АЛАН «АБАЙДЫ» АСҚАҚТАТАДЫ

0 167

Gxhia74emoMSscfsOjrx

Әлемге әйгілі дирижер, аты аңызға айналған композитор Ахмет Жұбановтың шөбере-жиені Алан Бөрібаев қазақтың төл операсы «Абайды» «Астана Опера» театрында сахналауға қатысады. Операның премьерасы келесі жылдың 1-2 мамырына жоспарланып отыр.

Дирижердің айтуынша, бұл туынды қазақ мәдениетінің төрт бірдей кемеңгер тұлғасының – ұлы Абай, либреттосын жазған Мұхтар Әуезов және композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің есімдерін тарихқа алтын әріптермен қалдырды. «Абай» операсы алғаш рет 1944 жылы Алматыда сахналанды. Композиторлар Мұхтар Әуезовтің либреттосына музыканы қысқа уақыт ішінде жазған болатын. 1958 жылы «Абай» операсына біршама өзгертулер енгізілді, содан бері операны Алан Бөрібаев сахналағанға дейін қойылым еш өзгермеді. Маэстро Бөрібаев 2012 жылы Германиядағы Оңтүстік Тюрингия Мемлекеттік операсы сахнасында «Абай» операсының еуропалық тұсаукесерін жасаған еді, бұл ретте ол шығарманың өзіндік редакциясын жасап, авторлардың әу бастағы түпнұсқа идеяларын қалпына келтірді, партитураны қателіктер мен түзетулерден арылтты. Астанада «Абай» операсы оның өз орындаушылық редакциясында сахналанатын болады.

«Менің ойымша, Жұбанов пен Хамидидің операсындағы тұнып тұрған Абай бейнесінің мәнін ашу, музыкалық мұраның мағынасына қайта үңілу әрбір ұрпаққа қажет дүние. Біздің әрқайсымыз Абайды өзімізше түсінеміз, әрбіреуіміздің өз Абайымыз бар, біздің көрермендерге көрсеткіміз келетіні де осы» деп атап өтті Алан Бөрібаев.

Талантты отандасымыздың осы орайда әлемдік деңгейдегі өнер ұжымдары аттай қалап алатын музыкант екенін мақтанышпен айтамыз.

Алан 2004-2007 жылдары Астана қаласының симфониялық оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды, осы кездерде оркестрдің Берлинде сәтті өнер көрсеткені есімізде. Әрі Мейнинген театрының (Германия) музыкалық жетекшілігін қоса алып жүрді. 2006-2011 жылдары Норрчепинг симфониялық оркестрінің бас дирижері, 2007-2012 жылдары Нидерландыдағы Брабант филармониялық оркестрінің бас дирижері сынды жауапты қызмет жүгін көтере алған Алан 2010 жылдан бастап Жапонияныңң «Осака Japan Century Symphony Orchestrа» ұжымына шақырылған болатын. Ол, сонымен қатар, Ирландияның Радио және Телевидениесі ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі болып қызмет атқарып келеді. Атақты оркестрлермен, соның ішінде Ресейдің Үлкен театрымен тұрақты ынтымақтастықта жұмыс істейді.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =