АЛАШ АРЫСТАРЫН АРДАҚТАДЫ

0 222

56_big

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Алаш рухына тағзым» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Белгілі қоғам қайрат­керлері, ұлт жанашырлары, алаштанушы ғалымдар, ұстаздар мен студенттер қатысқан шара барысында «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айтжан Әбдіров Елбасының 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғанын айта келе, бұл күні республика халқы 1930-38 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отандастарымызды еске алатынын атап өтті. Осыған орай аталмыш жоғары оқу орнында жыл сайын сол бір зұлмат кезеңдегі солақай саясаттың құрбаны болған азаматтардың рухына арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Кеңес одағының құрамында болған республи­калардың ішінде дәл қазақтай қуғын көрген, қазақтай азап шеккен бірде-бір ұлт жоқ. Қазақтың басынан өткен бұл кезең халқымызға аса ауыр әрі қасіретті болды. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы жазықсыз ату жазасына кесілді, – дей келе, А.Әбдіров талай асылдарымыздың, әсіресе,ақын-жазушы­ла­ры­мыз бен билік басындағы азамат­тары­мыз­дың жаппай қуғынға ұшырап, «халық жауы» атанып, жазықсыз жапа шеккенін, тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана сол заманға саяси баға беріліп, арыстардың аяулы есімдері ақталып, ардақтала бастағанын жеткізді.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы ақиық ақын, қызыл қырғын құрбаны Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толғалы отыр. Осыған орай, биыл оқу ордасында өтетін барлық тәрбиелік іс-шаралар С.Сейфуллиннің мерейтойымен байланыс­ты болмақ. Атап айтқанда, университеттің 12 мың студенті 2014 жылды «Сәкен жылы» деп жариялау туралы бастама көтеріп, Отанын сүйетін, оның тарихын дәріптейтін патриот жастарды Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Темірбек Жүргенов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев сынды халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын өрге сүйреген, «елім», «жерім» деп, жанын оққа да, отқа да тосқан қайраткерлердің ерлік істерін мақтан тұтып, мемлекетіміздің берік тұтқасы болуға шақырды. «Біздің бүгінгі борышымыз – осы Алаш арыстарын мәңгілік жадымызда сақтап, олардың ел үшін жасаған игі істерін жалғастыру, болашаққа насихаттау. Сәкен мұрасын насихаттауға үндеген біздің осы бастамамызға республика бойынша барлық жастар қауымын, жергілікті жастар ұйымдарын, білім ордаларын азаматтық белсенділікпен қолдап, атсалысуға шақырамыз» делінген үндеуде.

Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу мақса­тында ұйымдас­тырыл­ған «Алаш рухына тағзым» шарасы аясында университеттің «Ақ желкен» студенттер театрда «Жолайырық» драмасының тұсауы кесілді. Қойылымның авторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев бұл туындысын Сәкен Сейфуллиннің мерейтойына арнап жазыпты. Студенттер қойылымды асқан шеберлікпен ойнап шықты. Оған залдағы көрермендердің ыстық ықылас білдіріп, дуылдата қол соққандары дәлел.

Содан саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына құран бағышталып, ас берілді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × four =