінен атамызды бүгінде біреуі білсе, біреуі біле қоймас. Десек те, оның еңбегі мен құнды мұралары, артынан қалған өнегелі ұрпағы бұған дәлел. Көрнекті алаш арысы Хайретдин Болғанбаев 1894 жылы Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Жазықсыз жаланың құрбаны болған ол 1937 жылдың 21 қарашасында Ташкент қаласында ату жазасына кесілді. Тек жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін ғана, яғни, 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы сотының үкімімен толық ақталды. Басқа да алаш зиялылары сияқты жастайынан оқу-білімге зерек, өмірге құштар боп өскен Хайретдин атамыз «ұлт тағдыры» дегенде алдына жан салмайтын. Ауылдағы мектепті тәмамдағаннан кейін әкесі Әбдірахман қажы оны Орынбордағы Хұсаиния медресесіне оқуға түсіреді, осында оқи жүріп, діни сауатын ашады. Үзеңгілес замандас­тары сияқты ол да халық тағдырына бей-жай қарай алмай, қолына найза алмаса да, қазақтың маңдай алды зиялысы ретінде саясаттың бел ортасында жүріп-ақ, көптеген игілікті іс атқарған жан. Бәрінен бұрын қайраткерді халықтың тағдыры мен болашағы мазалайтын еді. Содан болар, серпінді патриоттық сезімі оны бодандыққа қарсы күресуге қылыштай қайрап отырды. Ол Түркістан автономиясын құруға атсалысып, большевиктерге қарсы тұрды.

Осындай ауқымды істерімен қатар, Хайретдин Болғанбаев ұлттық публицис­тика мен баспасөзге зор еңбек сіңірді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты интеллигенцияның тікелей қатысуымен шығып отырған «Қазақ» газетіне мақалаларын жиі жариялап тұрған. Зұлматы ауыр болған төңкеріс кездері Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожановпен бірігіп, Ташкентте «Бірлік туы» газетін шығарысқан екен. Кейінірек осы газеттің редакторы болып, ұлттық публицистикаға сүбелі үлес қосқан. Сондықтан, біз Хайретдин атаны қазақ журналистикасына өзіндік қол таңбасын қалдырып, көсемсөздің хас шебері болған редакторлық қызметін ерекше атап өтуіміз де қажет. Көбіне жазылған еңбектері сол кездегі қазақ халқының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени тұрмысына қатысты мәселелерді қаузайды. Мәселен, «Медресе Хасениеде қазақ балалары», «Түркістан өлкесі», «Қоқан съезі һәм қазақ-қырғыз» сынды әуезе-мақалалары шыншылдықтың нақ үлгісі болса керек-ті.

Есімі халыққа енді ғана сіңісті болып келе жатқан Хайретдин Болғанбаевтың еңбегі мен кір тасындай салмақты мұралары әлі де болса зерттелу үстінде. Атамыздың туған – қызы Гүлнар Болғанбаева дүниеден өтсе де, өмірінің соңына дейін әке аманатын арқалап, шығармалары мен жазылған еңбектерін мұрағаттардан іздеп тауып, жинап жүріп, тағылымды өмірінен сыр шертер толық бір кітаптың басылып шығуына атсалысты. Сондай-ақ, кітаптың жарыққа шығуына белгілі алаштанушы, бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы ағамыз бен «Отырар» ғылыми кітапханасының директоры, белгілі зерттеуші Тұрсын Жұртбай ағамыздың сіңірген еңбектері орасан еді. 2009 жылы Дихан Қамзабекұлының құрастыруымен алаш қайраткері жайында толыққанды кітап «Иман күші» деген атпен басылып шықты. Артында қалған ұрпақтары да қанатымен су сепкен қарлығаштай атасының өнеге мен тәлімге толы өмірін үнемі мақтанышпен айтып жүреді. Мәселен, Гүлнар Болғанбаева апамыздың туған ұлы – Жамбыл Кәмелов бүгінде атасының құрметіне «Хайретдин Болғанбаев қайырымдылық қорын» ұйымдастырып, басшылық етуде. «Елдік пен ерлікке толы алаш қайраткерлерінің өмірі мен қайраткерлік қызметі ұлықтауға тиіс. Сонда ғана еліміздің жастары тамырын тереңге жайған тарихын біле жүреді, азат үшін жанын пида еткен ата-баба рухына тағзым етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын болады. Өзім атамыздың ұлтжандылыққа толы өмірі жайында ой-толғамымды, анамнан естіген естеліктерімді саралап, мақалаларымды бірқатар баспасөз беттерінде жариялап тұрамын. Атамызға деген адалдықпен атқарылып жатқан істердің қарасы аз емес….» деді Жамбыл Кәмелов.

Әмір ДОСХОЖИН,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =