Алашты ұран еткен ұл

0 451

Ұлт мұратын ұлықтау әсіре қызыл ұранмен емес, ел игілігіне адал қызмет етумен іске асарына ден қойсақ, кейінгі елу-алпыс жыл бедерінде алаш баласының ардақтысына айналған бірегейлер легінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері бүкіл саналы ғұмырын әдебиетке арнаған ғалым, ұстаз, қаламгер Рымғали Нұрғали тұлғасы өркештене танылады.Бүгінгі таңда есімі алаш баласының мақтанышына айналған академик Рымғали Нұрғалидың азаматтық сапарының бастауы «түрі – ұлттық, мазмұны – со­циалистік өнерге» сара жол ашылып, іші-сырты бірдей ұлттық хас өнердің қолына білекшін, аяғына кісен салынған, кеңестік билік басына бірінен соң бірі келген «көсем» хатшылардың аузынан шыққанды әулиенің сөзіндей бағып, ауанына жығылып, ыңға­йына құлағыш «оқығандардың» айы оңынан туып тұрған кезеңмен орайлас­ты. Ғылым мен өнерді нан тауып, нәпақа айырудың көзіне балаған жағдайда, университет қабырғасынан енді шыққан жас жігіттің алдында «үлгі» аларлық «тағылымды жолдардың» талай түрі болғаны да шүбәсіз. Талай-талай талапты жастың сол жылдары коммунистік идеология­ның шылауында кеткені де шындық.
Қазіргінің көзімен қарағанға «қалың ел, қайран жұрттың» арманы мен аңсарын, мұраты мен мұңын бала кезден Абай, Шәкәрімдей даналардың сөздері арқылы құлағына сіңіріп, санасына ұялатып жетілген, есейе келе Мұхтар ­Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев тектес арлы ғалым-ұстаздардың алдын көріп, ұлағатын дарытқан жастың ұлт игілігіне қызмет етуден басқа жолды таңдауы мүмкін еместей сезілетіні бар. Алайда өткен ғасыр үлесіндегі кеңестік жылдарда уақыт ырқына ыңғайлана отырып, ұлт қажетін ақтайтын ой-пікірлерді, дәлел-деректерді сыналай жеткізудің өзі ақкөз батыр­лықпен пара-пар болғаны бүгінде баршаға аян.
Ұтырлы тұста айта кету абзал, қазақ халқының кемел ой мен көркем сөз дүниесіндегі тарихы көне дәуірлерден тамыр тартып жатқандығын, ғасырлар бойына қалыптасқан ұлттық таным, көркемдік дәстүрлердің кеңестік кезеңдегі әдебиетке де игі ықпал тигізіп отырғанын, тамырында ұлттық қа­сиет тулаған туындылардың ғұмыры ұзақ боларын орайлы тұстарда оңтайын келтіре аңғарту әдебиеттанушы Р.Нұрғали зерттеулерінде әзелден етене сипат болып қалыптасты. Аталмыш ерекшелікті ғалымның 1968 жылы жарық көрген «Трагедия табиғатынан» бастап, тәуелсіздік жылдарында жарияланған зерттеулеріне дейінгі аралықтағы үлкенді-кішілі еңбектерінің қай-қайсынан да көре аламыз.
Ұлт мұратын діттеген ашық пікірдің жолы кесілген кезеңде шындыққа ұмтылған талабына бола, әділетке жүгінген ойларына бола қаншалықты қиянатқа ұшырағанын, ақиқатқа құштар жанының қаншалықты азап кешкенін түсіну үшін ғалым ағаның өзін тыңдасаңыз, ол: «1973 жылы мамыр ­айында Қазақ университеті филология факультетінің Ғылыми кеңесінде «Қазақ драматургиясының поэтикасы» тақырыбында докторлық диссертация қорғадым. Жасым 33-те, – дей келіп, қорғаудан ке­йінгі қисынсыз дау-дамай, негізсіз домалақ арыздар жайында айтып өтеді де, – Диссертация көптеген сараптан өтіп, енді бекиін деп тұрғанда, «алашордашыл, ұлтшыл авторларды мақтаған» деген мықты арыз барды. Сол арыз ақыры алғашқы докторлық диссертацияны «өлтірді» деп қайыра салады. Ащы да болса, шындық. Қаскөйлік диссертацияны «өлтірді». Бірақ жеңіске жете алған жоқ.
«Алашордашыл авторларға» бүйрегі бұратын ғалымның кеңестік кезеңде кеудесінде сәулесі бар қауымға ишаралай жеткізген ұлттық көркемдік дәстүрге қатысты, қазақ халқының біртуар тұлғаларына қатысты ой сілемдері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ жоталана тұтасып, ғылыми-әдіснамалық ұстанымға ұласты. Әдебиеттанудағы ілкі ізденістерінің өзінде із тастай бастаған ұлттық идеяға негізделген әдіснама ғалымның «алаш ұранды әдебиет» (Р.Нұрғали) өкілдеріне арнаған еңбектерінде айшықтала танылды. Бұл – осынау үлкен мақсат жолында ұзақ жылдар бойына сан қилы қысталаң-қыспақты, әділетсіздік пен арсыздықты бастан өткерген Алашұлының (М.Құл-Мұхаммед берген әділетті баға) ғана емес, ұлттық әдебиет ғылымының да жеңісі болғаны дау­сыз.
Ықылым замандардан ынтымақ пен ерлік ұранын ту еткен әдебиетіміздің өркендеу сапарындағы өрісті бағыттардың көшбасына айналуға көркемдік қуаты толығымен жететін шырайлы да шұрайлы туындылармен қоса, барша адамзат тарихында алашақ орны бар ұлт перзенттерінің өзін де туған елінің жадынан өшіруге жан салған саясаттың тұсында төл топырағымыздағы сопылық ойдың сардары Ахмет ­Ясауиден ұлттық театр өнеріндегі қарлығаш қазақ Жұмат Шанинге дейінгі аралықта ғұмыр кешкен дарабоз дарындардың есімін де, еңбегін де халық санасында жаңғыртуға, сол арқылы идеологиялық тұман ішінен сәуле іздеп қарманған қалың қауымға тарихының тереңдігін, болмысының дегдарлығын танытуға мақсат ұстанған Р.Нұрғали еңбектері әдебиеттану ғылымының жетістіктері болып қана қалмай, қоғамдық сананы қалыптастыруда да маңызды қызмет атқарды.
Тарихты тану өткенге тағзым етумен шектелсе, тоқырауға жол ашпақ. Бүгін мен ертеңге жол сілтер тағылымға ұласса, кемелдікке бастамақ. Бұл, әсіресе, көркемдік даму үрдісінде жетекші мәнге ие алғышарттардың бірі. Демек, мәдениеттің мә­йегі – көркем сөз өнерінің мүмкіндігін халық игілігіне барынша жаратуды көздеген әдебиет­танушы үшін өз тұсындағы әдебиеттің бары мен жоғын түгендеп, олқының орнын толтыруға ұмтылу – азаматтық парыз. Парыз алғаусыз ниетке тиянақты білім мен тынымсыз еңбек ұласқанда ақталмақ.
Академик Нұрғалидың әдебиетімізде кенжелей туып, ғылымда кешеңдеу қолға алынған көркем сөз үлгісі – драматургияның тарихы мен теориясын сабақтастыра зерттеп, әлемдік жауһарлармен салыстыра зерделеу арқылы дәйектей көрсеткен тұжырым-пікірлерінің ұлттық драма өнерінің жетіле түсуінде әсер-ықпалы аз болмағандығын көзі қарақты, көңілі таза қауым жоққа шығармасы хақ. Жалпы, ғалым назарына ілікпеген әдебиет саласы жоқ. Ол қандай мәселе төңірегінде ой толғаса да, сыншы ретіндегі, зерттеу­ші ретіндегі түпкі мұраты әдебиет пен ғылымның дамуына, қаламгер мен ғалымның өсуіне, әлеу­меттің таным-түсінік аясының кеңеюіне қызмет ету болғандығы үлкенді-кішілі еңбектерінің әрқайсынан-ақ аңғарылып тұрады.
Халқының қызметшісі болуды өмірінің мәніне айналдырған адамның ұстаздық жолды таңдауы табиғи заңдылық сияқты.
Сексенінші жылдардың басында дәрісін тыңдап, жүріс-тұрысына дейін өзімізге үлгі еткен ағамыздың Бейсекеңдей ұстаздарына, әріптес-тұстастарына, ізбасар іні-қарындастарына деген құрметін, білімділігі мен шешендігін айтпағанның өзінде, көркем сөздің шынайы қасиетіне енді-енді бойлай бастаған жас буын – шәкірттеріне деген ілтипаты бізді таңғалдыратын.
Бір ғана мысал. Сол жылдары жиі ұйымдастырылып тұратын поэзия кештерінің бірінде Светқали (Нұржанов) «Қара саба» деген жаңа өлеңін оқыды. Қазақы қасиетке, қазақы танымға, қазақы мінезге толы тамаша өлеңге жұрттың бәрі сүйсіне қол соқты. Ең ғажабы – ертеңіндегі дәрісті Рымғали ағамыздың «Қара сабаны» жатқа оқып бастауы болды. Қасымызда жүрген досымыздың өлеңін өзіміз пір тұтатын ұстаздың бір тыңдағанда жаттап қалуы бәрімізге кереметтей әсер еткені де, сабақтағы осы жәйтті естіген Светқалидың мерейі таси шаттанғаны да шындық.
Шәкіртке білім беріп қана қоймай, қабілетіне сенім, арманына қанат бітіру – нағыз ұстаздың ғана бойынан табылар қасиет екенін ойласақ, Рымғали аға – қасиет қонған ұстаз. Бұл сөзіміздің шындығына дәрісін тыңдап, тәлімінен үйренген кешегі студенттерден ғылым докторларына дейін жалғасып жатқан шәкірттері куә.
Дана Абайдың поэзия­сы мен ұлы Әуезовтің туындыларына, олар жайындағы ел әңгімелеріне ес білгеннен қанығып өскен жанның ойы орамды, тілі шалымды қаламгер болмасқа әддісі де жоқ-ау. Тіл байлығы мен бейнелеу шеберлігін көсіле көрсетуге мүмкіндік бермейтін ғылыми зерттеулердің өзінде суреткерлік қабілетін қажетінше пайдаланып қалатын ғалым аға көркем шығарма жазуға құлай берілсе, қазақ прозасында болмыс-бітімі өзгеге ұқсамайтын, алуан үлгідегі бірегей бейнелердің талайы жасалар ма еді, кім біледі. Жазушы Рымғали Нұрғалидың қаламынан туған «Жартастағы қарағай», «Атшабыс ертең», «Ай қанатты арғымақ» секілді шығармалары осындай ойға жетелейді.
Айта берсе, ой көп. Кей-кейде қанатты қиял ырық алып кеткен сәттерде Рымғали ағам салқар дала төсінде шаңырақ тіктеген салуалы ақ орданың ішінде маңына үйірілген ұл-қыздарды ұлағатымен ұйытқан абыз болмысты ақылман аталықтай көрінетіні бар.
Адалына жүгінсек, саналы ғұмырын ұлт мұратына арнап, ғалымдық, ұстаздық, қаламгерлік күш-қайратын, білім-білігін ел игілігіне жұмсаған, еңбегінің жемісі бүгінге үлгі, ертеңге нұсқа болған, ұлт ұрпағының бірнеше буынын қанаттандырған абзал жүректі ағаны аталық десе, несі айып?!.

Кенжебай АХМЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 8 =