Алаштың Ахаңы

0 145

Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен қазақтың асыл тұлғаларының бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған «Алаштың Ахаңы» атты тағылымға толы кеш өтті.

Жақсылар мен жайсаңдар жиналған кеште ұлт қайраткері, түркітанушы, тіл саласының білгірі, бір басына сан түрлі өнер тоғысқан Ахмет атамыз туралы парасатты сөздер көп айтылды. Филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы Ахаңның өз заманында туған халқы үшін мойнына жүктелген міндетті толығымен орындағанын айта келіп, оның ұлттың мұраты жолындағы ерлігі мен еңбегі туралы ғибратты ой өрбітті.
Қаллеки театрының әртістері алаш ардақтысының өмір жолынан сыр шертетін «Ұлт қайраткері» атты қойылымды ұсынды. «Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырнамасы» деп аталған бейнесюжет көрсетілді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Еуразия­лық білім және ғылымды дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры, тектінің ұрпағы Азамат Нұрланұлы: «Маған Ахметтің ұрпағы деген сөз мақтаныш болғанмен, ол үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан ардақты есімге кір келтірмей, атам секілді ұлтқа қызмет етуді мақсат санаймын» деді ол.
Тағылымға толы кеште мектеп оқушылары Ахмет атамыздың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Дарынды әнші Рамазан Стамғазиев халық әндерін тамылжыта шырқады. Жас дәстүрлі әнші Амангелді Сейітхан Ақын Хамитбек Мұсабаевтың «Қаншеңгел» поэмасындағы Ахаңның Файзолла досына жазған монологын шырайын кіргізіп орындады. Күйші Айбек Бекбосын «Алаш» күйін күмбірлетті. Қысқасы, кешке жиналғандар Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасынан ой түйіп, рухтанып қайтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × four =