Ала тақта айқасы басталды

0 117

Астана төріне төрткүл дүниенің шахматтан таласы бар кіл мықтыларын жинаған әйелдер арасындағы командалық IV Әлем чемпионаты басталды. 

Байрақты бәсекеде Қытай, Ресей, Украина, АҚШ, Үндістан, Франция, Түркия, Грузия, Румы­ния және Қазақстанның шахмат­тан әйелдер командасы бақ сынайды. Дүбірлі доданың ал­­дында шахматшылар мен ұйым­дастырушылар журналис­тер қауымымен кез­десіп, «Ду­ман» қонақүйінде пресс-конфе­ренция өткізді. Жиын­ға Халық­аралық шахмат феде­рация­­­сы­­ның президенті Кирсан Илюм­жинов, ҚР Шахмат федера­ция­сының прези­денті Әсет Исекешев, жарыс­тың бас демеушісі «Са­мұ­рық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы дирек­торы Дархан Қалетаев сынды бірқатар өкілдермен қоса Қытай командасының топ бас­шысы Ю.Веньюн, Украина коман­дасының үздік ойыншысы Анна Ушенина және Қазақстан құрама­сының лидері Гүлісхан Нах­баева қатысты.

Жиын барысында Халық­аралық шахмат федерациясының президенті қазақ шахматшыла­рының мәртебесі жыл сайын әлем­дік аренада өсіп келе жат­қан­дығын алға тартып, Ұлттық федерация 2018 жылы Астана қаласында шахматтан дүниежүзілік Олимпиада өткі­зуге ұсыныс білдіріп отырғанды­ғын және оны өткізуге Қазақ­стан­ның мүмкіндігі жоғары екендігін тілге тиек етті.

Біздің команданың топ басшысы халықаралық гроссмейстер дәрежесіне ие Гүлісхан өз сө­зінде: «Өте мықты Ресей, Қы­тай, Франция, Түркия, АҚШ ко­­ман­далары келді. Рейтинг бойын­ша 9-шы орында тұр­мыз. Ко­ман­да­лық жарыс болған­дықтан, бірге дайын­далып, бірге жұ­мыс істеп жатырмыз. Жеңіске же­туге тырысамыз», – деді.

Расында, бұл сайыс өте тар­тыс­­ты өтеді деп күтілуде. Себебі, әйелдер арасындағы шахматтан мықты деген әлемдік бестіктің төрт мүшесі қатысып отыр. Олар: Қытай, Ресей, Грузия, Украина. Ал, бесіншісі – Венгрия. Бірақ, олар жарысқа қатысушылар тізімінде жоқ бұл жолы. Оның үстіне, әлемдік деңгейдегі мықты ойыншылар да осында. Мәселен, жоғарыда айтқан Анна Ушенина, әлемнің экс-чемпионы Александра Кос­тенюк (Россия) және ең мықты гроссмейстерлер: Нана Дзагнидзе (Грузия), Анна Затонских (АҚШ), Ю.Веньюндер (Қытай) – талай қарсыласын қапы қал­дырған мықтылар.

Баспасөз мәжілісінен кейін әлем­дік доданың салтанатты ашы­луы болып өтті.

Чем­пионат наурыз айының 12-сіне дейін жалғасады. Жарыс барысын www.worldcherss.kz сай­тынан қадағалап отыру мүм­кіндігі бар.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − five =