АЛ, СІЗДІҢ БАЛАҢЫЗ ҚАНДАЙ БАЛАБАҚШАҒА БАРЫП ЖҮР?

0 123

Осы аптада Астана қаласының прокуратурасы он төрт жекеменшік балабақшаға тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде олардың тоғызынан санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу фактілері анықталды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту мекемелері орналасқан ғимараттардың ішкі жағдайы, ауласы талапқа сай болмай шықты.

«Осыған сәйкес, балабақшалардың екеуі жабылды, біреуінің қызметі тоқтатылу сатысында, енді бірінің қызметі уақытша тоқтатылды» деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.

Гүлмира ЖОЛТА БАРОВА , Астана қаласының тұрғыны:

 

 Мемлекеттік балабақшаның кезегі келгенше екіден асқан қызымды айына 40 мың теңге төлеп, Энергетик шағын ауданында орналасқан «Ақбұлақ-2 Астана» жекеменшік балабақшасына бердім. Алғашында жап-жақсы барып-келіп жүрген. Бірақ көп ұзамай «балабақшаға бармаймын» дейтін болды. Таңертең балабақшаға жақындағаннан бақырып жылайтын әдетті шығарды. Қызымды әкелген сайын байқайтыным, ас бөлмені, балалардың жатын бөлмесін көргісі келетін ата-аналарды тәрбиешілер «онда ата-аналардың кіруіне рұқсат жоқ» деп есіктің аузынан қайтарады. Бір күні ойын бөлмесіне баса-көктеп кіріп бардым. Сөйтсем, бүкіл топтың балаларын бір залға жинап ойнатады екен. Арасында кішісі де, үлкені де бар. Бөлменің іші шашылып жатыр, есік-терезелерінәбден шаң басқаны көрініп тұр. Қызымның не үшін келмеймін дейтінін сонда түсіндім. Сосын мекеменің басшысымен сөйлестім. Оның айтуынша, бар кінә менің қызымда көрінеді. Балабақшаға баратын бала емес екен. «Қаншама жылдық тәжірибемде мұндай баланы көрген емеспін. Бұл баланың балабақшаға үйреніп кетуі мүмкін емес. Қызыңызды бала бағушы жалдап, үйде ұстағаныңыз дұрыс» деді. Қаншама былықтарына өзім куә болған соң, Білім басқармасына шағым түсірдім, олар тиісті жазасын берген болулары керек. Қазір қызым №47 «Ақ желкен» мемлекеттік балабақшасына барып жүр. Тәрбиешілері мен тобына тез бауыр басып кетті. Бәрі де жақсы. Жекеменшік балабақшалардың бәріне бірдей сене беруге болмайтынына осылайша көзім жетті.

Күлайым АЛПЫСБАЕВА , қала тұрғыны:

 

Менің баламның №55 «Қарақат» балабақшасына барып жүргеніне 2 жылдай уақыт болды.

Балабақша «Балапан» бағдарламасы аясында бой көтерген. Ашылған уақыттан бері ата-аналар тарапынан айтарлықтай шағым, наразылық болып көрген жоқ.

Өзім осы балабақшада кір жуушы болып жұмыс жасаймын. Бір ұжымда жүріп байқағаным, тәрбиешілердің білімі мен білігі өте жоғары. 240 орындық балабақшада 24 арнайы білімі бар тәрбиеші, 12 тәрбиеші көмекшісі қызмет етеді. Көбісі – еңбек өтілі жоғары жандар. Ата-ана ретінде балабақшаның жабдықталуы да көңілімнен шығады. Ән-күй, дене шынықтыру залдары бөлек-бөлек орналасқан. Балалардың салауатты өмір сүруіне арналған бассейні де бар.

Биылдан бастап балабақша өз шәкірттерін Мария Монтессори педагогикасы бойынша тәрбиелеуді Астанада алғаш болып тәжірибесіне енгізді. Бұл үшін арнайы кабинеттер де жабдықталған.

Мемлекеттік балабақшаларда елін сүйетін ұрпақ тәрбиеленіп жатыр деп сеніммен айта аламын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − three =