АЛАШ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІ

0 3  605

Алаш 2

Бүгінгі таңда қоғамымыздың тарихи­ санасын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өз еліміздің тарихын тану арқылы ғана өткен ғасырдың соңында қол жеткізген тәуелсіздігіміздің қадіріне жете аламыз. Қазақ халқының тарихына үңіліп қарасақ, еліміздің азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресі ешқашан толастамағанын аңғарамыз. Осынау жүздеген жылдарға созылған күрес жолында­ ХІХ мен ХХ ғасыр тоғысындағы зиялылардың алатын орны ерекше.

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ұлт зиялыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі, отансүйгіштігі мен биік мақсаттары – бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Олар біз үшін халық алдындағы адалдықтың, рухани кемелдіктің, ұлтжандылықтың үлгісі іспетті. 1890 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтына түсерде өрімдей жас Ә.Бөкейханов өзінің шығармасында: «Өзгеге жамандық тілеу – өзіңе жамандық жасау, себебі, басқалармен қосылып барлығымыз бір адамзат баласымыз. Адам баласы үшін ең қиыны рухани тыныштық жағдайына жету, оған біз санамен де, байлықпен де жете алмаймыз, тек ілім мен білім жолына түсу арқылы ғана адам баласы толыққанды рухани кемелдікке жете алмақ» деген екен.

Кейінірек Алаш Орда көсемі Ә.Бөкейханов өзінің еңбектерінің бірінде: «Мен тірімін, дем аламын, туған елімнің ауыр жүгін арқалап өмір сүремін және мен үшін отанымның жарқын болашағынан асқан бақыт жоқ… Оны ойлағанда түн ұйқым төрт бөлінеді» деген болатын. Алаш қайраткерлері халықтың рухани және ұлттық санасын ояту жолын таңдап, қазақтың мемлекеттігі жолында аянбай тер төкті. Олар өзінің халқын азаттықта көруді армандап өтті. «Біздің басты мақсатымыз – елімізді өз тағдырын өзі таңдай алатын жағдайға жеткізу. Тек автономия алған жағдайда ғана халқымыз өз тізгінін өз қолына алады» деп Жанша Досмұхамедов те өз заманында айтып кеткен.

Алаштың ардақты ұлы Ә.Ермеков айтқандай, «Алаш партиясын құрудағы басты мақсат ол қазақ халқының болашақ тағдыры мен әлемнің озық мәдениетті елдерімен терезесі тең мемлекет құру болатын».

Қазақ зиялылары елдің дамуын Жапония сияқты Азия құрлығының ең дамушы мемлекеттерінің қата­рына қосуды мақсат етіп қойған. Тарихтан бізге белгілі болғандай, алашордашылардың осы мақсаттарын Кеңес үкіметі желеу етіп, оларға «жапон тыңшылары» деген жалған айып таққан болатын.

1904 жылда Санкт-Петербургтегі Әскери-Медициналық академияда оқып жүрген кезінде Халел Дос­мұ­ха­медов өзінің жерлесі, сол кездегі Гурьев уезінің тумасы Ғұбай­долла Бердиевке жазған хатында: «…Өзіңнен басқа да қазақтардың жоғары білім алып жатқанын көргенде, бұл халықтың да еңбекке деген ынтасы бар екенін және күндердің күнінде екінші Жапония бола алатынына сене бастайды екенсің…». Қазақ зиялылары өзінің елін дамыған, өркениетті мемлекет кейпінде көруді мақсат етіп, жерлестерін шылым шегу, ішімдік ішу, ұрлық-қарлық сияқты жаман қылықтардан бас тартуға шақырды.

Алаш қайраткерлері ұлттық сана-сезімді мемлекеттік деңгейге көтере білді. Алаш партиясы сол қиын­ уақыт­тардағы тығырықтан шығуға бағытталған шешімдер жиын­тығын ұсына білген қазақ дала­сын­дағы алғашқы саяси ұйым еді. Алашшылардың негізгі ұраны осы күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалт­па­ған елдің береке-бірлігі болды. Алаш­ордашылар заман ағымына сай өзде­­рінің позициясын табандылықпен қорғап қана қоймай, әккі саясатты да ұстана білді. Алаш қозғалысының басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін құру, елдің даму жолын таңдауда ұлттық болмысқа ден қою, Ресейдің ішкі губернияларынан қазақ жеріне шаруаларды жаппай қоныстандыруды доғару, әлемдік озық тәжірибелерді негізге ала отырып қазақ қоғамын жаңғырту болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш Орда қайраткерлерінің еңбегін: «ХХ ғасырдың басындағы ұлттың зиялылары қазақтың ұлттық идеясын құрастыру міндетін өз мойнына алып, ұлттық бірігу идеясын ұсынды. Бүгінгі таңда біздің отандық тарихымыздағы ұлттық саяси ұйымдардың құрылу құбылысы толығымен ұғынып қабыл­дан­ған жоқ. Өз кезінде Алаш пар­тия­сы­ның жетекшілері ұсынған көп­теген ережелер, бүгінгі күнде де өз маңыз­дылығын жойған жоқ. Ол қазақ қоғамының біртіндеп трансформациялануын және қазіргі заман ағымына бейімделуін мақсат еткен отандық ұйым болған» деп сипаттаған.

Шын мәнінде, қазақ интелли­ген­ция­сының көшбасшылары сталиндік идеология түсіндіргендей, өз халқына қарсы қастандық ойлаған емес, кері­сін­ше, қарапайым халықтың жағ­дайын жеңілдетуге тырысты. Алаш интеллигенциясының басты игі мақсаты – халыққа қызмет қылу туралы – 1929 жылы қаңтарда Бутырка түрмесінен жазған «Ұрпаққа хат» атты хатында Міржақып Дулатов былай дейді: «Мен құлға айналған, қаналған халқыма бұл құлдық жағ­дай­дан құтылуға көмектесуді өз боры­шым деп білдім… Қазіргі кезде саясат саласында кеңестік билікке қарсы күрес ретінде көрсетіліп жүрген оқиға­лард­ы алдын ала болжап білдім деп айта алмаспын, менің бар қалауым – қазақ ұлтының дербес, тәуелсіз, бақытты болғаны».

Қазір, Тәуелсіздік жағдайында, біз өткен ғасырдағы тұңғыш қазақ интеллектуалдарының идея­лары­мен бүгінгінің арасындағы сабақ­тас­тық­тың өзара байланысын көріп отырмыз. 1990-шы жылдардың басындағы өз сөздерінің бірінде Н.Ә. Назарбаев, Орта­лықазиялық одақ бірлігі идеясын алғаш көтерген Мұстафа Шоқай екендігін атап өтті. Бабаларымыздың түркі халықтарының бірлігі идеясы бүгінде 2009 жылы құрылған Түркі тілдес мемлекеттер кеңесі қызметінде көрініс табуда. Алаш қайраткерлері білімді ұлт жөнінде армандаған еді. Бүгінде сол идеялар жиырма жыл төңірегінде «Болашақ» бағдарламасында орындалуда.

Қазақ зиялылары әрдайым ұлттың ұлттық, туған тілі туралы, мәдени ғана емес, сондай-ақ саяси ерекшелігі ретінде де мән беріп, қамқорлық жасады. Бүгінде, мемлекеттік тіл мен басқа да тілдердің дамуы мәселесі жүз жыл бұрынғыдай тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды болып қалуда. Кезінде Ахмет Байтұрсынов Қазақстанға басқа халық өкілдерінің көптеп келуі жағдайында, «біздің алдымызда қырғыз (қазақ – Ж.Қ.) халқының дербес өмір сүруі мәселесі туындауда. Өз дербестігімізді сақтап қалу үшін біз бар күшімізді ағартуға және жалпы мәдениетке салуымыз қажет; ол үшін біз алдымен, туған тілдегі әдебиетті дамытумен айналысуымыз қажет. Біз ешқашан мынаны естен шығармауымыз керек, дербес өмірге тек өз тілінде сөйлейтін және әдебиеті бар халық қана таласа алады» деп ерекше атап өткен болатын». А.Байтұрсынов «орыс мектептері мен татар медреселерінде білім алған, сол кездегі қырғыз интеллигенциясының қырғыз тілін менсінбей бастауы, орыс және татар тілдерінде өзара тілдесуі, хат алмасуы қатты алаңдатты. … Егер біз бұны қаламасақ, бұл мәселені түбірімен шешуіміз қажет, және осы кезден қырғыз тілі мен әдебиетін жетілдіруге көшуіміз керек». Осы идеядан ол ешқашан да артқа шегінген емес.

Ахмет Байтұрсыновтың сыни ескертулері қажетті әрекеттерге әкелді. Бұл туралы Міржақып Дула­тов­тың А.Байтұрсыновтың 50 жыл­ды­ғына арналған биографиялық очеркіндегі келесі сөздері куә: «А.Байтұрсыновтың арқасында, іс жүзінде, еріксіз болса да орыстан­ған­ және татарланған қырғыз интел­ли­генциясының бір бөлігі, лезде өз қателіктерін түсініп, оларды түзеуге кірісті. Тіпті, кейде мынадай күлкілі оқиғалар да орын алып жатты. Кейбір орыс оқу орындарында білім алып жатқан жастар қырғыз тілінің тазалығын сақтау мақсатында, өзара міндетті түрде қырғызша сөйлеуге келісті, ал бұл ережені біреу бұзатын болса, әр қырғыз емес сөзге оқушылар үйірмесі пайдасына 35 тиын айыппұл төледі.

XIX-XX ғғ. шебіндегі қазақ зиялылары көптілді болды. Әлімхан Ермековтің немересі Олег Ермековтің сөзінше, оның атасы бес тіл білген екен. Мұстафа Шоқай орыс тілімен қатар, ағылшын, француз, неміс, поляк және түрік тілдерін білген.

Бүгінгі күнде де алаш интелли­ген­циясының мемлекеттік басқару кадрларына қойған ар-намыс және міндет принциптері талап етілуде. Шоқай­дың аппарат қызметкері, шенеу­нікке байланысты айтылған мына ойлары әлі де болса өз маңызын жойған жоқ: «Ұлттық кадр», біз үшін ең алдымен, ұлттық борышын біреудің бұйрықтары бойынша емес, керісінше, өз ар-ожданы алдында орындайтын ұлттың қызметшісі. Қазіргі таңдағы қазақстандық мемлекеттік қызмет өзекті мәселелерінің бірі меритократия (еңбегіне қарай көтермелеу) принциптерін бекіту болып табылады. Осы орайда, қазіргі бас­қару­шы буынға алаш интеллигенциясы тарихынан келесі ғибратты мысалды айтпай кету мүмкін болмас.

Алда атап өтілген, Х.Дос­мұха­ме­довтың Г.Бер­диевке жазған хатында далада орын алып отырған қоғамдық әділетсіздік пен­ заң­сыз­дық­тар туралы мәліметтер келтіріледі. Студент Х.Досмұхамедов өз досына жазған хатында дала етек алған қиянатшылық, тонаушылардың теріс қылықтары, парақорлар мен түрлі алаяқтардың, өз халқына адамгершіліксіз, жүрексіз және қатал, алауыздық пен келіспеушілік тудырып, қолы­ның сұғы бар шенеуніктер туралы, олардың бүкіл жерде жасап жүрген бассыздығы жөнінде жан күйінішпен жазады. Хат авторы «бұйрық арқылы», «қайырымдылық мақсатында Қызыл крест үшін байлардан 1 қой, жарлылардан 1 рубль жинауды ұйымдастырып, жиналған сомадан басшылыққа 100 рубль қалдырған» осындай әкімшілерді сынға алады. Х.Досмұхамедов осындай оқиғалардың сайлауда да орын алатынын атап өтеді. Ол досымен екеуіне де туған округ болып табылатын болыс басшыларының кандидатуралары жөнінде ақыл­дасып, «халыққа жексұрын Гадучев компаниясының саясатын жүр­гізу­шісі» Жұмақұлдың орнына басқа балама кандидатты қарастырды. Жұмақұл Халелге туыс болып келді. Бұл туралы қазіргі зерттеушілер қазақ газеттерінің беттерінде бірнеше рет жазған. Бұл мысалдан біз, Халел Досмұхамедовтың студенттік кездің өзінде қарапайым халықтың құқықтары мен қызығу­шы­лық­та­ры­ның қорғаушысы, туысқандыққа қарамастан, ешқашан да ақиқат пен әділеттілік принциптерінен бас тартпайтын толыққанды азаматтық ұстанымын көрсеткенін байқаймыз.

Жас буынға тарихтағы өз халқына шынайы қызмет ету мысалдары туралы үздіксіз айтып отыру керек. Алаш қайраткерлері туралы қанша ұзақ есте сақтасақ, сонша әділеттілікке, аяушылыққа, рақымшылыққа деген құлшыныстағы түңілудің ащы дәмін сирек татып, әрқайсымыз өз айналамызда болып жатқан оқиғаларға жеке жауапкершілікпен қарап, жалғанға, парақорлыққа қарсы тұрып, басқалар есебінен баюға, пайдакүнемдік пен ашкөздікке берілуге ұшырауға негіз болмайды. Алаш қозғалысының оның қайраткерлерінің өнегеге толы тарихын ұғыну бізді рухтандырып, биік, игі сезімдермен толтырады.

ХХ ғ. басында дүниеге келген алаш идеясы Тәуелсіз Қазақстанның мүдделеріне қызмет етуде. Уақыт өтіп, жаңа ұрпақ келіп, Алаш интеллигенциясының өнегелі де ғибратты қоғамдық ойлары, рухани тәжірибесі жылдар өте, ғасырлар өте тарих толқынындағы қазақ ұлтын демеп тұрары сөзсіз…

Жанна ҚЫДЫРАЛИНА,

Мемлекет тарихы институты

директорының бірінші орынбасары,

тарих ғылымдарының докторы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 19 =