«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алаш тағылымы аясында

0 429

Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектебінде Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай Сұлтанмаxмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз!» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш «Алаш ұраны» әніне қойылған композициямен ашылды. «Алашорда үкіметіне – 100 жыл» деген бірыңғай жейде киіп шығып, мың бұрала билеген бастауыш сынып оқушыларының өнері ерекше болды. Бұдан соң ақынның өмірі мен әдеби қызметіне арналған деректі фильм көрсетілді.
– Алаштың ардагер ақынының ұлтқа қызмет ету жолындағы өнегелі ісі – ұрпаққа үлгі. Бүгінгідей кештерді жиі өткізіп, бүгінгі ұрпағымызға насихаттау – біздің парызымыз. Тәуелсіздік Сырым мен Кенесарының, Әлихан мен Ахметтің, Міржақып пен Мағжанның, оның бергі жағындағы түрлі дәуірлерде құрбан болған барша қазақтың аңсаған арманы болды. Жанкешті күрестің тарихын оқушыларға осындай кештер арқылы көрсетуіміз қажет, – деді мектеп директоры Ербол Іргебай.
ХХ ғасырдың басында Ұлттың ояну кезеңінің жалынды жаршысы Сұлтанмахмұт Торайғыров Алашорда үкіметін жан-тәнімен қолдап, «Алаш ұранын» жазып, Алаштың жалынды жыршысы болды. Елді еркіндікке, бір тудың астында тізе қосып, ел қамы үшін күресуге шақырды. Ақынның жазған өлеңі халықтың жүрегіне жетіп, елдің ықыласына бөленді.
Мектеп оқушылары Сұлтанмаxмұт Торайғыровтың Алашқа арнаған жалынды өлеңдерін және білім мен адамгершілік тақырыбындағы жырларын жатқа оқыды.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды