АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АТЫМТАЙ ЖОМАРТЫ

0 683

Жомарт ага11

Есімі елімізге белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, мәдениет қайраткері, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бас редакторы марқұм Жомарт Сафиұлы Әбдіхалық жайлы ой-толғам.

…Пайғамбар жасынан асқан ғұмырымда сыйлайтын, құр­мет­тей­тін ағаларым, құрбы-құрдастарым аз болған жоқ. Тағ­дырдың жазуымен бірқатары ба­қилық сапарға бет түзеді де. Сол жай­саң тұлғалардың қатарынан ұзақ жылдар бірге қызмет еткен, менің журналист мамандығын таңдауыма бірден-бір себепші болған Жомарт Сафиұлы жайлы өткен шақта сөз қозғауға мәжбүр болып отырмын.

Егер ол арамызда болса осы сәуір­дің алғашқы күні 70 жасқа толған күнімен құттықтап, атап өтіп жатар едік. Тағдыр оған жазбапты. Ал
екеу­міздің таныстығымыз осыдан жарты ғасыр бұрын басталған еді…

 

*  *  *

…1962 жыл. Қорғалжын ауда­нындағы «Қорғалжын» кең­шары­ның жаңа қонысындағы мектеп-интернаттың тәрбие­ле­нушілеріміз. Қысқы каникулдан оралып, сабаққа кіріскенбіз. Бір күні «Жаңа тәрбиеші келіпті» деген әңгіме гу ете қалды оқушылар арасында. Айтқандай, қаңтар айының орта кезі болса керек, мектеп директорымыз Бопан Атамбаев бастаған ұстаздар қауымы жаңа тәрбиешімізді баршамызға таныстырды. Орта бойлы, жұқалтаң келген, шашын оң шекесіне әдемілеп қайырған, мұнтаздай киінген, қой көзді әдеміше келген жігіт екен. Әлде, бізге солай көрінді ме қайдам, сөзі салмақты. Қазақ тілінің майын тамызады деуге болады.

 

*  *  *

…Біздер жоғары, сегізінші класс оқушылары Жомарт Сафиұлымен ортақ тіл табысып кеттік. Сол кездегі тәртіп бойынша «Ағай» дейміз. Жөкең тәрбиешілікпен бірге бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мектеп қабырғасында әдебиет үйірмесін ұйымдастырды. «Білім шыңына» деген көлемді қабырға газетін шығаруды қолға алдық.

Бір топ «жас ақындар» болдық, күн сайын шумақ-шумақ өлең шы­ғарамыз. Тақырыбы сан алуан. Отан. Ана. Туған жер. Достық т.с. Келіп талқыға саламыз. Әркім өз жазғанын жаттап жатқаны. Соңғы сөз Жөкеңе келгенде жаңағы «шедевр» шығармаларымыздың мәнін, мазмұнын, ұйқасын талдап, жіліктеп миымызға құйып беретін еді.

 

*  *  *

…Оқу жылы аяқталып Жомарт Сафиұлы 1963 жылы КазГУ-дің студенті атанды, біз аудан орта­лығындағы интернатта оқуы­мызды одан әрі жалғастырдық. Бірақ, байланысымыз үзілмеді. Бір-бірімізге хат жазып тұрдық. Республикалық «Қазақстан пионері» газетіне, «Балдырған» журналына мектеп өміріндегі әртүрлі шаралардан ма­қалалар жіберіп, олар жарық көріп жататын. Соларға байланысты өзінің ақыл-кеңестерін айтып, «тақырып аясын кеңейт» дегендей хат жазып тұрушы еді.

*  *  *

…Жөкеңмен арадағы байланысымыз мен сонау Қиыр Шығыстағы әс­кери бөлімде азаматтық борышымды өтеп жүргенде де, одан кейін де үзілген жоқ. Бұл кезде ол облыстық
газетте қызмет етіп жүрген-ді. Әскери тақырыпта шағын әңгімелер, новелла, жер­лес­­терім жайлы мақала жазып, тікелей Жөкеңнің атына жіберіп тұра­­тынмын. Бірі болмаса, бірі басы­лым бетінде жарық көріп, оның қиындыларын елдегі құрдастарым маған салып жіберетін.

*  *  *

… Желтоқсан айында әскер қата­рынан елге оралып, 1970 жыл­дың ақпанында өзім сегізінші сыныпты тәмамдаған мектеп жа­нындағы интернатқа тәрбиеші бо­лып жұмысқа орналастым. Алдында Жомарт Са­фиұлына жолығып, «мүмкін болса, облыстық газетте әлдеқалай орын болса қарастыра жүріңіз» деп өтініш айтып кеткен болатынмын.

Мектептегі жұмыс жүріп жатты. Кеңшар мектеп өмірінен, ауыл еңбеккерлері жайлы хат-хабар, мақала, корреспонденциялар жолдап тұрамын. Оқу жылының аяқ кезінде Жомарт Сафиұлы телефон шалды: «Корректорлық орын бар, қомсынбасаң тез жет!..» Ойланатын уақыт жоқ. Сонымен, Жөкеңнің қолдауымен 1971 жылдың маусым айының 16 жұлдызында мен де қасиетті қарашаңырақ, бүгінде ғасырға жуық тарихи шежіресі бар облыстық «Арқа ажары»  газетінің табалдырығын аттаған едім.

*  *  *

… Бұл кезде Жөкең газеттің «партия тұрмысы» бөлімінде аға әдеби қызметкер, «Өркен» деп аталатын жастар бетінің жүргізушісі. Ол кезде газет күн сайын шығады. Науқанды жұмыстар бір-біріне жалғасып жатқан кез. Үш-төрт ай корректорлық қызметімді мәдениет бөлімдегі тілшілікке ауыстырғанмын. Жастар Жөкеңді айналсоқтаймыз. Журналистика, әдебиет, газет жанрлары жайлы ой-пікір бөлісеміз. Осындай пікірталас кезінде Жөкең білімінің тереңділігімен, жан-жақтылығымен таң қалдыратын.

*  *  *

…1972-1979 жылдары Жомарт Сафиұлы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Ақмола, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыс­тары бойынша меншікті тілшісі болып қызмет етті. Редакцияға жиі келіп тұратын. Жөкеңнің қызметтік көлігі бар. Көктемгі егіс, жасыл орақ, егін ору сияқты науқанды жұмыс кездерінде талай рет іссапарға бірге шығып жүрдік. Қолында қомақты қара портфелі. Қашанда ішінде 2-3 қалың кітап. Шығыс ойшылдарының еңбектері. Жол бойы әлем ғұламалары жайында беріле сөйлеп, өзің де сол әңгіме айдынына қалай қосылып кеткеніңді де сезінбей қаласың. Кейбір сәттерде бірге келе жатқан жол серіктерімізбен бірге «сөйлей түссе екен, айта түссе екен» деп бір-бірімізге иек қағысып қалатын кездеріміз де болатын. Оның терең білімдарлығына тәнті болып отырушы едік.

Жөкең кітапты көп оқитын. Әлгін­дей жол сапарларында дала қостарында түнеп шығатын кез­деріміз болатын. Әдетте шаруа адамы ерте тұрады ғой. Солардан қалмай біз де оянатынбыз. Сыртқа шықсақ, күртешесін иығына жамылып жа­дағай жасалған орындықта кітап оқып отырған Жөкеңді көруші едік. Үйі де толған кітап болатын.

*  *  *

…1979 жылы Жомарт Әбдіхалық редакциямызға бас редактордың орынбасары болып қайта оралды. Кейін бас редактордың бірінші орын­басарлығына жоғарылатылды. Ал 1995 жылы тамыз айында ұжым­ды табан аудармай 16 жыл бас­қар­ған Октябрь Қайырұлы Әлі­беков зейнеткерлікке шыққанда бас редактор болып тағайындалды. Тағ­дырдың қамшының сабындай қысқа ғұмырында күнделікті күйбең тір­шіліктің әуенімен жүріп, бір-біріңнің қадір-қасиетіңді танып білуге мұршаң да келмейтін жағдай болады екен. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұдан жарты ғасыр бұрын Жөкеңмен ал­ғаш танысқан кезден бергі мерзімде қырық жылға жуық ғұмырымды бір ұжымда, бірге өткізіппін. Міне, осы ұзақ жылдар керуенінде Жөкеңнің есіміне сай тіні берік тектілігіне, көңілінің дархандығына, жүрегінің жұмсақтығына көз жеткізгендей едім. Қай ата-ана болсын пер­зенті­нің атын жақсы болсын деген үкілі үмітпен қояды ғой. Жөкең өзі «Менің азан шақырып қойған атым – Атымтай Жомарт» деп айтып отырушы еді.

*  *  *

Жомарт Сафиұлының редак­циядағы басшылық жылдарындағы жеке шығармашылық белестерінің бірі – өзі айтып отыратындай, қазақ ойшылдығының жаңа, қазіргі заман тұрғысындағы философиялық жүйесін қалыптастырып жасауға  ұмтылуы еді. Осы бағытта өзі көп ізденді, зерттеулер жүргізді. Әлем ойшылдарының үлкен легінің туындыларынан үзінділер аударып, топтастырып, ой-қазына антология­сын құрастыруды қолға алуы осы мақсаттағы биік белесі еді. Осы жобаның авторы, құрастырушысы әрі редакторы да өзі болатын. Амал нешік, мәдени-рухани өміріміздегі осы алғашқы қадам – аталмыш жинақ Жөкең дүниеден өткеннен кейін, Астанадағы «Аударма» бас­пасынан жарық көрді.

*  *  *

Жөкең журналист мамандығын бәрінен де жоғары қоя білетін, журналистік күн көрістің көзі дей­тіндермен өлердей қас болды. Лездеме сайын: «Сендер сөз өнерінің сарбаздарысыңдар. Мына біз өмір сүріп отырған дәуір шежіресін жазу біздің үлесімізге келген. Осыны естен шығармаңдар. Қаламдарыңды еркін сілтеңдер, ешкімнен тайсалмаңдар» деп айтып отыратын.

Жомарт Сафиұлы мінезге бай, сезімтал болатын, өте сырбаз, аса сыпайы еді. Талғаммен киінетін. Өзін тік, қағылез ұстайтын. Артық сөзге бара бермейтін.

*  *  *

…Асыл азамат жайында жазылған әр сөйлемімізді «еді… еді…» деп егіле аяқтамасқа амалымыз жоқ. Өмір заңына бағынбасқа лажың бар ма?!. Тап осы күндері Жомарт Сафиұлының дер кезі – осы шақ болуға тиіс еді. Заман өзгеріп, көш ілгері тартар. Ұрпақ ауысар. Бірақ, сөзден сурет салған зергер қаламгердің ендігі ой әлемін оның мұраларынан іздеуге мәжбүрміз.

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 7 =