©2020 Астана Ақшамы
Алақай, балақай!
Ақпанның 15-інен бері №61 орта мектепте бөбектерді балабақшаға топтау жүргізілуде. Алғаш рет қаладағы 91 мемлекеттік балабақшаға 8 мыңдай бала қабылданбақ. Соның ішіндегі 5 мекеме жаңадан ашылса, 1-еуі – жапсарласа салынған 60 орындық ғимарат.
Елорда тұрғындарына кезек нөмірлері қабылдау кестесіне сәйкес болғанда ғана жолдама беріледі. Егер кезекте тұрғандар балабақшадағы орыннан бас тартса, Білім басқармасы жаңадан қосымша топтау жариялайды. Ол биылғы 30 наурызға дейін жалғасады.
Осы жылдың наурыз айында 240 және 280 орындық 5 балабақша пайдалануға тапсырылады. Олар – Орынбор көшесіндегі №86 «Қадыр», Комсомол кентінің Ұлпан көшесіндегі №88 «Баян сұлу», Комсомол кентінің Қыз Жібек көшесіндегі №89 «Қыз Жібек», Сығанақ көшесіндегі №90 «Еркежан», «Үркер» шағынауданындағы №91 «Еңлік» балабақшалары мен №4 «Аружан» балабақшасына жапсарласа салынған ғимарат. Әрбір мектепалды мекемеде сөйлеуі бұзылған, аутизмі және психологиялық тежелуі бар бүлдіршіндерге арналған топ құрылады.
Мүгедек кісілердің заңды қамқорлығындағы, жетім немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған, көпбалалы отбасыдан шыққан, әскери қызметшілердің балаларына орын кезектен тыс беріледі. Аталған санатқа жататын ұл-қыздарға 1,5 мың орын бөлінді.
astana-akshamy.kz