АЛАШТЫҢ АҚ ОРДАСЫ

0 318

Ұлттық академиялық кітапхана

Ұлттық академиялық кітапхана алаңында «Алаштың ақ ордасы – Астана» мерекесі өтті.

Мерекені кітапхананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаева ашты. Кітапханаға биыл он жыл толып отырғанын атап өткен ол жиналғандарды Астана күні мерекесімен құттықтады. Кітапхананың алғашқы директоры Роза Бердіғалиева өткен күндерден өнегелі естелік айтты. Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы: «Осындай қасиетті шаңырақтың алдында Астана тойын тойлап жату біздің маңдайымызға бұйырған бақ.Кітапхана – рухтың, арманның, сананың құтханасы деп айтуға болады. Мешіттен кейінгі қасиетті орын – кітапхана. Біз көрмеген ғасырларға кітапхана арқылы жетеміз, көрмеген ұрпақтармен кітапхана арқылы тілдесеміз» деді. «Бәйтерек» поэмасынан үзінді оқып берді.

Одан кейін «Ақындар Астананы жырлайды» атты поэтикалық марафон ұйымдастырылып, Айбатыр Сейтақ, Серік Сейтман, Ольга Посохова, Әнуар Омар, Гүлсара Шалқар, Ажар Ерболған жырларын төкті. Жанар Нұрғали өзінің «Астанам мен Ақтөбем» өлеңін, суретші Алмас Сырғабаев Мұқағалидің «Бабаларым, рахмет сендерге» жырын оқып берді. Ақжусан Имамғазы Сүгірдің күйін шалқытты. Сейдолла Бәйтерековтің «Кішкентайы» қалықтады.

«Астана – шалқар шабытым» қойылымы көрсетіліп, қонақтар әдеби KazNet-пен танысты. Бағдарламаға «Құнды тарту» кітап сыйлау акциясы, «Кітап – білім бұлағы» әдеби викторинасы, «Әдеби караоке» музыкалық кеші, «Астана: кеше-бүгін» слайд шоуы кірді. Түнгі қаланы тамашалауға арналған телескоп қойылды.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − six =