«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алаш арманы

0 275

Осыдан екі ғасыр бұрын АҚШ-тың тәуелсіздік тұғырнамасын жариялауға қол қойған Джордж Вашингтон, Томас Джеффорсон, Бенджамин Франклин қатарлы 56 қайраткерді әлемге әйгілеген топтық зияткерлік рухын біз бір ғасырдың алдындағы алаш қозғалысынан көре алдық.

Қазақ елінің бүгінгі террито­рия­лық тұтастығының заң жүзінде бекітілуінің өзі алашорда тарихынан бастау алады. Алаш зиялылары қазақ елінің ұраны «Алаш» екенін тұрақтандырып, адамзат тарихы мен руханиятына үлес қосатын топтық зияткерлік идея – алаш идеясын қалып­тастырды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеологиясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Респуб­ликасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемле­кетті көзіміздің қарашы­-ғындай сақ­тауымыз керек» деп атап айтқан.
Қазақ елінің ел ұраны – қасиетті «Алаш» сөзі көне түркі тілінде «бауырластық» мағынасын білдірсе, қазақ тілінде «отан азаматы» деген мағынаны білдіреді. Ел ұранында ел арманы – алаш арманы жасырынып жатыр. Біз әлемде қай деңгейдеміз? Арманымыз бар, дәрменіміз жоқ деп келдік, шындығында арманы болғанның дәрмені де болады. Америка арманы АҚШ-ты әлемнің ең озық елі болуға жетелесе, Қытай арманы қытай елінің қарқынды дамуын жеделдетті. Алаш арманын санамызға сіңірсек, біз де алпауыт елдермен иық теңестіруге жетеміз. Сондықтан, алаш арманын айқындау яғни, қайда бара жатқанымызды білу тәуелсіз қазақ елі үшін бәрінен маңызды. Алаш арманы – мәңгілік ел идео­логиясының арқауы, қазақ елі­нің болашаққа деген үлкен сенімі.
Сан ғасырлық тарлан тарихымызды қастерлеу сынды маңызды, ұлтты дамыту үшін аса қажет міндеттердің бәрі ел шаңырағы – Алаш арманына уық болып қадалуға тиісті. Алаш деп ұрандап, топтық зияткерлікпен алаш арманын іске асыру – алаш азаматтарының еншісінде.
Франция бесінші республи­ка­сының тұңғыш президенті, француз халқының қалау­лы ұлы Шарль Де Голль айт­қандай: «Даму – тәуелсіздікті қорғаудың кепілі». Аллаға шүкір, 2015 жылы қазақ елінің елдігіне 550 жыл толса, 2016 жылы қазақ елінің егемендігіне 25 жыл толып, 2017 жылы ардақты Алаш орданың ғасырлық мерейін ЭКСПО көрмесімен бірге қарсы алдық. Мұндай шұ­ғылалы шақтардың қатар келуі әсте тегін емес. Бұл алаш үшін алға шапқан боз­дақ­тардың қан терінің қас­терленіп, алаш арманының бір-бірлеп орындалып келе жат­қанының белгісі болса керек.

Ұлан БАҚЫТҰЛЫ, 

 АҚШ, Монтана штаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды