АЛАҢСЫЗ ШАҚТЫН АРАЛЫ

0 99

Бүгінгі таңда Астана қаласының Білім басқармасына қарасты үш лагерь жұмыс істеп тұр. Олар – «Батыр», «Арман» және «Боровичок». Біз соңғы аталған екеуіне бас сұқпақшы болып, жолға шықтық.

Астанадан 100 шақырым жер ұзап, Ақкөл ауданындағы «Арман» лагеріне аялдап, көліктен түскеніміз сол еді, алдымыздан мәре-сәре болып бір топ бала қуанышпен қарсы алып, мойнымызға үшбұрышты көк галстук байлап, өз қатарларына қабылдап үлгерді. Жан-жағымызға көз тастап, «Арман» аумағын емін-еркін аралай бастадық. Бірінен соң бірі рет-ретімен тұра қалған оқушылар көңілді музыка ырғағымен біп-бірдей қимылдар жасап, билеп жүр. Қазіргі тілмен айтқанда – флешмоб. Ары қарай өте бердік: таза ауада кішкентай бүлдіршіндер қылқаламын бояуға жағып, қағаз бетіне сурет салуда. Ал бір жерде, тіпті, гитара шерткен баланы қалғандары жағалай орналасып, әніне қосылып шырқап тұр. Не істерін білмей, бос жүрген бала көрмейсің.

Бес мезгіл тамақтандыратын асхана жағдайы бар талапқа сай. Гигиеналық жағынан таза. Тамақ рационы денсаулыққа қажетті дәрумендерге бай. «Балаларымыз үйде дәл осылай бес уақыт тамақтанбайтыны жасырын емес. Ал, мұнда қарындары аш жүрмейді. Уақытымен тамақтанады» дейді лагерь басшысы Бейсенбай Тәжібайұлы. Күн тәртібін қадағалау жағына келер болсақ, ұйымдастыру жұмыстары әр маусымда бір мектепке жүктеліп отырады. Денешынықтыру, ән-күй мұғалімдері, психологтардан бастап директорға дейін өздері әзірлеген бағдарламамен келеді екен. «Арман» лагерінде осымен төртінші рет демалыс өткізудемін. Өзіме қатты ұнайды. Алғашқы келгенімде ойымды ашық жеткізуге қысылатынмын, қазір өзгелермен тез тіл табысып кетемін. Көбіміз қалада жүргенде өмірімізді интернетсіз елестете алмай, онсыз ішіміз пысып, уақыт өтпейтін еді. Қазір тіпті интернетті ойламаймыз да.» дейді №64 мектеп оқушысы Әсем Досова. Ал, 9-сыныпта оқитын Аман Төлегенов болса, лагерьдегі психолог өткізген тренингтердің арқасында өзінің мақсатын анықтап, мамандық таңдағанын айтты. «Ішкі қалауыма құлақ түріп, өзімді-өзім түсіндім. Актер болғым келеді» дейді ол. Айта кетейік, аталмыш лагерь бес маусымда жұмыс істейді. Оның үшеуінде жетім, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасы балалары тегін демалады.

«Арманнан» соң автобусымыз «Боровичок» лагеріне бет алды. Ол Ақкөлден 35 шақырымдай жердегі Талқара ауылы маңында орналасқан екен. Кедір-бұдыр жолмен селк-селк етіп жеттік. Алайда, табиғаты көздің жауын алады. Кең далада созылып жатқан жап-жасыл орман. Пішіні домалақ үлкен-үлкен тастар. Ирелеңдеп өскен қайыңдар. Ең қызығы сол – лагерь дәл орманның қасында орын тепкен. Бұл – Астанадағы Балалар үйінің лагері. Жаз уақытында ондағы бүкіл бала қызметкерлерімен қоса осында көшіп келеді де, үш ай бойы тұрады екен. Пәленші-түгенші «отряд» деп емес, «жанұя» деп аталады. Оның себебін балалар үйінің директоры Гүлмира Елеусізқызынан сұрағанымызда: «Бірден бірнеше баласын тастап кететіндер бар. Біз оларды бауырларынан бөлмей-ақ қояйық деп, аға-інілерін, апа-сіңлілерін бірге тұрғызамыз. Жанұя болып тұрғанын қалаймыз» деді ол ет-жүректі елжіретіп.

Біз барғанда балалар жүгіруден эстафетаға қатысып жатты. Оларға жасалған бар жағдайды көріп шықтық. Үйлерінің едені жылы, әрқайсысында теледидар бар, дәретхана да іште. Бірақ ең басты артықшылығы – осы жердің табиғаты. Балалар күн ыстықта Талқара өзенінде шомылып тұрады, орманға барып, табиғат аясында серуендейді. Күлкі үйірілген жүздері бал-бұл жайнайды. Қимай-қимай қоштастық. Балалар бақытты – өйткені олар әлі де балалық шақтың саяхатшылары…

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + eighteen =