АЛЬПИНИСТ АВСТРИЯ ПАВИЛЬОНЫН БАҒЫНДЫРДЫ

0 129

Австрия павильонында қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаев «Қуат машинасын» бағындырды. Әлемдегі барлық «сегізмыңдық» шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған ол 2013 жылы Австрияның ең биік нүктесі – Гросглокнер шыңына шыққан болатын.

«Мақсұт Жұмаев қатысқан бұл шара екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың символы деп білемін. Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі – жаңартылған энергияны тиімді пайдалану, үздік «жасыл» технологиялар мен экологиялық тұрақтылықты қамтитын жылдың ең елеулі оқиғасы. Біздің ел – «жасыл» энергетика саласы бойынша Еуропадағы мойындалған көшбасшы. Біздің павильонға келген әрбір келуші болашақ энергияны сезіне алады» дейді Австрия елшілігінің сауда жөніндегі кеңесшісі Михаэль Мюллер.

Жалпы, Австрияда тауды еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жақсы көреді дейді павильон жетекшілері. Тау демалысын жақсы көретіндердің «Alpenverien» деп аталатын қауымдастығына биыл 150 жыл толыпты. Қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев осы қау­ымдастықпен ынтымақтас­тық туралы меморандумға қол қойып, елімізде де осыған ұқсас клуб құрған.

«Мен Австрияны «жасыл» технология саласындағы жеткен жетістіктері үшін құрметтеймін. Еліміздің Альпинклубының негізгі мақсаты – табиғаттың тепе-теңдігін бұзбау және адамдарды табиғатпен тіл табысуға үйрету» дейді альпинист Мақсұт Жұмаев.

Айта кетейік, Австрия павильоны – ең креативті павильон. Олар «Болашақтың энергиясы – Біз және Сіз!» ұранын ұстанған. Келушілерге қызықты болу үшін нағыз ойын алаңын ұйымдас­тыра білген. Мәселен, Австрия туралы бейнені көру үшін электр қуатын жеткілікті түрде жинау керек. Ол үшін павильонды тамаша­лауға келген қонақтар бірнеше велосипедті қатар тепкені дұрыс.

«Павильон – алып күш машинасы. Онда әртүрлі құрылғылар мен тетіктердің көмегімен келушілер ойын түрінде энергияны сезіне алады. Күш машинасы әр қонақтың қарым-қабілеті мен мүмкіндігін ашады. Тіпті, энергияны ұқыпты пайдалануға үйретеді. Австрияның шығармашылық әлеуеті мен жаңа технологиялары барлық келушілерге керемет көңіл күй сыйлайды» дейді ұйымдастырушылар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + seven =