Әл-Фараби әлемін әспеттеді

0 29

Бойына Жаратушымыз берген елден ерекше мол дарын, қарым-қабілеті арқасында тылсым сырлары мен құпия қырлары көп бірнеше ғылым салаларын терең меңгерген 70-тен астам тілді жетік білген әлемнің «екінші ұстазы» атанған ғұлама ғалым, ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың биылғы 1150 жылдық мерейтойы туған жері – Отырардан бастау алды.Осынау тағылымдық мән-маңызы зор ұлағатты іске өзіндік үлестерін қосуды ниет еткен отырарлық өнерпаздар бүгін мақтаныш тұтар жерлестерінің халықаралық ауқымдағы мерейтойы құрметіне орай көрермендер назарына драматург Шахмет Құсайыновтың «әл-Фараби» спектаклін ұсынды. Білікті режиссер Ғазиз Арыновтың сахналауымен сәтті шыққан туындыны қызыға тамашалаған көрермендердің қарасы көп болды. Шебер суретші Әділхан Мәліктің сахнаны белгілі бір көрініс­терге лайықтап әсем безендіргені де талғампаз көрермендердің көңілдерін көтерді.
Өнер кешіне халық ақыны, ІІ дәрежелі «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері Әселхан Қалыбекова, ҚР Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев және облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, отырарлық ұлы ойшыл образын сахнада шеберлікпен сомдаған өнерпаздарға алғыстарын білдірді.
Әлем мойындаған ғұлама ғалымның өміріне арналған шығармадан ерекше әсер алған көзіқарақты көрер­мендер мол рухани азықты бойларына жинап, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды