«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алашқа қызмет еткен қос құрдас

0 1  058

«Қазақ елінің уставы» немесе болашақ заманауи Қазақ мемлекеті конституциясының жобасы көрнекті ұлт зиялылары Әлихан Бөкейхан мен Барлыбек Сырттанұлының достығы мен сая­си әріптестігінің бірден-бір жемісі болса керек. Демек, екі қайраткер Алаш мемлекетін құруды алдын ала жоспарлаған. Барлыбек 1911 жылы жазған Жарғы 1917 жылдың 12 желтоқсанында құрылған Алаш автономиялық республикасы Конституциясының жобасына негіз болды.

        Әлихан Бөкейхан (1866-1937)                                  Барлыбек Сырттанұлы (Сыртанов) (1866-1914)

Алты Алаш көсемі Әлихан мен көрнекті Алаш қайраткері Бар­лыбек Сырттанұлының (Сыртановтың) сонау студенттік күнде­рінен танысып, кейінірек жақын достасып, туған халқының құқы мен азаттығы үшін қоян-қолтық күрес жүргізген саяси әріптес болғанын қалың қа­зақ қоғамы Барлыбектің мезгілсіз қайтыс бо­луына байланысты Әли­хан­ның «Қазақ» газетінде жария­ланған «Барлыбекті ұмыт­пасқа» атты азанама-мақаласынан ғана оқып білді. Міне, сол мақаланы арқау етіп, Әлихан мен Барлыбектің алғаш танысқан кезін саралап көрейік.
Әлихан мен Барлыбек құрдас, бір жылда – 1866 жылы дүниеге келіпті. Бірақ Әлихан төңкеріске дейінгі Семей облысы Қарқаралы оязына қарасты Тоқырауын болы­сының 7 ауылында 5 наурызда туса, Барлыбек Жетісу облысының Қапал оязына қарасты Арасан болысында дүниеге келеді. Қай айда туғаны белгісіз.
Әлихан әйгілі Барақ сұлтанның («Көкжал Барақ») кіндігінен тара­ған, 1816-1818 жылдары Орта жүзді билеген Бөкей ханның тікелей ұрпағы, төре-сұлтан тұқымынан болса, Барлыбектің әкесі Сырттан беделді, қалың жұртқа сөзі өтетін кісі болыпты. «Қазақ» газетіндегі «Сырттан» атты шағын мақаласында Әлиханның өзі жазып кеткендей, «жасында батыр болған» көрінеді.
Әлиханға қарағанда Барлыбектің жоғары оқуға түсу жолы әлдеқайда қысқа әрі «жеңілдеу» болғанға ұқсайды. Барлыбек жоғары оқу орнына тікелей жол ашатын Алматы (Верный) гимназиясын тә­мамдаған соң, С.-Петербор уни­верситетінің шығыстану факультетіне Әлиханнан 4 жыл бұрын түсіпті. «1890 жылы мен Петроградқа барғанымда, – деп жазады Әлихан досының мезгілсіз дүние салуына қайғырып, көңіл айтып жазған «Барлыбекті ұмытпасқа» атты мақаласында, – Барлыбек Петроград (ол кезде әлі де «Санкт-Петербор» аталатын. – С.А.) университетін бітірген еді. Барлыбек сол жылы жолдасы Ғабидолла Теміровпен (осы күні Тобол окружной судында член) Петроградта тұрып қалды. Онда мен оқу қуалап анда-санда болмаса, жақындасқан жоқ едім. Жігіт сыны одақтасып іс қылғанда белгілі болады. Ол кезде оқып жүрген қазақ баласына жұртына қызмет қылу парыз болып көрінбеген шақ».
Бұл мақаланың «анда-санда болмаса, жақындасқан жоқ едім», «ол кезде оқып жүрген қазақ баласына жұртына қызмет ету парыз болып көрінбеген шақ» деген жолдарына назар аудару керек сияқты. Әлихан отаршыл әкімшілікке империяның жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастарының сырын ашып бермеу үшін көп құпияны жасырып отыр. Олай деуге себеп, мысалға, Оксфорд университеті Ресей қара­мағында болған Орта Азияны зерт­­теу қоғамы зерттеушілерінің пікірінше, «жас күнінде Ә.Бөкейхан бітіспес төңкерісшіл («радикальный революционер». – С.А.), социалист және «Зар заман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі болды».
Біріншіден, ағылшын ғалым­дарының «орыстарға қарсы» дегенін «отаршылдыққа қарсы» деп түсінген дұрыс болар. Екіншіден, отаршыл империяның астанасында білім алып жүрген қазақ жастарының отаршылдыққа қарсы студенттік үйірме немесе, ағылшын ғалымдары жазғандай, «әдеби топ» құрды деп мәлімдеуіне толық негіз бар. Өйткені, біріншіден, Барлыбек пен Әлихан С.-Петерборда білім алған ХІХ ғасырдың 90-жылдары төңкерістік қозғалыстың әлдеқайда ұйымдасқан әрі қуатты толқыны көтеріліп, ілгерішіл Ресей зиялылары мен студент жастарының бүкіл сана-сезімін отаршыл империяны түбегейлі қайта құру идеясы билеген кез болатын. Екіншіден, дәл осы кезде және кейін де бір ғана С.-Пе­­­­­­­тербордың маңдайалды жоғары оқу орындарында кемінде он шақты қазақ баласы білім алатын.


Ол аздай, ХІХ ғасырдың 90-жылдары отаршыл империя астанасында кемінде тағы 2 иісі қазақ оқыды. Ол екеуінің есімдері Бақытжан Қаратайұлының Оралдан 1910 жылдың 30 қыркүйегінде Самарада эмиграцияда жүрген хатында айтылады. Бұл хат, сонымен қатар, қазақ жастары С.-Петерборда оқу жылдарында бірінің жалдап тұрып жатқан пәтерінде тұрақты түрде болмаса да, жиі бас қосып, ол, Окс­форд университетінің ғалымдары жазғандай, «патшаға қарсы әдеби топ» па, жерлестер ұйымы немесе саяси марксистік үйірме ме, әйтеуір сондай бір құпия ұйымның астыртын демесек те, бейресми мәжілістерін өткізіп тұрғанын толық растайды. Егер Әлиханның Орман институтына түскен кезде институт директорының (ол кезде Орман институтының басшысы «ректор» емес, «директор» деп аталған. – С.А.) рұқсатынсыз ешбір қоғамдық ұйымға, оның ішінде жерлестер қоғамына мүше болмауға міндеттеніп, қолхат бергенін ескеретін болсақ, кез келген студенттік топ, жерлестер ұйымы не үйірменің тек құпия құрылып, астыртын жиналатынына еш күмән болмаса керек.
Қазақ студенттерінің жерлес­тер қоғамының немесе патша би­­лі­гіне қарсы «Зар заман» әдеби тобының жиналатын жерінің бірі Б.Қаратайұлы жалдап тұрған пәтері болғанға ұқсайды. Ол пәтерге Әлиханмен бірге Барлыбектің де жиі келіп тұрғанына күмән болмаса керек. Ал Әлихан, Бақытжанның хатына қарағанда, қазақ ­ астыртын қоғамын ұйымдастырушылардың бірі, оның бейресми жетекшісі, шешені болған көрінеді. С.-Петер­бордағы астыртын осы әдеби үйірме-топқа мүше болған қазақ жастарының біразы жылдар өте келе бүкіл отаршыл империяға, оның ішінде оның отарлық езгісін бастан кешкен қазақ халқына кең танылған қоғам қайраткері, І және ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, халқына ата-баба жерін қайтарып алып беріп, ұлттық мемлекеттің шаңырағын қайта көтеру жо­лындағы қиян-кескі күрестің жалынды өкілі болып өседі. Әйтсе де, сол жастардың ішінен Барлыбек Сырттанұлы Алаш ұлт-азаттық күресінің көрнекті қайраткері ретінде танылса, Әлихан Бөкейхан 6 миллион қазақ халқының бүкіл отаршыл империя жұртшылығы мойындаған ұлт көсеміне айналады.
Барлыбектің туған еліне 1891 жылы оралып, Ташкент қала­сында Түркістан генерал-губерна­торының қазыналық палатасына қызметке алынғанын ескерсек, ол С.-Петерборда шығыстанушы мамандығы бойынша қызмет күтіп бір жылдай кідірді деп кесіп айтуға болады. 1894 жылдың қазан айында Орман институтын 2-дәрежелі ормантанушы-ғалым, қазіргі тілмен айтсақ – орман агрономы мамандығымен тәмамдаған Әлихан да бір жыл кідіріп, 1895 жылдың жазында ғана туған елі – Қарқаралы қаласына не оязына емес, Омбыға оралады. Сөйтіп, сонау 1891 жылы С.-Петерборда қош айтысқан екі құрдас дос – Әлихан мен Барлыбек – араға 20 жылдай уақыт салып, 1910 жылы тағы да сол Петербургте жүздеседі. 1890 жылы С.-Петерборда алғаш көріскендегі Барлыбек туралы Әлихан «осы күнгідей бірігіп істейтін іс – өнер болмаған соң, онда мен Барлыбекпен сырлас бола алмадым» деп жазса, 20 жыл өткеннен кейін көрген Барлыбекті ол былай деп сипаттайды: «Барлыбек жеріне қайтып, Жетісу облосной мекемесінде қызмет қылды. Кешегі бұлт айығып, күн шыққан заманда ұялшақ, қыз мінезді Барлыбек жұртым деп іске кірісіп орнынан шықты».
Иә, Әлихан жазғандай-ақ, Барлыбек 1891 жылдан 1894 жылдың қыркүйегіне дейін Жетісу облыс­­тық басқармасының іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Оның артынша айрықша тапсырмалар бойынша кіші шенеунік қызметін атқарады. Ол Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, отаршыл әкімшілік өкілдерінен тепкі, шеттету көрген қандастарына көмек көрсетуді өз борышы санады. Барлыбектің отаршыл әкімшіліктің саясатына қарсы наразылығы бірте-бірте арта түсіп, туған халқының мұң-мүддесі мен азаттығы үшін күресін осы кезде бастады деуге толық негіз бар.
1903-1907 жылдары Барлыбек Ресей-Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалыса­ды. Отаршыл империя әкімшілі­гінің Ресейдің ішкі гүбернелерінен қазақ даласына көлдей ағы­лып келіп жатқан жерсіз «қара шекпенділерді» (Алаш қайрат­керлері қазақ жеріне көшіп келген орыс шаруаларын «қара шек­пенділер» дейтін. – С.А.) Жетісу өңіріне қоныстандырып, жергілікті халықтың мал жа­йылымдарын, тұщы су көздерін, жайлау, қыстақтарын, егін жайларын «артық жер» деген желеу­мен тартып алуына қарсылық білдіре бастайды. Сол себепті отар­шыл әкімшілік сол кезден бас­тап оның басқан әрбір қадамын, меншікті жер-суынан айырылған қазақтармен өткізген әрбір жиынын, солардың өтінішімен жоғары жаққа жазған әрбір арыз-хатын қалт жібермей бағып отырады.
Барлыбек 1911 жылы жарыққа шыға бастаған қазақтың тұң­ғыш журналы «Айқап» беттері­нен халқының әлеуметтік-саяси мүдделеріне қатысты мақала­ларымен көріне бастайды. Қысқаша қорыта айтқанда, құрдас досы Әлиханмен екінші рет кездесетін 1910 жылға дейін Барлыбек отаршыл әкімшіліктің түрлі басқару құрылымында қызмет істеп келген болса, Әлихан педагогикалық, ғылыми-зерттеу, журналистік-публицистік және қоғамдық-саяси қызметтерін қатар атқарып келді.
С.-Петерборда ормантанушы-ғалым және заңгер мамандықтары бойынша екі бірдей жоғары оқу орнын қатар бітірген Әлихан еңбек жолын 1894 жылдың күзінде Тобыл гүбернесінің Ялутаров оязына қоныстанған «қара шекпенділердің» тұрмыс жағдайын зерттеу үшін жасақталған «Тобыл экспедиция­сы» жұмысына атсалысудан бас­тайды. Экспедиция жұмысын шамамен 1895 жылдың ақпан айында аяқтап, 3 ай туған елі Тоқырауын болысында демалып, сол жылдың жазында Омбыда «Половцев экспедициясына» Дала генерал-губернаторының рұқсатын күтіп жатып, рұқсат берілмеген соң, ұзақ жылдар сол қалада қалып қояды. Сол 1895 жылдан Барлыбекпен екінші жүздескен 1910 жылға дейінгі аралықта ол Омбыда төменгі орман мектебінің оқытушысы сынды педагогикалық қызмет, өлкелік және астаналық мерзімді басылымдарда журналистік, пуб­лицистік, редакторлық қыз­меттер, Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің толық мүшесі (1896-1902), оның Басқару комитетінің (Распорядительный комитет) мүшесі (1902-1906), Мәскеудің ауылшаруашылық қоғамы Омбы бөлімінің мүшесі (1899-1906) сынды ғылыми қызметтер, «Тобыл экспедициясынан» басқа Ф.А.Щербина мен С.П.Швецов бастаған тағы 2 экспедицияға қатысқан ауқымды ғылыми-зерттеу қызметі, шамамен 1904 жылдан Ресейдің земство қозғалысына қызу араласқан қоғамдық, 1905 жылдан Ресейдің Конституциялық-демократиялық партиясына, Ресейдегі патшалық билікке қарсы барлық саяси партияның күшін біріктіруді мақсат еткен аса құпия «Полярная звезда» («Темірқазық»; 1910 жылдан бастап «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» деп аталды. – С.А.) масон ұйымына мүше болып, 1906 жылдың маусымында тұңғыш шақырылған І Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған саяси қызметтерін қатар қоса отырып, әрі айтарлықтай жемісті атқарды. Нәтижесінде қазақ өлкесін билеп-төстеген отаршыл әкімшіліктің өзі оны «барлық митингі мен құзырхаттың және үкіметке қарсы үгіт-насихат істеріне рух берген, сондай-ақ қазақтардың діни-саяси қозғалысының ең басты ұйымдастырушысы әрі жетекшісі, белгілі насихатшы» есебінде мойындауға мәжбүр болды. Қазақ халқының ұлттық мүддесі мен азаттығы жолындағы жалынды күрескер, шынайы ұлт жетекшісі ретінде Әлиханды отаршыл әкімшіліктен бұрын Ұлы дала халқының өзі мойындады. Мысалға, 1909 жылдан Самара қаласында өз еркімен эмиграцияда жүрген Әлиханға 1910 жылы жазған хатында Бақытжан Қаратайұлы былай деп ағынан жарыла жазды: «Халықтың сеніміне, меніңше, жалғыз сен ғана лайықсың. Халық­тың мұң-мүддесіне қызмет еттім деп айтуға сенің ғана хақың бар! Басқа кім бар?!».
Оған қоса, Әлихан 3 рет абақтыда болып үлгерді. Оның ішінде ешбір тергеусіз, сотсыз 2 рет 1897 және 1906 жылдары Омбы және Павлодар абақтыларында, І Мемлекеттік Думаның күштеп таратылуына наразы болып әйгілі «Выборг үндеуіне» қол қойып, таратқаны» үшін С.-Петербор сот палатасының арнайы сот отырысының өкімімен 1 рет (1908 жылы Семей түрмесінде) 3 айдың орнына 8 ай отырып шықты. Ақыр аяғында өзін «ит жеккенге» айдауын тосып отырмай, 1908 жылдың соңында Семей түрмесінен шыққан бойда алдымен Петерборға, одан Самараға эмиграцияға кетеді.
1910 жылдың жазында Барлы­бекті 20 жылдан кейін екінші рет жолықтырғанда, Әлихан Петерборға өз еркімен эмиграция­да жүрген Самара қаласынан ке­ліп жеткен болатын. Әлихан бұл кездесуді былай суреттейді: «1910-1911 жылдары Жетісу қазағының жеріне қам қыламын деп Барлыбек Петроградта бірнеше ай жатты. Мінезі «ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» еді. Бұл жолы көп сөйлесіп, Барлыбек мінезімен жақсы ашына болып едім. Ақкөңіл, қыз мінезді көріп едім».

С.-Петербор жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттері: солдан оңға қарай Б.Қаратайұлы, М.Сердалин, Б.Сырттанұлы, Ж.Сейдалин

Отаршыл империяның астанасына екі жыл қатарынан – 1910 және 1911 жылдары – екі Алаш қайраткері де қалың елі қазағының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келген еді. Барлыбек мал жайылымы мен егін жайынан айырылған Жетісу қазақтарының қамымен келсе, Әлихан 6 миллионға жет­кен бүкіл қазақ халқының сай­лау құқын қайтарып алу мақса­тымен келген еді. Еске сала кету керек, қазақ депутаттары қатысқан Мемлекеттік Думаның ІІ шақырылымы таратылған күні – 1907 жылдың 3 маусымында жаңа тағайындалған реакцияшыл премьер-министр Петр Столыпиннің ұсынуымен, Николай ІІ патша сайлау туралы ереженің (заңның) қазақ халқын сайлау құқынан, яғни парламент (Мемлекеттік Дума) мінберінен айыратын жаңа редакциясына қол қойып бекіткен болатын. Өзі Ресейдегі ең ірі жер иесінің бірі, помещик болып табылатын П.Столыпин ең алдымен өзі сияқты дворяндардың жерін сақтап қалу, ал Ресейдің ішкі гүбернелеріндегі жерсіз шаруаларды мал таситын вагондармен жаппай қазақ өлкесіне көшіріп қоныстандырып, қазақтың «артық» жерін кесіп беруді көздеген атышулы «жер реформасын» еш қарсылықсыз жүзеге асыру үшін қалың қазақ халқын Дума мінберінен айырды.
Отаршыл империяның астанасында 1910 және 1911 жылдары 2 рет кездескенде Әлихан мен Барлыбек қазақтан «артық» деген желеумен күштеп алынған шұрайлы жерін қайтарып алу мен қолында қалған жерін сақтап қалудың амалдарын жан-жақты талқылағанға ұқсайды. Оған Әлиханның «Бар­лыбекті ұмытпасқа» азанама-ма­қа­ласының мына жолдарынан көз жеткіземіз: «Жетісу жері екі түрлі: Бірі Алатаудың малға күйлі белдеуінде, бірі егінге жай өзеннің өлкесінде. Мұның екеуіне екі түрлі әдіс мақсұт екен дескен едік. Мал баққан жұрт мал бағып тұра берсін, егінші жалайыр мұжықша жер алсын, түптен келе жатқан егінші ғой, егін салып таласса, мұжыққа өз еншісін бермес дедік».
Одан да маңыздысы – Әлихан мен Барлыбек халқын отарлық езгіден босатуды және ұлттық мемлекеттіктің шаңырағын қайта көтеру мүмкіндігі мен жолдарын терең саралап, тіпті келешек ұлттық мемлекеттің шекарасын да шамалаған және оның саяси билік жүйесін де нақты жоспарлаған сияқты. Олай деуге бірден-бір себеп: Әлиханның «Қазақтар» (түпнұсқада «Киргизы». – С.А.) атты тарихи-анықтамалық очеркі дәл сол 1910 жылы және сол Петерборда кездейсоқ жарық көрген жоқ-ты. Шығармада қазақтың ата-бабаларынан мұраға қалған және қазақ халқы басым тұратын көне жері ретінде 9 облыс, 1 гүберне және Алтай өлкесінің қазақтар жинақы тұратын бірнеше болысын тізіп келтірілді. Арада жеті-ақ жыл өте, Жалпықазақ құрылтайының 1917 жылғы 12 желтоқсанындағы мәжілісі ұлттық-территориялық Алаш автономиясын құрып, дәл осы 9 облыс пен 1 гүберне және Алтайдың бірнеше болысын (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігі. – С.А.) автономияның жері деп жариялағаны мәлім.
Екінші маңызды айғақ – ав­тор­лығын жалғыз Барлыбек Сырт­тан­ұлына таңып жүрген «Қазақ елінің уставы» жобасының астына жазылған уақыты мен орны «13 маусым, 1911 жыл, Петербор қаласы» деп көрсетіліп, «С.Б.Алаш­инский» деп қол қойылған. Қазақ елінің бұл Жарғысы, яғни Конс­титуциясы жобасын Барлыбек пен Әлихан екеуі 1911 жылдың жазғытұры өзара саралап, бірінің ойын бірі толықтырып, ойларын бірге қорыта отырып жазғанына күмән бар ма?! Әлиханның досы әрі үзеңгілесі Барлыбектің мезгілсіз дүние салуына байланысты «1911 жылы жазғытұры Петроградта тағы да өсітіп іс қылмақ болып, құшақтасып сүйісіп айырылып едік, үш жылда мұндай болмақ ойда жоқ еді» деп қайғыра жазуының астарында осы мәселе жатқан жоқ па?.. Екі қайраткердің Петерборда соңғы рет көрісіп, бірге қандай іс қылмақ болып қоштасқаны мәңгілікке жұмбақ болып қалды. Барлыбек Әлихан досымен бірге мақсат еткен, шекарасын шамалап, тіпті конституциясын да жобалап қойған ұлттық-территориялық Алаш автономиялық республикасының құрылғанын көре алмай, 1914 жылдың 26 қазанында ауыр дерттен дүние салды. Әйтсе де, Барлыбек Сырттанұлының жазып қалдырған «Қазақ елінің уставы» сынды асыл мұрасы сұраусыз қалған жоқ. Марқұмның бұл мұрасы 3 жылдан кейін-ақ – 1917 жылы алдымен «Алаш» партия­сы бағдарламасының «Қазақ» газетінде жарияланған жобасын жасауға тамызық болса, одан соң Алаш ұлттық-территориялық автономиясы Конституциясының жобасына үлгі болып алынды. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан (қазіргі күнтізбе бойынша, 18-26 желтоқсан. – С.А.) күндерінде болып өткен ІІ Бүкілқазақ құрыл­тайының Алаш ұлттық-терри­ториялық автономиясын құрған қаулысына сәйкес, оның Конституциясы Бүкілресейлік құрылтай жиналысында мақұлдануға тиіс болатын. Бұл сөзіміз дәлелді болу үшін тарихи айғақ-дерекке сүйенейік.

«Қазақ елінің уставы», яғни Жар­ғысында болашақ Қазақ елінің ең жоғарғы мемлекеттік билік тетігі ретінде Ұлт мәжілісі, яғни ұлттық парламенті аталған. Жалпы халық сайлауы арқылы жасақталған Ұлт мәжілісі Қазақ елінің басшысы – президентті 4 жылға сайлайды. «Бір президент екі реттен асып ел билеуге құқы жоқ… Қазақ елі президентінің орынбасары – вице-президент. Ол президент жоқ болғанда орнын басады…» делінген жобада.

«Қазақ елінің уставы», яғни Жар­ғысында болашақ Қазақ елінің ең жоғарғы мемлекеттік билік тетігі ретінде Ұлт мәжілісі, яғни ұлттық парламенті аталған. Жалпы халық сайлауы арқылы жасақталған Ұлт мәжілісі Қазақ елінің басшысы – президентті 4 жылға сайлайды. «Бір президент екі реттен асып ел билеуге құқы жоқ… Қазақ елі президентінің орынбасары – вице-президент. Ол президент жоқ болғанда орнын басады…» делінген жобада. Демек, біріншіден, жоба авторының (не екі авторының) демократия құндылықтары орныққан Ұлыбританияның парламенттік және Америка Құрама Штатта­рының президенттік саяси билік жүйелерін үлгі етіп алғаны күмән туғызбайды. Ұлыбританияда монархиялық билік жүйесі сақта­лып, тақта отырған патша не патшайым (король немесе қазіргі кездегідей королева) шартты түрде болса да мемлекет басшысы болып табылғандықтан (іс жүзінде мемлекетті патша атынан премьер-министр басқарады), Жарғы авторы мемлекет басшысы әрі жоғарғы атқарушы билік басшысы, яғни премьер-министр ретінде АҚШ-тың «президент» институтын алған. Яғни жобада Қазақ елінің президенті – АҚШ үлгісі бойынша – мемлекет әрі үкімет басшысы құзырларын қатар атқарады, премьер-министр институты қарастырылмаған. Бұдан туатын маңызды қорытынды – «Қазақ елі уставының» авторы (не қос авторы) болашақ Қазақ ұлттық мемлекетін ұлт мәжілісі (парламенті) сайлай­тын және оның алдында есеп беретін, президент билейтін «демократиялық парламенттік республика» ретінде жоспарлаған.
Ал енді «Алаш» партиясы бағдар­ламасының жобасына назар ауда­райық, онда 1917 жылғы саяси ахуалға қарай «Алаш» дегеннің орнына «Россия», «Ұлт мәжілісі» орнына «Государственная Дума» деп жазылғанын ескеру керек: «Россия «демократическая… республика» болу… Үкімет басында… «Государственная Дума» қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер… «Государственная Дума» алдында жауапты болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады. Законды жалғыз ғана «Государственная Дума» шығаруы һәм «Государственная Дума» үкімет үстінен қарау, іс тексеруі, «запрос» (сұрау) жасау құқы да «Государственная Думада» болуы. Мемлекет салығы «Государственная Думасыз» салынбау».
Байқасақ, Әлихан бастаған Алаш қайраткерлерінің тобы жаса­ған «Алаш» партиясы бағдар­лама­сының жобасында «Қазақ елінің уста­вының» мәтіні болар-болмас қана түзетіліп, жетілдіріліп алынған.
Қорыта келгенде, Барлыбек жазып қалдырған «Қазақ елінің уставын» үлгі етіп алған Конституция жобасы бойынша Әлихан Бөкейхан басшылық еткен Алаш парламенттік-президенттік республика болып құрылды деп кесіп айта аламыз. Ендеше, көрнекті Алаш қайраткері Барлыбек Сырт­танұлының осыдан 107 жыл бұрын жазып кеткен «Қазақ елінің уставы» сынды парламенттік республика конституциясының жобасы және сол жобаның негізінде дүниеге келген Алаш ұлттық парламенттік республикасы парламенттік жүйеге өтудің табалдырығында тұрған тәуелсіз Қазақстан Республикасы үшін де үлгі-өнеге болуға әбден-ақ лайық.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ

Материал «Рухани жаңғыру» бастамасы аясындағы №BR05236848 бағдарламалық мақсатты қаржыландыру және №AP05132901 гранттық жоба негізінде жарияланды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды