Алаш ардақтылары қайтып оралды
Бұрнағы күні К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында «Алаштың ардақтылары» атты әдеби-сазды кеш өтті. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған шара Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 155 жыл толуына, Халел Досмұхаммедұлының 130 жылдығына, Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Кештің шымылдығын айтыскер Аманжол Әлтаев арнау жырымен ашты. Ақын Алаш ардақтыларының ғұмыр жолдарын, ерліктерін әнге қосып, Астанада ұлт қайраткерлеріне арнап ескерткіш тұрғызылса деген ойын білдірді.
Шара барысында Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері күрескерлердің бейнесін сомдап, ұлт мүддесі үшін айтқан өсиеттерін, сөздерін әңгімеледі. Мұнда Мәшһүр Жүсіп былайша үн қатты:
«Үшiншi қымбат нәрсе – сабыр» деген,
«Сабырлысы мұратын табар» деген.
«Әр iсте сабырсыздың тәубе-зорлық,
Сабырсыздық басқа пәле салар!» деген.
Замандасының «Бес қымбатын» Шәкәрім жалғады: «Әрине, адам оқып, біліп үйренуі қажет. Білімсіз, ғылымсыз өнер табылмайды. Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ. Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне, пайдасына жарату керек. Ақ жүректің керектігі – мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады. Ал, арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді және істемейді» дейді ойшыл ақын.
Алашордашылардың ұраны бүгін де мәнін, маңызын жоғалтқан жоқ дейміз. Бұл сөзімізге кештегі Халел Досмұхаммедұлының мына айтқаны куә: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш». Ал, «Мен жастарға сенемін» деген Мағжан ақынның жыры тыңдарманын тебірентпей қоймады:
…Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған артық ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарына келгенін…
Бұдан әрі жиырма жеті жыл ғана ғұмыр кешіп, әдебиетке құбылыс болып енген Сұлтанмахмұт Торайғыров айбынды өлеңін оқиды:
Алаш туы астында,
Біз – алаштың баласы.
Күніміз туып, көгерді,
Сарыарқаның даласы, –
дейді ол.
Шара барысында бейнеслайд арқылы елордалық алаштанушылар, тарихшы ғалымдар сөз сөйледі. Филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы алашшыл Смағұл Сәдуақасовтың Мәшһүр Жүсіпті «жазба әдебиеттің басындағы тұлға» деп сипаттағанын айтты. Жазушы, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин Шәкәрімнің философиялық ойлары, жырлары қай заманның да ұрпағының санасына сабақ бола беретінін әңгімеледі. Әдебиеттанушы ғалым, Сұлтанбек Қожанов жайында іргелі зерттеулер жасап, Алаш тақырыбына үлес қосқан Амантай Шәріп күрескерлердің бойындағы әмбебаптық, сегіз қырлы, бір сырлылық тек ұлт мүддесіне жұмсалғанын жеткізді. Халел мен Жаһаншаның сол дәуірдің көсемі Ленинмен, Сталинмен бетпе-бет жүздескенін, олардың алдына қазақ халқының түйінді мәселелерін өткір қойғанын, батыл сөйлегенін тілге тиек етті.
Әдеби-сазды шарада «Серпер» тобы халық күйлерін, Гүлжанат Қонақбаева қобызбен Қорқыттың күйін орындады. Белгілі әншілер патриоттық әндер шырқады.
Асхат РАЙҚҰЛ