Алакөлге апарар жол алыс па?

0 117

Жыл санап Алакөл жағалауына асығатын жұртшылықтың қарасы көбейіп келеді. Алакөлге баратындардың бірі демалуға барса, екіншісі ем алуға барады. Өйткені Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының ортасында орналасқан Алакөл суы емдік қасиетке бай. Ел ішіндегі аңыз бойынша ежелгі Жібек жолы керуендері көл жағасын басып өткен. Ұзақ жолдан науқастанып келе жатқан жолаушылар Алакөлдің суына түсіп, дертінен айығады екен. Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып, жағасындағы адамға жағымды әсер етеді. Көл суы минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Биылғы демалыс маусымы бастала салысымен көл жағалауындағы тіршілік қыза түсіпті.

«Алакөл» атауы ежелгі түрік және моңғол сөздерінен аударғанда «ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағына береді. Көл суының түсін алғаш рет қарағанда анықтау қиын. Ұсақ көлдердің түсі алуан түрлі болады. Айталық, Сасықкөл көгілдір түсті, Қоржынкөл сұрғылт, Қылытұз сары. Жергілікті тұрғындар көлді пішінінің, түсінің, көлемінің әртүрлі болғаны үшін «Алакөл» деп атап кеткен. Алакөл Ұялы, Жалаңашкөл, Сасықкөл және тағы басқа ұсақ көлдерден тұрады. Суы тұзды. Көп адам қотырларынан арылғанын айтып жүр. Әдетте тұзды тұз алады деп жатады. Көлге түскенде қанша су ішсең де, ол тері арқылы шығып, бүйрекке күш түспейді.
Расында, Алакөл аумағы орналасу жағынан туризмнің барлық түрін, атап айтсақ, экологиялық, танымдық, спорттық, емдеу-сауықтыру және аңшылық туризмді дамытуға қолайлы өңір. Сондықтан көптеген турист Алакөлдің емдік суына шомылу үшін емес, оның географиялық мүмкіндігін пайдаланып, тартымды демалыс ұйымдастыру үшін ағылады. Алакөлге келген демалушылардың 80-90 па­йызы – еліміздің азаматтары. Бұл – ішкі туризмнің өркендей бастағанының белгісі.

Алакөлге жетудің жолдары

Алакөлге баратындарға алдымен қай жағалауда демалғысы келетінін анықтап алу керек. Өйткені демалуға ыңғайлы екі жағалау бар. Бірі – Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарбұлақ жақта, екіншісі – Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Ақши жағалауы. Алакөлге пойызбен, автобуспен немесе ұшақпен де жете аласыз. Тек пойызбен барсаңыз, стансадан жағалауға дейін таксимен баруға тура келеді. Такси құны сіз таңдаған көлік тұрағына байланысты. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан тікелей Жалаңашкөлге (ШҚО) дейін достық пойызы жүріп тұр. Плацкарт – 6500 теңге, купе – 10000 теңге. Жалаңашкөлден түскеннен кейін таксимен жарты сағатта көлдің жағасына жетесіз. Көліктің салоны – 10 мың теңге. Ал билет жоқ болса, Семей-Үржар-Алакөл бағыты бойынша жетуіңізге болады. Билет құны туристік аймаққа жаз айында қымбат болатыны белгілі. Сондықтан пойызға бір ай бұрын қам жасаған жөн.

Қалтаңызға қарай көсіліңіз

Көл жағасына жеткеннен кейін міндетті түрде жатар орын іздейсіз. Үш мезгіл тамағымен адам басына 5 мың теңгеден басталатын пансионаттарды талғамыңызға сай таңдап ала аласыз. Алайда шілде айында бос орындар бола бермейді. Туристердің көпшілігі желі арқылы бірнеше ай бұрын пансионаттарға хабарласып, орын алып қояды. Пансионаттардың бағасы көлге жақындығы мен алыстығына қарай өзгеріп отырады. Жарты сағат жаяу жүруге шыдаймын десеңіз, 3 мың теңгеге де жатын орын таба аласыз. Туристер арасында үш мезгіл тамағымен адам басына 10-15 мың теңге пансионаттар сұранысқа ие. Ал балаларға барлық пансионаттарда елу пайыз жеңілдік қарастырылған. Үш жасқа дейінгі балаларға тегін. Кейбір пансионаттардың ауласында балалар ойнайтын алаң мен үстел теннисі бар. Ал қонақүйлердің эконом класқа жататын бөлмелері 10 мың теңгеден басталады. Люкс бөлмелерді 40 мыңнан алуға болады. Әрине, үш мезгіл тамақ бұл сомаға кірмейтіні белгілі. Мұндай қонақүйлерге туристік фирмалар арқылы алдын ала тапсырыс жасауға болады.

Ине шаншыр орын аз

Жатын орын мәселесін шешіп алғаннан кейін демалушы иығына сүлгісін салып, көл жағасына қарай беттейді. Дегенмен иін тірескен халықтан ине шаншыр орын табу да үлкен жұмыс. Көлге сырттан келетін демалушылардан өзге, жақын орналасқан аудан-­ауылдардан келушілер де көп. Сондықтан бала-шағадан, үлкенді-кішілі суға түсушілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Егер оңаша, жайлы орын табуды қаласаңыз, ел оянбай жағаға шығып, шатырыңызды тігіп қойғаныңыз абзал. Көл жағасында демалушыларға арнайы шатырлар жалға беріледі. Жарты күндік бағасы 500 теңгеден басталады.

Алакөлдің арбаты

Алакөлдің тұзды суына армансыз жүзіп, құмарынан шыққан соң демалушы не қызық бар деп жағалауды аралай бастайды. Көлдегі биылғы ең қызықты әрі сұранысқа ие болып тұрғаны – арбаты мен аквапаркі. Былтыр пандемияға байланысты демалушыларды қабылдамаған Алакөл биыл келушілерге күнде кешке Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өткізіп жатыр.
Оратор курсының авторы Қарлығаш Советқанқызы жыл сайын Алакөлге баруды дәстүрге айналдырған. Саяхатшының айтуынша, соңғы 7 жылда Алакөлдегі туризм айтарлықтай жақсарып келеді.
– Жыл сайын еліміздің әсем табиғатын отбасымызбен араласақ, биыл оқу орталығымдағы балалардың аналарымен баруды жөн көрдім. Демалатын жерлердің барлығында санитарлық нормалар сақталған. Көп адамдар Алакөлге бару қымбат деп ойлайды. Бұл өтірік. Шын мәнінде Алакөл қарапайым халыққа қолжетімді. Өйткені онда демалуға барған адам көрпесіне қарай көсіліп, аз ақшаға да жақсы демала алады. Біз «Тұран» демалыс үйін таңдадық. Өте таза әрі үш уақыт тамақ береді. Көпқабатты ғимарат болса да, душы мен дәретханасы сыртта орналасқан. Тура осы стандарт ересек адамға бір күнге – 4500 теңге. Басқа жерлерде 8-14 мыңға дейін барады. Жағдайы бұдан да жақсысын аламын десеңіз, үстіне біраз ақша қосып іздестіре аласыз. Көбіне қонақүйдің бағалары көлге жақындығына қарай өзгеріп отырады. Қыз­мет көрсетулері де дамып келеді. Мен сәуірде хабарласып, алдын ала үйлерге тіркеліп қоямын. Әйтпесе мамырдың өзінде орын қалмай қалады. Мұндай демалыс үйлерінің де ашылғанына бес жылдай болды, оның алдында біз темірден жасалған киіз үйлерге жататынбыз. Алакөлдің арбаты да жыл сайын таңғалдырып, жаңарып отырады, – дейді саяхатшы.

Судан шығып шөл басса…

Күні бойы судан шықпай жүрген адамға пансионаттардың үш мезгіл тамағы ас болып жарытпайды. Сондықтан болар жұрттың көпшілігі көлге бірнеше малтып шыққаннан кейін қарын ашатынын жиі айтады. «Суға түсіп шыққаннан кейін шөлдеуіңіз мүмкін, сондықтан өзіңізбен бірге су ала барыңыз. Әйтпесе жағадағы саудагерлердің бағасы шарықтап тұр: әр заттың құнына 2-3 есе қосқан. Бананның бір данасы – 200 теңге, жүгері – 800 теңге, 5 литр су – 700 теңге, қызанақтың килограмы 800 теңге деп кете береді. Алакөлдің жергілікті халқы саудамен айналыспайды. Таксистер мен саудагерлердің көбі оңтүстік облыстардан келіп, жаз айындағы туристік маусымнан нәпақа табады. Таксистердің айтуынша, жыл сайын Алакөлге келіп 2-3 млн пайда көреді екен. Ал үйлерін жалға беретіндер бір жазда 8-9 млн табыс табады» деді саяхатшы Қарлығаш Советқанқызы.

Алакөлдің балшығы да ем

Жағадан көлдің балшығы мен құмын 5 литрлік бөтелкелерге салып, үйлеріне таситын халық көп. Оны сату да мұнда трендке айналған. Бір келісі 1000 теңге тұрады. Балшықты денеге жағып алып, әрі пайдалы, әрі арзан маскаға қол жеткізгендеріне жұрт риза. Жағалаудағы қара құмға көміліп, рахаттанып жатқандар да бар. Сұрасаң, көпшілік ыстық қара құмның буын ауруына ем екенін айтады. Дегенмен сол қара балшықты үйге апарғаннан кейін дәл жағадағыдай әсер етпейді. Балшық жыл сайын ортайып, азайып жатыр. Бұл әрекетті доғармасақ, көлді де Көбейтұздай құртуымыз ғажап емес.

Көл жағасында тазалық жоқ

Бір отбасы кемінде екі баладан жетектеп келеді. Көл басында суға түспей-ақ баласын жоғалтып жүргендерді де кездестіруге болады. Әңгіме мен қызықтың ортасына кіргенде бала қараусыз қалады. Қарлығаш Советқанқызының айтуынша, Алакөлде шешілуі тиіс әлі де бірсыпыра мәселелер бар.
– Бірінші мәселе, Алакөлдің тек негізгі орталық жағасы ғана арнайы жасалған. Ал қалған шеттері әлі бұрынғы күйінде жатыр. Скутер, катер, «банандарға» арнайы орын бөлінбегендіктен, адам өміріне қауіп төндіреді. Суға алаңсыз түсіп жүрсең, сол катер қасыңа жетіп келеді. Балаңды қадағаламасаң, мотордың астына кіріп кетуі әбден мүмкін. Осы мәселені әлеуметтік желіге жазып, жыл сайын туристік полиция бөлімшесіне арыз қалдырып келемін. Ендігі мәселе – демалушылар мәдениетінің төмендігі. Артында қалған қоқысты ешкім жинауға құлықсыз. Бұрынғыға қарағанда қазір маса жоқ. Себебі арбатпен шығатын орталықты таңсәріден бастап улап шығады екен. Бірақ көлдің басқа жағындағы масалар әлі бар. Биыл шолу дөңгелегі (колесо обозрения), аквапарк жасалыпты. Көл салқын болғанда, аквапаркке кіріп түссе болады. Шілде айында демалушылар шарықтау деңгейіне жетеді. Ине шаншыр жер жоқ. Ал сол халыққа негізгі алаң тар. Бурабаймен салыстырсақ, Алакөл әлдеқайда дамыған, – дейді саяхатшы.
Жүрдек қайық иесі су бетінде әдейі қатты жүзіп, шырқ үйіре айналып, «бананның» үстіндегі адамдарды көлдің бетіне құлатуға тырысады. Сол бәріне қызық. «Бананға» іркес-тіркес шамамен үш-төрт адам отырады. Бір адам бір айналғанға 2000 теңгеден төлейді. Жай ғана қайыққа отырып, көлде серуендеуді жаны қалайтындар да бар. Көлдің кереметін қайықпен жүріп тамашалағыңыз келсе, адам басына 500 теңге төлеп, жарты сағат қыдырып қайтуға болады. Сонымен қатар гидроциклға деген қызығушылық жоғары. Гидроциклді қанша уақытқа жалға алуыңызға байланысты бағасы да әртүрлі. 10 минуты 7 мың теңгеден басталады.
Көлдің шипажай аймағы – республика бойынша туристер ең көп жиналатын аймақтардың көшбасшысы. Көл жағалауында 174 демалыс үйі орналасқан, 12 мыңнан астам жатын орын бар. Сондықтан кәсіпкерлер демалушылардың қауіпсіздігін сақтау, жақсы демалулары үшін барлық жағдайды жасауда.
Жағалауда Алакөлге туристерді тартатын ірі инфра­құрылымдық жобалар іске асырылуда. Үржар ауылындағы әуежайды қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жағалауда 13 жаңа отель ашылды, биыл 7 жаңа демалыс базасын ашу жоспарлануда. Шілде айында «Alazone Arena» концерттік алаңы ашылды.

Ақши жағалауы

Енді Алматы облысына қарасты Ақши жағалауы жайлы ақпарат бере кетсек. Ақшиге жақын орналасқан Көктұма ауылы маңайында тағы бір жағалау бар. Алматыдан шыққан автобустар тікелей сол Көктұмаға барады. Ақшиге бару үшін Алматы-Көктұма бағытындағы пойызға билет алып, әрі қарай 1000-2000 теңгеге таксимен жетіп алуға болады. Көлге түсу маусымында Алматыдағы Сайран автовокзалынан Алакөлге апаратын қосымша рейстер ашылған. Таксиге шығындалмай, сол рейстермен тікелей жағалауға жетіп алуға да болады. Алматыдан Алакөлге күнделікті жүретін автобуспен 10-12 сағатта жете аласыз. Билет бағасы – 12-17 мың теңге. Автобус билетінің құны таңдаған орынға қарай қымбаттау болады. Өйткені онда аяқ-қолыңызды созып, рахаттанып ұйықтап баруға арналған төсек-орындар бар. Ол жақта пансионаттардың бағасы 5-20 мың теңгеден басталады екен. Оған үш мезгіл тамағы кіреді. Талғамға қарай тамақ ішетін орындар мен балалар ойнайтын алаңдар бар.
Демалысын Алакөлде өткізуді жоспарлаған туристерге айтар кеңесіміз, өзіңізбен бірге масаға қарсы крем мен жылы киімдер ала барыңыз. Себебі көл жағасындағы ауа райы құбылмалы. Түске дейін күн шайдай ашық болғанмен, бірден бұзылып, жаңбыр аралас жел соғуы ғажап емес.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 8 =