«АЛАШ» ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ИДЕЯСЫ

0 3  877

ХХ ғасырдың басы Ресей үшін үлкен саяси өзгерістердің бастауына айналды. 1905-1907 жылдарғы тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революция қазақ халқының саяси санасының оянуына, ұлт-азаттық қозғалыстың дами түсуіне, қазақ қауымында да отарлық езгіге қарсы бағытталған әлеуметтік-саяси күштің қалыптасуына жол ашты. Ондай күш Алаш қозғалысы еді. Оның басында бірсыпырасы Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу сияқты қалаларында оқыған, өз заманына сәйкес жоғары білім алған, озық ойлы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай және т.б. сол кездегі қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары болды. Олар Қазақстанда кеңес өкіметін құрғандардан қай жағынан болсын биік-тұғын.

Ал 1917 жылғы Ақпан рево­люциясының патшалық монархияны тақтан түсіруі Алаш жетекшілерінің жігерін тасытып, рухын көтерді. Бұл оқиға қоз­ғалыстың алдына жаңа міндеттер қойды. Содан қазақ өлкелерін жаппай шарпыған ұлт-азаттық күресті жаңа деңгейге шығаратын саяси ұйымның қажеттігі туды. Ондай құрылым 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен бірінші Бүкіл­қазақт­­ық съездің шешімімен дүниеге келген тұңғыш ұлттық-демократиялық «Алаш» саяси партиясы болған еді.

Қазақ қоғамының сол кездегі саяси ойының бірден-бір жарқын көрінісіндей, халқымыздың төл тарихында терең із қалдырған «Алаш» сияқты партияның сая-си сахнаға шығуы патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатының терең дағдарысын көрсететін, сондай-ақ, қазақ қоға­мын жаңа саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және рухани негізде қайта құрудың қажеттігін танытатын факторлар болатын. Оның бағдарламасының жобасы 1917 жылдың қараша айының 21-де «Қазақ» газетінде жарияланды. Ұлттық даму мен ұлттық теңдік үшін күрес идеясына суарылған, өзінің мазмұны мен саяси мәні жағынан бұрын-сонды қазақ тарихында болмаған бұл бағдарлама жобасы кейін Алашорда автономиясы мемлекеттігінің басты құжатына айналды.

Дүниежүзінің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибелерін тиімді пайдалана отырып, бағдарлама авторлары тәуелсіздік жолын, демократиялық дамуды таң­дай­тындықтарын ашық айт­ты. Осыларды негіздейтін мем­лекеттік-құқықтық идеяларды ұсынды. Бұл мәселелердің бәрін жаңа партия кеңестік қан-төгіс, таптық күрес жолымен емес, ұлттық бірлік негізінде, күрделі саяси реформа арқылы жүзеге асырмақ болды.
10 баптан тұратын қысқа ғана бағдарламада қазақ даласының өзекті мәселелері: сөз бен баспасөз бостандығы, жиналыс еркіндігі, тең құқықтық негізде білім беру, оқу орындарында ана тілінде оқыту, дін ісінің мемлекет ісінен бөлектігі, билік пен сот, ел қорғау, салық, жерді сатпау және т.б. идея-лар бар еді. Осылардың ішінен ұлттық мемлекетке қатысты кейбір қағидалар туралы ойларымызды ортаға салсақ.

Алаш қозғалысының негізгі идея­сы сөзсіз еркіндік пен да­му­дың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Мұны ерте түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мұндай мемлекет дегенде қазақтың ұлт­­­­тық ерекшеліктерін сақтай және сана-сезімін оята отырып, орта­ғасырлық әлеуметтік-эко­номикалық мешеуліктен алып шығатын Батыстық буржуазиялық қатынас жолын таңдағаны белгілі.

«Алаш» партиясының бағдар­ламасында ұлттық мемлекет туралы тікелей сөздер жоқ. Алайда, онда ұлттық мемлекетті басқарудың құрылымы мен сипатына байла­нысты бірнеше принципті қағи­далар бар. Оны«Мемлекет қалпы» (мемлекеттік құрылым-Ә.Б.), «Жергілікті бостандық» және «Билік һәм сот» деп аталатын бірінші, екінші және бесінші тарау-лардан байқау қиын емес.

Бағдарламаның «Мемлекет қалпы» атты алғашқы тарауын­да болашақ мемлекеттің құры­лы­мы арнайы сөз болады. Ресей демо­кратиялық, федеративтік респуб­лика болуы керек деген сөздерден басталып, одан ары демократияның мағынасы мем­лекетті жұрттың билеуі, федерацияның мағынасы құр­дас мемлекеттер бірлесуі, әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынты­мағы бір болып, әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді деген сипатта түсініктеме беріледі. Осын­дағы тең, іргесі бөлек және өз тізгіні өзінде дегенде бағдарлама авторлары тәуелсіз мемлекетті мегзеп отыр. Ал тәуелсіздік сол елдің байырғы тұрғын халқының ұлттық мүддесіне қатысты екені белгілі.

Бағдарламада аса маңызды «Жер­­­гілікті бостандық» деген тараудағы өз тізгіндері өзінде болып біріккен қазақ облыс­тарының Ресей республикасы федерациясының бір бөлігі болуы, реті келсе, қазақ автономия-сы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе отырып, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы сияқты ұсыныстар да көп нәрсені аңғартады. Осындағы «қазақ автономиясы» деген тағы да дербестікті, тәуелсіздікті танытып тұр.

Сонымен қатар «Алаш» пар­тиясының негізін салушылар би, болыс, ауылнайлардың жұртқа пайдалы, жұрт үшін қызмет етуге ықыласты болуларына ерекше көңіл бөлген. Бұл сонау анти­калық заманның кемеңгері Арис­тотельдің мемлекеттің дұ­рыс түріне әкімдер халық, ел пайда­сын ойлаған, билік қоғамға қыз­мет істеген мемлекеттерді жатқызған идеяларымен ұласып жатыр. Сондай-ақ, бағдарламада жергілікті органдардың «таза қызметшілерін» халықтың қалауы­мен, яғни, сайланып қойылуы және олардың жергілікті халықтың тілін білуі, олардың құзіретіне кім болса да мойынұсынуы сияқты принципті мәселелер қарастырылған.

Ғылым мен білімге арналған бағдарлама тарауында бастауыш мектептерде оқудың ана тілінде жүргізілуі алға тартылған. Қазақтың өз тілінде орта мекте­бінің, университетінің болуын күн тәртібіне қоя отырып, автор­лардың оқу жүйесінің ұлттық ерекшеліктеріне ерекше көңіл бөлуі біздердің бүгінгі күніміз үшін де ерекше өзекті екенін айта кетсек, артық болмас. Бұл, әсіресе, білім, ғылым басшыларының ағылшын тілінің қамқорын көбірек соғып, қазақ тілін бір айтуға уақыт таба алмай жүргендеріне тағылымды.

Бағдарламаларды оқи отырып, ондағы идеялардың тереңдігі мен молдығына таң қаласың. Алаш көсемдерінің сол кездегі адамзат тарихы мен мәдениетінің әлемдік қол жеткен әлеуметтік-саяси мұра­­ларынан толық хабардар болғандары, тіпті, бүгінгі заман биігінен қарағанның өзінде-ақ айқын аңғарылады. Пікірімізге тағы бір дәйек келтіре кетейік. Бағдарламадағы Мемлекеттік Дума үкімет үстінен қарайды, оның ісіне бақылау жасайды деген ойлар мемлекетті басқаруда парламенттік-президенттік республика принциптеріне сәйкес келетін жаңаша көзқарастың нәти­желері болатын.

Алаш көсемдерінің қазақтың егеменді, тәуелсіз, «іргесі бө­лек» ұлттық мемлекетін құру турасындағы негізгі идеясы 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен Бірінші Бүкілқазақтардың съезінде жүзеге асты. Тоғыз күнге созылған съезд Автономия құру туралы шешімге келді. Оның атын «Алашорда» болсын деген қаулы қабылданды. Алаш автономиялық мемлекетінің уақытша Халықтық кеңесі құрылып, Ә.Бөкейхан соның төрағасы болып сайланды. Алайда, жаңа замандағы ұлттық мемлекеттің үлгісіндей болған «Алашорда» автономиясы бар-жоғы екі-үш жылдай ғана өмір сүрді. Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ халқының азаттықты аңсаған идеяларының жемісіндей болған Алашорда мекемелерін таратып тынды. 1919 жылы Алаш қайраткерлеріне саяси айламен кешірім жасалғанымен, кейін олар түгел дерлік әртүрлі қуғын-сүргінге ұшырап, қырып-жойылды.
Сөйтіп, қазақ әлеміне шоқ жұл­дыздай жарқырай шыққан Алаш жетекшілерінің талайының ғұмырын қиған асқақ арман, биік мақсат жүзеге аспай, 70 жыл Қазақстан көп жағдайда патшалық Ресейдің жалғасы болған кеңестік Ресейдің құрамында болды. Сөйтіп, бергені аз емес, бірақ алғаны әлдеқайда көп болған кеңестік заманда Қазақстан Мәскеуге бағын­ған, өз тізгіні өзінде емес, өзін-өзі билей алмаған, принципті мәселелерін тек орталық шешетін тәуелді республикалардың біріне айналды. Ең негізгісі – қазақ қауы­мы адамзат қоғамының толық­қанды мүшесі ретінде саяси һәм рухани еркіндікте болмады. Сон­дықтан, Қазақстан мемлекет ретінде де, қазақ халқы ұлт есебінде де толыққанды қалыптас а алмады. Соның зардаптары қазіргі күнге дейін жалғасып, алға еркін жылжуымызға көп кедергі келтіріп отыр.

Құдайға шүкір, 1990 жылы тағдыр сыйлап елімізде азаттық таңы атты. Кезінде Ақпан революциясын «Қазақ» газетінің «киіз туырлықты қазақтың оң жағына ай, сол жағына күн туды» деп жазуының, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлының «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қамкөңілде қаяу арман қалған жоқ» деулерінің шын реті енді келген еді.

Алайда, елең-алаңында ұлттық қайта түлеуге ұмтылу тәуелсіздікке жетуден ары ұзап кете алмады. Социалистік интернационализм идеясымен уланған санамыз Алаш арыстары аңсаған азаттықтың асқақ идеясымен батыл жаңғыр­тылмады. Мемлекетіміздің алғаш­қы құжаттары – егемендік туралы Декларация мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда атап көрсетілгендей, ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады деген аса мәнді қағида көп ұзамай ұмытылды. Оның үстіне қоғамымызда орын алған таңдамай, талғамай Батысқа табыну факторлары кешегі қоғамдағы ұлтсыздық сананың қайта белең алуына жол ашты. Мұның барлығы белгілі дәрежеде ұлттық болмысымыздың күңгірт тартуына алып келді. Ресми қолданыстарда «көпұлтты Қазақстан», «қазақстандық ұлт» деп мемлекет құраушы қазақ ұлтын, «ұлттық идея», «ұлттық мәдениет» пен «ұлттық идеология» сияқты ұғымдарды мойындай бермеушілік және т.б. соның нәтижесі еді.

Меніңше, тағы бір аса маңызды мәселеге назарларыңызды аудара кетсем деймін. Біз кейде Қазақ­станның географиялық, тарихи жағдайларын ескере бермейтін сияқтымыз. Осы кезге дейін қазақтың көк әлеміне шыққан ұлыларымыздың қалыптасуын алып қарасақ, атойлап тұратын мынадай факторды ескермеу мүмкін емес. Ұлы Абайдың әлемдік дәрежедегі рухани шыңға көтерілуі, оның өз халқының сан ғасырлық ұлттық құндылықтарын терең игеруінің, Батыс пен Шығыстың озық мәдениетін бойына сіңіре, үйлестіре білуінің арқасында ғана мүмкін болғаны белгілі. Мұндай мысалдарды жалғастыра беруге болады.

Кезінде Мұстафа Шоқайдың «Батыс тәрбиесін алған зиялы­лардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді» деп жазуы, «шығыс рухы» ұлттық рухымыз болуы керек екендігі туралы пікірлері де қазір құнсыз емес. Бүгінгі «Алаш» партиясының бағдарламасындағы «әділдікке жақ болу, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болу идея-ларын толыққанды атқара алмай отырғанымыздың да түп төркіні осында жатыр. Қоғамда ұмтылыс бар, бірақ әзірше ұтылыс басымдау болып отыр.

Қазіргі Шығыстың қайта оянғанымен де санасу қажет. Әсілі, қазақ жалғыз Батыспен ұзаққа бара алмаса керек. Демократия тек Батыстан тарады, экономикадағы нарықтық қатынас бәрін шешеді деп ойлау – біржақты түсінік. Қазақтың да дала демократиясының тәлімді жағы аз болған жоқ. Нарықтық қатынас кедейліктен құтқаруға ықпал етеді, адамға игілік әкеледі деумен қатар жекеменшік психологиясының адамзат қоғамындағы сан түрлі қақтығыстар мен соғыстардың негізгі себептері болып отыр­ғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Нарыққа көшкелі бері елімізде, бұрынғы посткеңестік кеңістікте қылмыстың бұрын-соңды болмаған түрлерін көріп, естіп жүрміз. Сол себепті де рухани дүниеге, имандылыққа көбірек көңіл бөлетін Шығыстың болмысын, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді терең танып-білу, оны мүмкіндігінше молырақ игеру жастарымыз үшін де, Еуразиялық кеңістікте орналасқан Қазақстанды отаным деп санайтын басқа этнос өкілдері үшін де аса қажет деп санай­мыз. Ұлтым, отаным деп тынымсыз соғып тұрған жүрегі мен намысы бар, мүмкіндігінше Батыс пен Шығыстың рухани құндылықтарын терең игерген азамат қана қазір әлемдік деңгейден көріне алады.

Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық сипаты басым болмай, еліміздегі халықтарды топтастырушылық рөл атқаруға тиісті осы аймақтың байырғы тұрғыны әрі иесі қазақтың шынайы бұл ұлттық идеясы жалпы қазақстандық деңгейге көтерілмейінше, алда тұрған аса зор міндеттерді шешу қиын. Бұл мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 20 жылдан асса да, тәуелсіз сананың қалыптаса алмауынан жоғары білімді қазақ жастарының көбісінің, облыс орталықтарында, ірі қалаларда, тіпті, қазақ мектептерін бітірген ұл-қыздарымыздың орыс тілінде сөйлеуге икем болып тұруы да көп нәрсені аңғартса керек. Ана өз тілінде сөйлемей, баласы анасының тілінде сөйлемейді дегеннің көріністерін күнделікті өмірде аз кездестіріп жүрген жоқпыз. Бүгінгі дін ұстанып, мешітке барып жүрген жастары­мыздың исламның ханафи ба­ғы­тынан тайып, әртүрлі ағым­дарға түсіп, бірсыпыра қаракөздеріміздің түрлі шетелдік секталардың ығынан шыға алмай жүргендері жасырын емес. Бұлардың барлығы ұлтымызды ұйыстыра түсуге көптеген қиын­дықтар келтіріп отыр.

Өркениетті елдер тәжірибесі алдымен мемлекет құраушы ұлттың идеяларын шешеді. Онсыз ол ұлт елдегі басқа этностардың басын біріктірушілік сияқты қоғам үшін аса маңызды миссияны атқара алмайды. Бұл мемлекеттің ұлттық сипаты жағдайында ғана мүмкін бола алады. Бәлкім, мұны бұрынырақ айта беруге қиын да болған шығар, ал қазір қазақ өз жерінде қайтадан басымдыққа ие болып, 60 пайыздан еркін асып отырғанда, жалтақтамай айтуға әбден болады ғой деп есептеймін.

Қорыта келгенде, Алаш қозғалы­сының, оның саяси партиясының ұлттық мемлекет турасындағы идеясын оқып, білуіміз, оны тәуелсіз еліміздің мемлекеттілік ілімімен ұштастыра алуымыз қазіргі жаңа әлемде құрып жатқан жаңа Қазақ­станымызды кемел келешекке жетелейтіні даусыз.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × five =