«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АЛАШ – ұлттың тұтастық идеясы

0 296

Астанадағы Ұлттық музейде Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің ғасырлық мерейтойына арналған «Алаш – қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға алыс-жақыннан жиналған алаштанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, салмақты ой, салиқалы сұхбат өрбітті.

Айтулы шараны Ұлттық музей директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов кіріспе сөзбен ашып, жиынның Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен бір арнада өзектесіп жатқанын айтып, қатысушыларға ризашылығын білдірді. Конференция пленарлық мәжілістен кейін: «Алаш қозғалысының тарихнамасы және мәселелері», «Мемлекеттілік туралы алаш идеясы» және «Алаш және рухани жаңғыру идеясы» деген үш секцияға бөлініп, ғалымдар өз тақырыптары бойынша баяндамаларын оқыды.
Салтанатты шараның ашы­луында «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі, белгілі ғалым Берік Әбдіғали алаштың тарихы мен тұлғалары туралы парасатты ой өрбітті.
– Биыл республикалық деңгейде алаштың жүз жылдығын атап өтіп жатырмыз. Өте дұрыс, бірақ бұл ізгі іс осы жылмен аяқталмау керек деп ойлаймын. Алаш автономиясы 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынборда жарияланды да, оның негізгі қызметі 1918-1919 жылдары өрбіді. Сондықтан алдағы жылы да бұл шаралар жалғасып, әрбір азамат мемлекетке иек артпай, қал-қадірінше өз үлесін қосу қажет. Әлі де алаштың ашылмаған қырлары мен тұлғалары жетеді. Бірақ соны індетіп зерттеп жүрген тарихшылар аз. Көбінесе оған қаламгерлер мен журналистер, тіл мамандары қызығушылық танытады. Әсіресе, аймақтардағы қазақ комитетін құрып, соны басқарған азаматтар мен уездердің төрағалары туралы өмірбаяндық сипатпен шектеліп, олардың қатпарлы болмысы мен қызметін ашудағы іргелі зерттеулер аз, – деді
«Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі.
Берік Әбдіғали жиын барысында жақсы бір жаңалығын жиналған қауыммен бөлісті. Үш-төрт жылдан бері табандап зерттеп жүрген алаш әскері туралы еңбегі «Войско Алаш» деген атаумен кітап болып жарыққа шығыпты. Жиында ғалым осы еңбекке енген, былайғы көпшілік біле бермейтін құнды деректерге тоқталды. Мәселен, оның айтуынша, бірінші дүниежүзілік соғысқа бар-жоғы 7-8 қазақ офицері қатысқан. Колчак үкіметі кезінде «Алаш» деген атау алынып тасталып, оны «конный киргизский полки» деп айтқан. Ал тұңғыш Алаш полкі – «первый конный казахский полки» деп аталған. Командирі өте тәжірибелі, кезінде Аягөзде Алаш жүздігін басқарған, Ақмола облысында туған казак Кольц деген әскери адам болған екен. «Екінші алаш полкіне – Бірінші дүниежүзілік соғыста подполковник атағын алған, жұртшылыққа есімі онша таныс емес Самұратбеков деген офицер тағайындалады. Мұны неге алаш әскері деп атады? Өйткені ол әскер алашорданың басында отырған азаматтармен келіссөз арқылы құрылған әскер болды. Атаман Анненков Омбыдан келіп, өз дивизиясын құрады. Сол кезде ол Семейдегі Алаш зиялыларымен кездесіп, Алаш полкін бөлек жасақтаған. Тоқтамысов басқарған Казахский-партизанский полк осылай құрылған еді» деді зерделі зерттеуші.
Ал Мемлекеттік тарих инс­титутының директоры, тарих­шы-ғалым Бүркітбай Аяған Кеңес үкіметін құрған көсемдердің қалтарыс-бұлтарыс жақ­тарын әңгімеледі. Ол өз сөзінде, Ленин, Сталин, Молотов және тағы басқа қып-қызыл большевиктердің заңға ғана емес, ұғымға сыймайтын әркеттерін, олардың жұршылыққа шын есімдерімен емес, лақап атпен ел басқарып, халықты қандай күйге түсіргенін баяндады.
Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің, Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдығұл Шаңбай болса, «Алаш философиясының үш анығы» тақырыбындағы баяндамасында, алаш алыптары ұсынған сая­си құндылықтардың болмысы қандай деген сауалға жауап іздеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп: «Алаш» атауы қайдан шықты, оған XX ғасыр басындағы қазақ қайраткерлері «алаш» сөзінің табиғатын анықтауға талап қылып, оны көбіне ұлт тарихымен ұштас­тыруға тырысқанын жеткізді. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрк, қырғыз-қазақ һәм хандар» шежіресінен дерек келтіріп сөйледі.
Шара соңында конференция­ның қарары қабылданып, айтылған ой-пікірлер ескеріліп, ұсыныстар енгізілді. Ұлттық музей қызметкерлері келушілерге алаш қайраткерлері тұтынған заттар мен кітаптары қойылған көрме ұйымдастырды. Түйіп айт­қанда, баяғы бабаларымыз­дан қалған «Алаш алаш болғанда» деген нақыл сөздің байрағы желбіреген күн болды.

Азамат Есенжол

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды