Алақай, бізге газ келді!

0 16

Елордадағы «Железнодорожный» кентінің тұрғындары бірінші болып, үйлеріне газ тарта бастады.

Қараша айының басында елді мекендегі үйлер көгілдір отынға қосылды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.
«Жеке сектор тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мақсатында газ тарату желілерін жүргіземіз. «Железнодорожный» елді мекенінде орналасқан үйлер қараша айының басында газға қосыла бастады. Үйіне газ қосқысы келетін адамдардың санының артқанын байқадық. Бұл бізді қуантады. Өйткені газға көшірудің көптеген артықшылығы бар. Нәтижесінде қоршаған ортаға зиянды заттардың таралуы азайып, экология жақсарады. Сонымен бірге енді тұрғындарға көмірді сатып алу, оны сақтау, сапасы туралы ойланудың, күніне бірнеше рет үйді жылытудың қажеті жоқ» деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қала басшысы аталған кент тұрғындарымен кездесіп, елді мекенді дамыту мәселелерімен қатар 2021 жылдың жоспарын талқылады. Жүздескен жандардың арасында үйлеріне газ тартқандар да бар. «Бір текше метр газдың бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді. Газбен қамту – Елбасының стратегиялық жобасы. Тұңғыш Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясында салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры Орталық Қазақстан мен елорданы еліміздің бірыңғай газ тасымалдау желісімен байланыстырады. Қаланы газдандыру үш кезеңде жүргізіледі. Бұл процесс Мемлекет басшысының әрдайым бақылауында» деп жазды әкім.
Сондай-ақ «Промышленный», «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агроқалашық» елді мекендерінің тұрғындары да жылдың соңына дейін газға қосылады. «Сонымен бірге «Промышленный», «Көктал-2», «Агроқалашық» елді мекенінің бір бөлігінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталса, қазір сығымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды осы жылдың желтоқсан айына дейін газға қосуды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың соңына дейін «Көктал-1» елді мекенінің тұрғындары да газға қосыла алады» деді қала басшысы.Сонымен қатар, осы айда №1 және №2 жылу-электр орталықтарының су жылыту қазандықтарының бір бөлігі газға ауыстырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − four =