Алаштың алтын сарайы

0 282

Дүниеден аса көрнекті жазушы-драматург, көне тарихымыздың танымын кеңейткен зерделі зерттеуші, аузы дуалы абыз ақсақал, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай ағамыз озды. Қазақ әдебиеті мен руханиятының алып бір бәйтерегі құлады. Кешеден бері сайын дала парасатты бір перзентінен айырылғандай мұңлы кейіпке енген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабырғалы қаламгердің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатында: «Көрнекті жазушы, ақын, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Төлендіұлы Сарайдың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Қарымды қаламгер республикалық газеттер мен баспада және Қазақстан Жазушылар одағында еңбек сіңірді. Ұзақ жылғы шығармашылық жолында тарихи, әдеби-зерттеу туындыларын тарту етті. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын» деп жазыпты.

Көркем сөз зергері 1937 жылы 21 қарашада Ресейдегі Астрахан облысы Володар ауданы Құрмалай деген ауылда өмірге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін бүгінгі «Жас алаш», «Егемен Қазақстан» секілді іргелі басылымдарда меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгеруші болып істеді. Одан соң «Жазушы» баспасында редактор, бөлім басшысы, бас редактордың орынбасары, бас редактор секілді лауазымды қызметтерді атқарды. Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болды.
Әнес ағамыз – Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың алпысыншы жылдары, шын мәнінде құбылыс болып келген талантты буынның өкілі. Қаламгер «Мұнаралар шақырады» деген алғашқы әңгімелер жинағымен оқырманды бірден баурап алып, көркем сөз өнеріне дарынды суреткер келгендігін мойындата білді. Одан кейін «Қараша өткен соң», «Бозқырау» атты шұрайлы тілмен өрілген повесть-әңгімелерімен қатар «Тосқауыл», «Алтын арал», «Еділ мен Жайық» атты тарихымызда орны бар оқиғаларды айшықты сөзбен зерлеген романдары жарық көрді. 1992 жылы «Еділ мен Жайық» романы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Жазушы кейін бұл сүйекті туындысын трилогияға айналдырды. Аталған шығарма – еліміздегі 1919-1920 жылдарды қамтыған құжаттық-деректілік негізде жазылған. Ол «Ұлу аралы», «Еділ-Жайық» және «Мұз кешу» атты үш кітаптан тұрады. Трилогиядағы басты кейіпкерлер – өмірде болған адамдар. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басындағы ақ қашып, қызыл қуған кезеңдегі оқиғалар шығармада шынайы суреттелген. Сол оқиғалардың бел ортасында жүрген Ахтан Мұхамбедиев, Ізбасар Жанекенов, Қажығали Жақынбаевтардың күрделі тағдырын бейнелеген. Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық кітапханада трилогияның таныстырылымы өтіп, сонда автор: «Оқырмандарымнан «Осы романдағы қаһармандардың тағдыры немен аяқталады?» деген біраз хаттар келді. Содан кейіпкерлерімнің өмірін соңғы кезеңге дейін жеткізуді ойлап, үшінші кітапты жаздым. Мұнда азамат соғысы жылдарында батыс өлкесінде болған оқиғалар баяндалған» деп айтқаны бар еді.
Сонымен қатар сырбаз суреткер тарихымызда көмескі болып қалған оқиғалар мен тұлғалар өмірін індете зерттеп, «Көк түріктер», «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Асылдың сынығы», «Адайлардың арғы тарихы», «Бес мейрам», «Исатай – Махамбет тарихы» атты құнды дерекке толы зерттеу еңбектерін жазды. Драматургия мен кино саласына да қалам тербеп, «Қу тазша», «Ару Алматы», «Аңсау», «Тымырсық» пьесалары мен «Біз – жастармыз» және «Атаман Анненковтің күйреу» фильмдері сценарийінің авторы болды.
Жампоз жазушы соңғы демі үзілгенге дейін қолынан қаламын тастаған емес. Кейінгі жылдары «Жұлдыз» журналының бірнеше нөмірінде қаламгердің «Еділ бойы саздары» деген балалық шағынан сыр шерткен повесі басылды. Өмірде өте жақын сыйласып, аралас-құралас жүрген достары – Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова туралы ойлы мазмұнға толы естеліктері жарық көрді. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға да салмақты үнін қосып отырды. Әнес аға «Астана ақшамы» газетімен де тығыз байланыста болды. Басылым бетінде ол кісінің сұхбаттары жиі басылды. Былтыр астаналық газеттің отыз жылдық мерейтойында ақжүрек тілегін білдірді.
Кешеден абыз аға туралы мерзімді баспасөзде, әлеуметтік желіде елімізге белгілі тұлғалар көңілдерін білдіріп жатты. Соның ішінде айтулы ақын Светқали Нұржан ардақты азаматтың шығармашылығы мен тұлғалық қасиетін айта келіп, «Алаштың Алтын сарайы» деген баға беріпті. Осы сөз біздің көңілімізге де қонды. Шын мәнінде, Әнес аға «Алаштың алтын сарайы» болды. Бақұл болыңыз, аға!

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен
«Астана ­ақшамы» газеті редакциясы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 11 =