Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан

0 99

 Ұлылық ұлағаты

Биыл дала данышпаны, адамзаттың «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Бұл – тарихымыз­дағы тағылымды белестің бірі. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтулы датаны еліміз және әлемдік деңгейде атап өту жөнінде арнайы шешімін шығарды. Бұл орайда Ұлы даланың ұлағатты ойшылдары Абай мен әл-Фараби мерейтойларының тұспа-тұс келуін рухани сабақтастық деп бағалауымыз керек.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы,
Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау
және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы

Әл-Фараби мен Абай – Шығыс пен Батыс әлемінің үздік жетістіктерін үйлестірген, өркениеттер тоғысында озық ой айтқан ғибратты ғұламалар. Қазақ үшін Абайдың данышпандық тұжырымдары – адастырмас темірқазық. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми және шығармашылық мұрасы да – мәңгілік қуат алатын асыл қазынамыз. Әйгілі ғалымның еңбектері аса мазмұнды әрі ауқымды. Ол математика, филология, химия, астрономия, философия, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, юриспруденция, этика және тағы басқа көптеген ғылым саласын дамытуға орасан зор үлес қосты.
Әл-Фараби феномені – теңдесі жоқ құбылыс. Оның баға жетпес ғылыми мұрасының жалпыадамзаттық маңызы бар. Ұлы ойшыл – орта ғасырларда ірі сауда орталығы, ғылым-білім және мәдениет ошағы болған Отырардың тумасы. Ол – әлемдік деңгейдегі тұғырлы тұлға, біздің мақтанышымыз.
Әл-Фараби – Батыс және Шығыс мәдениеті арасындағы алтын көпір. Ұлы ұстаз ғылымның басты мұраты адамзат игілігіне қызмет ету деп білді. Оның пікірінше, ғылым өркениетті дамыту жолында нақты пайда әкелуі керек. Ғылымның дамуын философия, мораль және діни нормалармен үндестік арқылы қарастыру – ойшыл дүниетанымының басты ерекшелігі.
Әл-Фараби еңбектерін аударып, жариялау XII ғасырларда басталды. Ғұлама ғалымның интеллектуалды капиталы – көне грек философиялық мәтіндерінен аударылған еңбектер, түсініктемелер, сондай-ақ гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын синтездеген жеке шығармалар. Оның ең танымал туындылары – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Даналық негіздері», «Музыканың үлкен кітабы», «Ғылымдар жіктемесі» және тағы басқа.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруге, яғни одан бұрын жаңғырып отыруға тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап өтті. Ендеше әл-Фарабидің рухани әлемін терең және жан-жақты зерттеу – уақыт талабы.
Халқымыздың парасатты перзенттері әл-Фарабидің есімі мен шығармаларын халқына қайтару үшін аянбай тер төкті. Солардың ішінде даңқты ғалым Ақжан ­Машанидің орны бөлек. Фарабитанушы өз зерттеулерін­де ұлы ғұламаны Абай арқылы танығанын мәлімдейді. Ол сондай-ақ қос ғұламаның идея­ларынан үйлесімділік тауып, «Әл-Фараби мен Абай сынды данышпан ұлдары бар ел жарық сәуле жолынан адаспас. Әл-Фараби мен Абай жолы – тура жол» деп жазды.
Ұлы ойшылдың елімізге қайта оралған рухани мұрасы – біздің сарқылмас қазынамыз. Ол өзінің шығармаларына әділетті қоғам қалыптастыру, ізгі адам тәрбиелеу идеяларын арқау етті. Осы игі бастама Абайдың туындыларында жалғасын тапты.
Ғибратты ғұламаларымыздың ой-тұжырымдары бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біз Тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң әл-Фараби мен Абай армандаған асыл мұраттарды жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Енді Ұлы даланың дара тұлғаларының туындыларын елімізде ғана емес, сондай-ақ жаһандық ауқымда дәріптеуіміз керек.
Әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі саналатын Ежелгі Тұран өңірі Азия мен Еуропаны географиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар рухани және мәдени жағынан да байланыстырып келеді. Осы қасиетті топырақта туған Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгінеки және басқа тарихи тұлғалар өз заманында ортағасырлық түркі өркениетінің өркендеуіне зор үлес қосты.
Аталған ұлы ойшылдардың арасында әл-Фарабидің орны бөлек. Ол ислам мәдениетінің ошағы болған Бағдад, Каир, Дамаск, Халеб қалаларында бүкіл саналы ғұмырын өткізді. Ғұлама ғалым ақыл-ойдың алыптары – Аристотель мен Платонның шығармаларын өз заманына сай талдап-түсіндірді. Әл-Фараби өзінің ғылыми еңбектері арқылы жаңаша ойлау жүйесін қалыптас­тырып, ғылыми дүниетанымның интеллектуалдық деңгейін жаңа биікке көтерді.
Әл-Фараби ислам өркениетінің «алтын ғасырын» дамытуға үлкен үлес қосты. «Қайта өрлеу» дәуірінің алғашқы кезеңінде Фараби еңбектері латын тіліне аударылып, Еуропа жұртшылығына танылды. Сол арқылы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.
Ілгергі дәуірде әл-Фарабиді туған елімен байланыстыру, жан-жақты зерттеп-зерделеуге мүмкіндік болмады. Ұлы ұстаздың есімі қазақ жұртына белгілі болған кезден бастап, оның мұрасы ұлттық сананың оянуына және нығаюына ықпал етті. Фараби мұрасын ұлықтауға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зерттеушілер көп еңбек сіңірді. Кеңестік дәуірде Ғылым академиясында құрылған әл-Фараби еңбектерін зерттейтін шығармашылық топқа көрнекті философ-ғалым Ағын Қасымжанов жетекшілік етті. Осы бастамалардың нәтижесінде Алматы қаласы әл-Фараби мұрасын зерттеуді үйлестіретін ғылыми орталыққа айналды. Атқарылған жұмыстар шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды.
XX ғасырдың 60-70 жылдарында қазақ оқымыстыларының табанды зерттеулерінің арқасында ұлы ойшылдың еңбектері Қазақ еліне оралды. Осылайша «екінші ұстаз» туған топырағымен қайта қауышты. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Өйткені сол тұста көптеген елдерде әл-Фараби секілді әлемдік деңгейдегі ірі тұлғаны өздеріне қарай икемдеу үрдісі жүріп жатты. Ғалымдарымыз қажырлы еңбегі мен ғылыми дәлелдемелері арқылы әл-Фарабидің қазақ жерінің тумасы екенін әлемдік қауымдастыққа мойындатты.
Еліміз тәуелсіздік алған соң ұлы ұстаз тұлғасының ой-санамызда және күнделікті өмірімізде берік орнығуына кеңінен жол ашылды. Мемлекеттігіміздің символына айналған ұлттық валютамызда әл-Фараби бейнесі көрініс тапты. Арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып, ғалымның шығармаларын зерттеу ісі жүйелі түрде жүргізіле бастады. Мектеп бағдарламасына әл-Фараби және оның мұрасы жөнінде мәліметтер енгізілді.
Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленген Қазақ ұлттық университеті ғұламаны дүние жүзіне танытуға барынша үлес қосуда. Халықаралық әл-Фараби ғылыми орталығы құрылды. Мұндай орталықтар әлемнің бірқатар елінде ашылды. Қазақ елі ұстаз алдындағы борышы мен парызын өтеу мақсатында оның сүйегі жатқан Дамаск қаласында мәдени кешен тұрғызды. Сондай-ақ Фарабидің адамзат өркениетінің даму тарихындағы өзіндік орнын айқындау үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Ұлы ғұламаның мол мұрасын мұқият зерделеп, оның терең философиялық ой-тұжырымдарын өскелең ұрпақ тәрбиелеу, ізгілік қағидаттарын дәріптеу ісіне тиімді пайдаланған жөн. Бұл – басты міндетіміздің бірі.

Тәрбие тағылымы

Әлемнің ұлы ойшыл-философ­тары әр дәуірде бақытты өмір, бақуатты тұрмыс мәселелері жөнінде ой толғаған. Солардың ішінде Әбу Насыр әл-Фарабидің осы тақырыпқа арналған «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» атты еңбектерінің орны бөлек. Ол өз шығармаларында адамзат өміріндегі ең өзекті мәселе – бақыт идеясын ұсынады. Ғұлама ғалым адам бақытын басты орынға қояды. Бақыт дегеніміз – өмірден ләззат алу емес, әрекетшіл ақыл-парасат арқылы мақсатқа жету екенін айтады. Фараби бақытқа кенелу формуласын «Адамның өзін-өзі жетілдіре отырып, кемелдікке жету жолы» деп көрсетеді.
«Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығына орай, ұрпақ санасына ата-бабадан мирас болып келе жатқан адами қасиеттерді, рухани құндылықтарды шым-шымдап сіңіре беру керек. Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Өйткені әр перзент – еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы.
Әл-Фараби адамның өзін-өзі жетілдіріп, кемелдікке келу жолында отбасының ерекше рөл атқаратынын айтқан. Үлгілі отбасында тәрбиеленген азамат сол ізгі қоғамның, қайырымды қаланың қадірлі тұрғыны болмақ. Отбасындағы күнделікті жақсы әдет тұрақты қасиетке айналса, бақытқа жетудің алғашқы қадамы жасалмақ.
Әр отбасының береке-бірлігін, әл-ауқатын нығайту – аса маңызды міндет. Отбасы институтын әлеуметтік қорғау және қолдау арқылы азаматтарымыздың жақсылыққа жетуіне жол ашатынымыз анық. Қазіргі таңда дамыған мемлекеттер ең алдымен, азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән береді. Бүкіл мемлекеттік аппараттың тиімділігі осы көрсеткіш бойынша бағаланады. Біз бақытты отбасын құруға, денсаулығы зор және саналы ұрпақ тәрбиелеуге жағдай жасауымыз керек. Сол себепті бүгінде отбасы институты мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыратын негізгі мәселеге айналды. Ұлтымыздың басты капиталы – озық ойлы әрі рухани тұрғыда кемелденген азаматтарды тәрбиелеп өсіру осыдан бастау алады.
Егемен елімізді одан әрі өркендету үшін отбасы институтын әлеуметтік саясатымыздың өзегіне айналдыруымыз керек. Азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесі отбасын құру, оны нығайту және оған жан-жақты қолдау көрсетуге негізделуге тиіс. Жыл сайын адами құндылықтарды жаңғыртуға, үлгілі отбасыларды дәріптеуге және оның мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Мұндай байқаулар отбасы институтын нығайтуға, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Фараби ілімінің бақытты отбасы моделін ұзақмерзімді стратегияға айналдырғаны дұрыс болар еді.
Ұлы ойшылдың пікірінше, адамның кемелденуіне ең басты ықпал етуші күш – білім. Ұлы бабамыздың білім мен тәрбиені ұштастыра жүргізу хақындағы ой-тұжырымдары ғасырлар бойы өмір шындығынан туған қағидаға айналды. Сондықтан жас ұрпаққа білім мен ғылымды ғана үйретіп қоймай, жан-жақты тәрбие беріп, адами қасиеттерді сіңіру аса маңызды. Мұндай ізгі ұмтылысқа ең алдымен, мемлекет мүдделі әрі жауапты болуға тиіс. Бұл орайда Білім және ғылым министрлігі білім мен тәрбиені қатар өрістету ісін жандандыра түскені абзал деп ойлаймыз.
Тәлім-тәрбиенің кілті ақыл-парасаты мол ата-ананың ғана емес, білімі терең, тағылымы тамырлы ұстаздың да қолында болады. Адам баласы жақсылыққа жету жолында, әл-Фараби тілімен айтқанда, «ақылгөй ұстазға зәру». Бұл зәруліктің орнын білікті педагогтер, ұлағатты ұстаздар даярлау арқылы толтыруға болады. Осы тұрғыдан алғанда біз қоғамда қажетті реформаны жүзеге асыра бастадық. Парламент «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдады. Бұл заң көптеген жаңа қадамдарға жол ашады. Сондықтан барша мұғалім еңбегін бағалап, педагог мәртебесін арттырып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымды қадірлеуіміз керек.
Әл-Фараби нұсқағандай, бақытқа кенелудің кепілі – орнықты мінез-құлық пен ақыл-парасат. Сонымен қатар ұлы кемеңгер адамның жетілуі оның денсаулығына тікелей байланысты екенін айтады. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» дейді. Ендеше біз әр азаматтың дені сау болуына жете назар аударуға тиіспіз. Данышпан ойшыл ержүректілік пен қайсарлықты да жоғары бағалайды. Әр адам қауіпті сәттерде айналасын, елін қорғап қалуға дайын тұруы қажет. Бұл қасиет адам бойына бала күнінен даруы керек. Демек біз патриоттық тәрбиеге де баса мән бергеніміз жөн.
Әл-Фараби жақсылыққа жету жолдарын көрсеткенде үнемшілдік пен ысырапшылықты назардан тыс қалдырмайды. Ол сондай-ақ шектен тыс рахатқа бөлену тойымсыздыққа, қомағайлыққа соқтыратынын ескертеді. Ал қомағайлық жемқорлыққа әкеледі. Бұл да – ел дамуын тежейтін аса қатерлі індет. Мемлекетіміз мұндай кеселмен толассыз күрес жүргізуі керек. Қоғамның әр саласындағы жемқорлыққа жол бермеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Дала данышпаны адам бойындағы теріс мінез-құлықтың рухани кесел екенін атап көрсетті. Оның осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын айтқан сөзі әлі де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Өкініштісі, біздің қоғамда әлі күнге дейін ұлт дамуына кері әсер ететін іштарлық, аяқтан шалу әрекеттері етек алуда. Осындай қасиеттерден арылу үшін әл-Фараби ілімін білім бағдарламаларына енгізіп, қоғамда кеңінен насихаттау ісін қолға алу қажет.
Кемеңгер ойшыл бақытқа жету жолын саралаған кезде мәрттік туралы ойын ортаға салады. Бұл үрдіс те бізге үлгі-өнеге болуға тиіс. Жетімін жылатпаған, жесірін жерге қаратпаған қазақ еліндегі жомарт жандардың дәстүрлі қайырымдылық қызметінің жаңа деңгейде жалғасуына өріс ашу керек.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы ­Тоқаевтың пікірінше, «қайырымдылық пен волонтерлік қызмет – патриотизм­нің жарқын көрінісі және озық үлгісі». Биылғы Волонтер жылында еріктілердің игі бастамаларына баршамыз куә болдық. Отандастарымыздың қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға белсене атсалысуы – соның айқын дәлелі. Еріктілер мен жомарт жандар пандемия кезінде мұқтаж адамдарға айтарлықтай қолдау көрсетті. Біз қайырымдылықпен және волонтерлік қызметпен айналысуды барынша қолдап, оны кеңінен дәріптеуіміз керек. Бұл да мемлекеттің күн тәртібінде тұрған негізгі міндеттің бірі.
Әл-Фараби адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты да жақсылыққа жетудің жолы деп санайды. Қазақ халқы ешқашан достық пейілінен жаңылған емес. Бұл – отандастарымыздың ұлтына, нәсіліне қарамай, тату-тәтті өмір сүруінің кепілі. Осыған орай, біз достық қатынастарды одан әрі нығайтатын іс-шараларды тұрақты түрде жүргізе береміз. Жалпы, мемлекетіміз елдің тұрмысына жайлы, лайықты орта қалыптастыруға ерекше мән береді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл сайын әлем елдерінің бақыттылық деңгейінің рейтингін әзірлейді. Бақыт индексінің басты мақсаты – халықтың рухани даму сапасын, тұрмыс ахуалын айқындау. Осы өлшемдер жиынтығы бойынша Қазақстан былтырғы халықаралық рейтингте 60-орынды иеленді. Бұл ұлы ғұламаның атажұрты саналатын біздің еліміз үшін әрине, жеткіліксіз. Демек Үкімет бұл бағытта нақты жұмыстарды одан әрі қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматының жақсылыққа жету жолында өзін өзі жетілдіріп, ел дамуына үлес қосу үшін әл-Фараби идеяларымен қарулануы аса өзекті мәселе болып қала бермек. Ғұламаның бақыт философиясы азаматтық қоғамды өркениетке жетелейтін ақыл-парасат бағдары болуға тиіс.Қайырымдылық қағидаты

Адамзат өзінің даму тарихында кемел қоғам құруды ғасырлар бойы армандап келеді. Батыс және шығыс ойшылдары әр дәуірде адамгершілік, білімділік, әділеттілік, гуманизм мәселелері туралы ой толғады. Мінсіз қоғам туралы еңбектер жазылды. Мемлекеттік басқарудың тиімді формаларын іздеу барысында әртүрлі модельдер ұсынылды.
Соның ішінде Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қала – қайырымды қоғам туралы ілімі аса құнды. Біз қазір коронавирус індетіне қарсы бүкіл адамзаттың күш біріктіруі аса маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл ахуал жалпыадамзаттық «қайырымды әлем» ұғымы қаншалықты өзекті екенін аңғартады. Осы орайда әл-Фарабидің бүкіл адамзатқа арнаған «Адамдар бақытқа тек біріге отырып қол жеткізе алады» деген сөзі баршамыз үшін нақты бағдар бола алады.
Әл-Фарабидің пікірінше, «адамдарды бір-біріне көмектесу үшін біріктіретін қала – қайырымды қала, ал бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін қоғам – қайырымды қоғам». Мемлекетке қарағанда алдымен қоғам қалыптас­қаны тарихтан белгілі. Ойшыл атап өткендей, қоғам мемлекетсіз бола алса да, мемлекет қоғамсыз бола алмайды. Осы орайда еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту үшін Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы идеяларын басшылыққа алуға болады.
Әл-Фарабидің әлеуметтік көзқарастары азаматтық қоғамның және әділетті жүйенің қағидаттары мен құндылықтарын қалыптастыру үшін аса маңызды. Философ «Қайырымды адам және азаматтық қоғам қандай болуы керек?», «Мемлекеттік басқарудың әділетті жолы қандай?» деген сауалдарға нақты жауап береді. Ұлы ойшыл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын және адамгершілік қасиеттерін жетілдіру арқылы жоғары парасаттылыққа жететінін айтқан. Сондықтан да ұлы кемеңгердің көзқарастары жаңа ХХІ ғасырда да өте өзекті деп санаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент лауазымын атқаруға кіріскен кезде әділеттілікті үш ұстанымның бірі ретінде ерекше атап көрсеткені белгілі. Әділеттілік – дамыған қоғамның және мықты мемлекеттің өзегін құрайтын қастер­лі қағида. Бұл ұстаным әсіресе, мемлекеттік деңгейде және қоғамдық өмірдің барлық саласында берік орнығуға тиіс.
Биліктің беделі әділдік арқылы ғана арта түседі. Халық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қабылдайтын шешімдердің әділ және ойға қонымды болуын талап етеді. Бұл – заңды әрі орынды талап. Осыны биліктің атқарушы, заң шығарушы органдарында және сот саласында қызмет ететін барлық қызметкерлер жете түсініп, бұлжытпай орындауы керек. Әр нәрсеге әділеттілік тұрғысынан қараған кезде ғана береке-бірлігіміз нығайып, мемлекетіміз өсіп-өркендейді. Әл-Фараби аманат еткен ой-тұжырымның бірі – осы.
Әл-Фараби еңбектерінен адамдардың бір қоғамда бірге өмір сүруі үшін қажетті адамгершілік қасиет­терге негізделген қағидаларды таба аламыз. Ол адам мен қоғамның біртұтастығы қоғамдық өмір мен жеке өмірдің үйлесімді дамуына байланысты деп түсінеді. Ғұлама ғалымның «қайырымды қоғамы» – қоғам мүшелері армандайтын әлеуметтік құрылым. Адамдар тек бір-біріне қолдау көрсету арқылы қайырымды қоғам құра алады. Мұндай қоғамда адамгершілік, әділеттілік, ақиқатқа құштарлық, ар-намыс, еңбекқорлық дәріптелмек. Адамдардың бір-бірімен және сыртқы ортамен байланысы, қоғам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасы осы құндылықтар негізінде қалыптасады.
Бүгінде әл-Фарабидің «қайырымды қоғам» ұстанымындағы әділеттілік, қоғам мүшелеріне тең мүмкіндік беру жөніндегі қағидаттары біз үшін аса маңызды. Оның ілімі бойынша, кез келген жетілген қоғамның мақсаты – елін надандық, жемқорлық, дұшпандық сияқты жағымсыз әрекеттен қорғау. Ойшылдың пікірінше, мемлекеттік басқарудың әділеттілігі азаматтардың еркін жетілуіне жол ашады. Осы идеяны басшылыққа алсақ, құқықтық мемлекет құру жолында әрбір азаматтың қоғамдағы орны мен елдің дамуына қосқан үлесі ескерілуге тиіс. Өйткені меритократия қағидаттарын сақтау арқылы азаматтық қоғам қалыптасатынын дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-­саяси ұстанымының бүгінгі қоғам дамуымен үндесетін тағы бір тұсы – көшбасшы тұлғасы. Ол көшбасшының он екі қасиетін анықтап берген. Қазіргі заманда әл-Фарабидің бұл көзқарасы да аса бағалы. Біз мемлекеттік шешімдердің әр азаматқа игілік әкелуі үшін түрлі деңгейдегі басшыларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін білеміз. Ұжымның үлкен-кішілігіне қарамастан, жалпы қоғамдағы жағдайдың өзгерісі басшыға және оның көшбасшылық қасиетіне тікелей байланысты болады.
Көшбасшы өзінің қабілет-қарымымен және іс-әрекетімен қоғамның басқа мүшелеріне үлгі болуға тиіс. Сол себепті мемлекеттік қызметке кадрлар іріктеу барысында әл-Фараби атап көрсеткен «мінсіз көшбасшы» идеалын басшылыққа алған жөн. Елімізде президенттік кадрлық резерв жасақтау үшін өткізілген үздік жас мамандар байқауы осы мүддеден туындаған еді. Әртүрлі деңгейдегі басшының, мемлекеттік қызметшінің «фарабилік тұжырыммен» үндес заманауи моделін қалыптастыру – ғұлама ұстаздың аманатын орындаудың бір көрінісі. Сондықтан ең үздік мамандарды кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеттеріне қарап іріктеп алуымыз қажет. Дәл осы ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінің өзегін құрауға тиіс.
Ойшылдың үйлесімді қоғам теориясы, саясат пен мораль сабақтастығы туралы ойлары ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үндеседі. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіндегі Парасаттылық департаменті қоғамдағы әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін құрылды. Бұл – өркениетті ел болу, демократиялық үрдістерге көшу жолындағы маңызды қадам.
Қайырымды қоғамда азаматтардың және ұжымның таңдауы мен қалауына қолайлы жағдай жасалады. Әл-Фарабидің осыған саятын бұл пікірі мемлекет, азаматтық сектор және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынас логикасын өзгерту, сондай-ақ азаматтық қоғаммен әріптестік орнату міндеттері қойылған қазіргі кезеңде ерекше маңызды болып отыр. Қазақстан осындай өзара серіктестік арқылы қоғамның сұранысына жауап беріп, алға ілгерілейді.
Президент жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы кедергіні жою және түйткілді мәселелерді мәміле арқылы шешу. Бұл құрылымның мақсаты да ойшылдың идеяларымен өзектес. Әл-Фараби философиясынан мәдениетаралық сұхбаттың саяси моделін табуға болады. Татулықтың тиімді алаңына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуметтік-сая­си үдерістерге ұлттық, діни және мәдени ерекшеліктерге қарамастан, тең дәрежеде қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл бағытта қабылданған заңдар қоғамдық бірлестіктердің рөлін арттыра түседі.
Азаматтық қоғам мен мемлекет қарым-қатынасының барлық формасы әлеуметтік жүйенің өзін-өзі басқаруына, реттелуіне жол ашуға тиіс.
Әл-Фарабидің қайырымды қоғам идеясы – өркениет өнегесі, елдіктің өзегі, мемлекеттіліктің тұғыры. Қайырымды қоғам әділетті басқаруға негізделсе, әрбір қоғам мүшесінің жағдайы түзеледі. Осыған орай біз де әділдікті басты назарда ұстап, бірлігі жарасқан халқымыздың ынтымағын арттыра беруіміз керек.

Өркениет өнегесі

Адамзат өркениеті қайда беттеп барады? Бізді алдымызда не күтіп тұр? Бұл – көптеген ойшылдар мен саясаткерлерді толғандыратын сауалдар. Дәл қазіргі сәтте ұлы ғұламаның адамзатқа қарата айтқан ізгі қоғам туралы ілімінің өзектілігі артып келеді. Әл-Фараби – өркениет философы, әлем кеңістігіне асқар биіктен көз салған ұлы тұлға. Оның рухани құндылықтар мен игі мұраттарға негізделген идеялары мемлекетті әділ басқаруға және қоғамды кемелдендірудің өркениетті парадигмасын қалыптастыруға негіз бола алады. Бұл идеялар заманауи адамзат өркениетінің басты ұстанымына, әлемдік қоғамдас­тықтың қауіпсіздігі мен қалыпты өмірін қамтамасыз ететін қағидаға айналуға тиіс. Тек осылайша ғана адамзат дамуына аса қолайлы бейбіт кезеңге жетуге болады. Ұлы өркениет философының үніне барлық адамзат баласы құлақ түруге тиіс!
Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап, әлемдік деңгейдегі бірқатар басқосуларға мұрындық болып келеді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Елбасының ядролық қарусыз әлем жөніндегі бастамасы – соның айқын дәлелі. Қазақстанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиттері, «ЭКСПО-
2017» халықаралық көрмесі жоғары деңгейде өтті. Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ ауқымын кеңейтіп, халықаралық аренадағы беделін арттырды. Қазақстан әлемдегі қақтығыстар мен шиеленісті мәселелерді шешу жолында әл-Фараби ұсынған ізгілік пен ынтымақтастық қағидаларына сай маңызды қадам жасап, күш жұмылдырып келеді.
Ғылым мен мәдениет саласындағы айтулы жетістіктер өркениет дамуының қозғаушы күші екені белгілі. Кез келген халықтың тарихтағы орны ғылыми-технология­лық, инновациялық және мәдени даму үрдісіне қосқан үлесі бойынша айқындалады. Осы орайда біз ата-бабамыздың жылқыны қолға үйрету мәдениетін қалыптастырып, металл өңдеуді дамытқанын зор мақтанышпен айта аламыз. Орталық Азия аймағының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі бүгінде отандық қана емес, шетелдік зерттеушілердің де қызығушылығын тудырып отыр. Әл-Фараби әлемді тануға және адамзат өркениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Ұлы философтың ілімі этика ілімдерінің негізіне айналды.
Бүгінде әлем экономикасы технологиялық бағытта дамып келеді. Төртінші өнеркәсіптік революцияның негізін құрайтын үлкен деректің, заттар интернетінің, киберфизикалық жүйелердің, блокчейн технологияларының маңызы арта түсті. Дәлірек айтқанда, жаңа ғылыми технологиялар арқасында барлық дамыған елдер зияткерлік ресурстарға бейімделді. Өркениетті мемлекеттер ауқымды ақпараттық технологияларға негізделген «білім экономикасына» бағыт алып, инновациялық серпіліс жасауда. Бұл – жалпы әлемдік үрдіс, уақыттың тарихи сынағы және басты талабы. Тек инновациялық даму ғана еліміздің тұрақты өркендеуін және ұлттық экономиканың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алады.
Мемлекет басшысы былтырғы және биылғы Жолдауында еліміздің ғылым саласын дамыту мәселесіне баса назар аударды. Біз экономиканы жаңа ғылыми әзірлемелер арқылы ғана өркендете аламыз. Дамыған мемлекеттер білім мен ғылымның арқасында көш бастап келеді. Сондықтан осы салаға жағдай жасау – кезек күттірмейтін маңызды міндет. Осы орайда Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету және «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлу жөніндегі мәселе жоғары деңгейде қарастырылуда. Ғылым қаржыдан таршылық көрмеуі керек. Өйткені елді мұратқа жеткізетін саланың бірі – осы. Ұрпақтарымыз­дың ғылым-білімнен ешқашан алыстама­ғаны жөн. Әл-Фарабидің сан ғасырлық тағылымы бізге осындай аманат жүктейді.
Инновациялық экономиканы дамытудың негізгі факторы – адам капиталы. Бұл ретте ғылым мен білім беру жүйесінің рөлі зор. Осы жаңа технологияларды дамытатын жоғары оқу орындарына ерекше мән бергеніміз жөн. Қазақстанның университеттері әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарға шығып, дүние­жүзілік кеңістікте беделді орындарды иеленуі керек. Осыған орай алғашқы жоба ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу алқабы іске асырылатынын атап өтуіміз керек.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, зерттеу университеттері негізінде қалыптасқан жоғары технологиялық ареалдар (алқаптар, технополис­тер, өндіріс кластерлері және т.б.) кез келген елдің инновациялық жүйесінің негізгі элементі екенін көреміз. Сонымен қатар олар өз мемлекеттерінің тұрақты дамуына тың серпін бере алады. Экономикасы дамыған елдер мемлекеттің, университеттің, бизнес өкілдері мен қоғамның күш-жігерін біріктіру арқылы жаңа білім жүйесі мен озық технологияларға қол жеткізіп отыр. Еліміздің білім саласында көрсететін қызметтерінің экспортын ұлғайту және отандық ғалымдардың ғылыми-инновациялық әзірлемелерін жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби тарихи-мәдени орталығының филиалын Сирияның Дамаск қаласынан ашу көзделуде. Шетелде ашылған осындай он екі филиал Қазақстанның тарихи және мәдени байланыстарын нығайтуға үлес қосуда. Келешекте осындай орталықтарды көбейтуіміз керек.
Әбу Насыр әл-Фараби – соңына баға жетпес мол мұра қалдыр­ған ғалым. Соның біразы дүние жүзінің түрлі кітапханалары мен қолжазба қорларында жатыр. Бұл ғаламат жәдігерліктерді барынша түгелдеп, өз тілімізге аударып, жан-жақты зерттеп-зерделеу қажет. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «…Дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады əрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр» деген болатын. Сондықтан әл-Фараби есімі Қазақ елі үшін қашанда әлемдік бренд болып саналады. Осылайша әл-Фараби ілі-мін жоғары технологияны дамыту, адами капиталымыз бен бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру және адамзат өркениетінде лайықты орын алу үшін тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – бәріміз үшін маңызды міндет.

* * *

Мінеки, тағылымы мол тарихи жыл да аяқталып келеді. Түгел істің түйінін жасайтын, мерейтойлық жылдың қорытындысын шығаратын да уақыт таяды. Бұл орайда Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын өткізудің басты мақсаты – ұлы ойшылдың мұрасын, оның әлемдік өркениет тарихындағы рөлін айқындау, әл-Фарабиді ұлттық бренд ретінде ілгерілету болғанын атап өтуіміз керек. Жыл бойы әл-Фарабидің ғылымның рөлі, ізгілік, этикалық кемелдік туралы идеяларына негізделе отырып халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, салалық, кәсіби кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы ­Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Дана бабамыздың еңбектерінің факсимелерін әлем кітапханаларынан жатпай-тұрмай іздеу, табу, қазақ ойының, қазақ ғылымының басты міндеті саналуы тиіс… Жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағы қастерлі бабамыздың еңбектеріне адал, әм берік ниетпен қарайтынына сенім мол. Әл-Фарабидің теңдессіз еңбектері Дешті-Қыпшақ руханиятының қайнар көзі болғанын қашанда жадымызда ұстайық» деген міндеттері басшылыққа алынды.
Атап өтер жайт, Фараби бабамыздың парасатты ғұмыры бүгінгідей жаһандану заманында жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп өсіру жолында үлкен үлгі-өнеге. Ұлы философ бала кезінен сол замандағы өркениеттің іргелі орталықтары Бұқара, Самархан, Мерф, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппа және басқа да ірі шаһарларда ұдайы білімін жетілдіріп отырды. Ғылым, білім іздеп, жаһанды шарлаған ойшыл түркі, араб, парсы тілдерімен қатар грек, қытай, латын, санкскрит және басқа да ғылым дамыған тілдерді меңгереді.
Қазіргі уақытта әл-Фараби ойлары мен тұжырымдарының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Сондықтан да биылғы барша мерейтойлық іс-шаралар ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттауға, зерделеуге, оның ғылыми және әлеуметтік-­
мәдени маңызы бар инфрақұрылымдық объектілерін құруға, сондай-ақ әл-Фарабиді мәңгі есте қалдыруға бағытталды.
Ойшылдың еңбектерін тәржімалау жұмыстары қолға алынды, әл-Фараби туралы жаңа кітаптар жарыққа шықты, ұлы ғалым туралы деректі фильмдер жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдарында әл-Фарабиге арналған хабарлар циклі, тақырыптық айдарлар мен бөлімдер ұйымдастырылды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын және оның қазіргі әлемдегі өзектілігін талқылау түрлі елдердің ғалымдары мен әлемнің жетекші фарабитанушыларының ірі халықаралық конференцияларда талқыланатын тақырыпқа айналды. Әл-Фарабидің шетелде жаңа орталықтары ашылды.
Біз ұлы бабамыздың ғылыми жаңалықтарын жаңа ғасырдың сұранысына сай зерделеуге де баса мән беріп келеміз. Әл-Фараби мұрасының аясында жасанды интеллект, этика және рухани дамумен байланысты проблемаларды зерделеу бойынша пәнаралық жобаларды қолдауға қаржы бөлінді. Жоғарыда айтылғандай, Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі жобаға бастама жасалды, ол инвестициялар тартуға, технологиялардың дамуына қуатты серпін беруге және отандық ғылым мен білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысындағы әл-
Фараби мұрасын жаңғырту және Отырар қалашығын ірі туристік кластер ретінде қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар кешені өткізілді. Ізгі қоғам туралы әл-Фарабидің идеясын креативті және өзгеше түрде насихаттауға бағытталған жастар бастамалары қолдау тапты. Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде біз осы үлкен жұмыстың қорытындысын шығардық, соның арқасында әл-Фарабидің бейнесі мен мұрасын қоғамдық қабылдау едәуір алға жылжыды. ҚазҰУ мен қазақстандық ғылыми қоғамдастық­тың бірегей мықты командасының арқасында әл-Фараби жылы аясындағы ғылыми миссионерлік қағидаттарға негізделген көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды.
Ел Президенті халыққа жасаған биылғы Жолдауында «ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыру бойынша баршамыздың алдымызға аса маңызды міндет қойды. Бұл орайда кез келген бәсекелестікке төтеп беретін әрі ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойына сіңірген ұрпақ қалыптастыруда әл-Фараби бабамыздың мұраларын жастардың бойына барынша сіңірудің мәні ерекше зор!
Сонымен қатар ұлы ойшыл дүниеге келген Ұлы дала төсінде отандық ғылымды өркендету де өте өзекті мәселе. Өздеріңіз білесіздер, әл-Фараби бабамыз осыдан мың жылдан астам бұрын дүниенің мәңгілігін, танымның болмысқа тәуелдігін айқындап парасат туралы ілімді сараптап, саралады. Сол замандардың өзінде дала кемеңгері «Ғылымдар тізбегі», «Бесінші трактат», «Медицина каноны», «Қайырымды қала», «Риторика», «Бақытқа жол сілтеу», «Вакуум туралы» және басқа да ондаған іргелі еңбектер жазғанын ескерсек, ұлы баба ұрпақтары қазіргі таңда тарихи әрі табиғи сабақтастықты қамтамасыз етуге міндетті деп есептейміз!
Осыған орай әл-Фарабидің мерейтойлық жылында өткізілген барлық іс-шаралар қазіргі заманғы білім беру, ғылым, инновация және халықаралық ынтымақтастық жүйесінің дамуына қуатты серпін беріп отырғанын айрықша атап өтуіміз керек. Әл-Фараби шығармашылығын пәнаралық зерттеу жандандырылды, соның арқасында әлемдік философия мен ғылым контекстінде әл-Фарабидің әлеуметтік-философиялық көзқарастарының басты идеялары мен принциптерінің қазіргі мазмұнын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.
Сонымен бірге әл-Фараби мұрасының негізінде адамның рухани-
зияткерлік жетілуі парадигмасы мен ізгілікті қоғамды қалыптастыру стратегиясы аясында мемлекеттің жаңа түрін теориялық негіздеу міндеттері өзектендірілді.
Сонымен қатар 19 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында әл-Фарабидің мерейтойына арналған қисынды аяқталу шарасы – халықаралық форум онлайн тәртібінде өтті. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЮНЕСКО-ның өкілдері, Иран, Түркия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Мысыр, Израиль және т.б. елдердің билік өкілдері, министрлер, дипломаттар, жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі ғалымдар қатысты.
Қорыта айтқанда, мерейтойлық жыл Қазақстан және дүние жүзінде адамзаттың дамуы үшін әл-Фараби мұрасының маңызын қайта ашып, жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Осы жылы ұлы ойшылдың мұрасын насихаттаудағы қол жеткізілген жетістіктер міндетті түрде жаңа да жасампаз ғылыми жобаларға жол ашатыны анық. Әл-Фарабиді зерттеу және мәңгі есте қалдыру жөніндегі баршамыздың алдағы ортақ жұмысымыз арқылы біз ғұлама ғалымның қазыналы мұрасын әлемдік мәдениетте жаңа Қазақстанның жарқын бренді ретінде лайықты көрсете аламыз.

* * *

Әбу Насыр әл-Фараби – бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат биігіне көтерілген қайталанбас тарихи тұлға! Оның рухани әлемін тану – адамзаттың мың жыл бұрынғы парасат-пайымын тану ғана емес. Бұл дегеніміз – бүгінгі болмысымыздың қай деңгейде екеніне көз жеткізу, сол туралы ой толғау, осыған орай жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап іздеу.
Әл-Фараби ілімі бізді әлемдік өркениет жолындағы «Бақытты адам – қайырымды қоғам – қуатты мемлекет» жүйесін құруға жетелейді. Біздің алдымызда тұрған зор міндет – ғұламаның әлем мойындаған өмірлік қағидаларын қазіргі заманға сай қолданып, ақыл-ой биігіне көтерілу, елімізді дамыған озық елдердің қатарына қосу. Сондықтан әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы рухани өміріміздің қарқынды дамуына зор серпіліс беретін, сондай-ақ жалпыұлттық жаңғыруға жол ашатын игі бастама болатынына сенімдіміз! Әл-Фарабиді таныту – Қазақстанды әлемге таныту!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × two =