АЛАШТЫҢ АЛТЫН ОРДАСЫ

0 167

«Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау».

Әлихан БӨКЕЙХАНОВ

 Үшінші мыңжылдықта Қазақ елінің мақтанышына айналған Астана қаласын Алаштың ортасына балаудың тарихи астары бар. Тәуелсіздік жылдары «Алаш мұрасы» сериясымен көптеген құжаттар мен материалдар жарық көрді. Соның бірі – «Әлихан Бөкейханов. Шығармалар» (Алматы, 1994) жинағы. Әлихан Бөкейхан «Григорий Николаевич Потанин» деп аталатын мақаласында Қазақ автономиясы туралы Г.Потаниннің «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген сөзімен алты алаштың арманын жеткізеді. Бағымызға қарай, бұл арманның орындалуы бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиді. Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Алматыдан Ақмолаға (Астана) табан тіредік, батыл қадамдар жасалды. Айталық, әйгілі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен иықтас Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды. Сөйтіп, 1996-1997 оқу жылынан бастап Астана өміріне жан бітірген қазақтың ұл-қыздарын осы университетке оқуға жинадық. Елордада қайнаған тіршілік, жаңа өмір басталды.

Астананы Алаштың ортасына айналдыру идеясы Елбасы Н.Назарбаевтың та көкейінде жүрген арман еді. Оған оның «Қазақстан үшін Ақмоланың орны ерекше… Маған салса, шіркін астана болар жер – Қазақстанның кіндік орталығы, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де, оңтүстікке де қашықтығы бірдей, жетпіс жеті жолдың торабында тұрған Ақмола емес пе…» деген сөзі дәлел. Бұл жер туралы өз заманында Асан Қайғы да Есілдің бойын көріп, «алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» депті.

Бұрын Қараөткел, Ақмола, Целиноград аталған қазіргі Астана қаласы Елбасының назарына ілікті. Мемлекеттің жаңа астанасына лайықты жерді анықтау жұмыстары жүргізілді. Республиканың барлық аумағы мұқият зерттелді. Солардың ішінде Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе қалалары да болды. Ақыры, 32 ұстаным тұрғысынан жүргізілген талдау жұмыстары Ақмола қаласына тоқтады.

Географиялық тұрғыдан алғанда, тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл қала Оңтүстік Қазақстан, Орал, Батыс Сібір, Еділ жағалауы және Ресейдің орталығындағы қалалармен байланысып жатты. Сондықтан, халықтың көші-қонын елдің басқа аймақтарына ауыстырудың экономикалық-әлеуметтік тиімділігі және жаңа астананың ірі өнеркәсіп орталықтарына жақын болу жағы қарастырылды.

1994 жылғы шілдеде Елбасы Жоғарғы Кеңестің депутаттары алдында астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы шешімін жария етті. Бұл мәселе төңірегінде әртүрлі қоғамдық пікірлер де қалыптасты. Соның ішінде Алматы қаласының сейсмикалық қаупі, Қытаймен шекара, Ақмола облысын қазақтандыру мәселелері жиі-жиі көтерілді. Сондай-ақ, Алматы қаласы тұрғындарының тығыз орналасуы да үлкен проблемаға айналды. Бастапқыда 400 мың тұрғынға шақталып салынған қалада, сол кезде 1,5 миллионға жуық адам тұрған. Бұл есептегіден 3,5 есеге көп, жаңа құрылыстар салу мүмкіндігі аз деген сөз еді. Қаланың экологиялық проблемалары да жетіп артылатын. Жалпы, Астананы көшірудің тактикалық,стратегиялық және саяси астары терең болатын. Уақыттың өзі Алматы қаласының заманауи талаптарға сәйкессіздігін байқатты. Мысалы, Ақмоламен салыстырғанда Алматыда құрылыстар салу 2,5-3 есе қымбатқа түсетіні анықталды. Ақыры, арнайы құрылған комиссия ортақ шешімге келді. Осылайша, 1994 жылы басталған астананы көшіру мәселесіне 1997 жылы нүкте қойылды. Бұл жыл тәуелсіздік тарихында үш ірі оқиғасымен: «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы; екіншісі – астананың көшірілуі; үшіншісі – еліміздің болашағына даңғыл жол салған «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасының қабылдануымен есте қалды.

Астананы көшіру үдерісі 2000 жылға дейін созылды. Араға екі жыл салғаннан кейін, мұнда қаланың символына айналған биіктігі 97 метрді құрайтын «Бәйтерек» монументі бой көтерді. Бұл биіктік – жаңа Астананың негізі қаланған 1997 жылды білдіреді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қай кезеңде болмасын, қала әлемі – жергілікті халықты ру-тайпалық санадан арылтып, ұлттық санасының өсуіне қызмет еткен, елін өркениетке сүйреген. Бүгінде Астана қаласы – іскер, талантты әрі кәсіби адамдардың басын біріктіріп отыр.

Астана қаласының тарихына қысқаша тоқталсақ, Сарыарқа қазақтары Есіл өзенінің бойында орналасқан, көшпелі ел-жұрт аттылы – жаяу өте беретін таяздау тұсын Қараөткел деп атаған. «Ақмола»атауы орта ғасырларда пайда болған, 1830 жылы негізі қаланған. Жаугершілік заманда «Ақмола әскери бекінісі» атанған елдімекенге 1862 жылы қала мәртебесі берілген.

Бергі тарихындағы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге Ақмола қаласы да өзгеріске ұшырайды. 1954 жылдың көктемінде Ақмолаға тың игерушілердің алғашқы эшелоны келеді. Деректер Ақмола облысына 270 мың адамның келгенін айғақтайды.

Ақмола 1960 жылдың аяғында құрылған Тың өлкесінің орталығы болған. 1961 жылдың наурызында қаланың атауы Целиноград болып өзгертіледі…

Тың игеру жылдары Ақмола облысының тұтастығын сақтап қалу жолында күрескен арыстарымыз аз болмаған.

Солардың бірегейі – кезінде Д.Қонаев «…жүрегін адамдікі емес, арыстандікіне» теңеген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов.Оның ұлтшылдығы мен күрескерлігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылды. Ол 1960 жылдарда Тың өлкесін Ресей Федерациясына қосу мәселесі көтерілгенде, «Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар» деп, мұндаймен «ешбір қазақ келіспейтінін» ашық білдірген.

Ал, оңтүстіктегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы мәселеде КСРО-ның Бас хатшысы Н.Хрущевтің өзін тойтарып тастаған. Оның «КСРО біртұтас мемлекет, қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден сұрамай-ақ шеше аламыз» деген сөзіне «Олай болса, бұл – КСРО Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал, онда әрбір республиканың территориясы оның бұлжымас меншігі делінген. Бекітілген Конституцияның талабы өрескел бұзылса,біз халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға қақымыз бар» деген уәжін алға тартқан. Жылымық кезең болғанмен, шиеленіскен жер дауында Мәскеудегі «біріншіге» ашық қарсыласу –шынында да «жүрегінде түгі бар» адамның қолынан келетін әрекет еді. Міне, осындай «империялық» ой-санадан толық арылу – астананы Ақмолаға көшіруден кейін ғана мүмкін болды. 1994 жылы Арқа төсіндегі қалаға Ақмола атауы қайтарылды. Ал, Елбасының «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы (20.10.1997) негізінде 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы болып аталды. Қазіргі кезде Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарынан тұратын Астана қаласының жер аумағы құлашын кеңге жайды, қала халқының саны ішкі көші-қон айырымы есебінен көбейіп келеді. 2009 жылғы халық санағы бойынша Астана қаласында 613,6 мың адам есепке алынса, 2012 жылы 743 мың адам тіркелген. Қазақстанның ұлттық құрамы туралы деректерде қазақтар 65,2, орыстар 23,8, татарлар 1,7, украиндар 2,9, немістер 1,5 және басқалары 4,9 пайыздық көрсеткішті құрайды.

Қалалар тарихында астаналар әкімшілік орталығы ғана емес, еркіндік пен демократияның, жалпы Ұлттық жаңарудың орталығы болған. Оған Елбасының «Біз астананы мүлде жаңадан салдық. Оны көшіруге байланысты болған барлық проблемаларды жүрегімізден өткіздік. Бұл арман еді. Енді ол – тамаша қала, Қазақстанның мақтанышы және жүрегі…» деуі – нақты айғақ.

1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» мәртебесін алды, дүние жүзіндегі жетекші елдермен тығыз байланыс орнатқан. Астананың 20 бауырлас қаласы бар. Ірі ресми кездесулерді айтпағанда, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым саласындағы іс-шаралардың бәрі Астана қаласында өтеді. Осындай жаһандық үдерістердің қайнаған ортасында тіршілік ету – жастар үшін мақтануға тұрарлық ерекше құбылыс. Өйткені, болашақ Астанадан басталады.

Күлпаш IЛИЯСОВА,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, доцент

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =