АКЦИЗДІК ШАРЫҚТАУ АРАҚ ПЕН ШЫЛЫМНАН АЛЫСТАТА АЛА МА?

0 137

Тарих қойнауына кетіп бара жатқан биылғы жылдың айтарлықтай жаңалығы арақ-шарап пен темекі өнімдері бағасының қымбаттауы болып отыр. Жақында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев келесі жылдан бастап 2019 жылға дейін кезең-кезеңімен көтеру жоспарланып отырғанын мәлім етті. Яғни, келесі жылдан бастап ең арзан арақтың құны – 2000, ал темекі өнімдерінің құны 300 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген сөз.

obrazets

Министрдің айтуынша, 2017 жылы 1 литр алкоголь өнімінің акциз құны 1380-ден 2000 теңгеге өседі. «2018 жылы – 2275 теңгеге, 2019 жылы 2550 теңгеге дейін жетеді. Темекінің 1000 данасына салынатын акциз салығы 2017 жылы 5000-нан 6200 теңгеге дейін артады. Бұл шара мемлекет қалтасына 237 млрд теңге көлемінде қо­сымша түсім әкеледі» дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

 КӨЛЕҢКЕЛІ НАРЫҚҚА ЖОЛ АШАДЫ

Бұл, әрине, елдің ішімдікке әуестігін азайту және экономикамызды көтеру мақсатында қолға алынған шара екені дау­сыз. Дегенмен бұл өзгерісті қоғам түрліше қабылдап жат­қанын айта кету керек. Бірі бұл шараны қалыпты жағдай деп қабыл­даса, кейбір сарапшылар арақ пен темекіге деген тәуел­ділік төмен­демейді дейді. Ал кейбірі керісінше жағдайды ушық­тырады деп қара аспанды төндіріп жүр. Олардың уәжіне сенсек, бізде темекі мен арақ-шарап бағасы өскен бойда Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Қырғыз секілді ел­дерден арзан өнім ағыла бас­тайды-мыс. Бұл пікірмен келі­суге де болатын секілді. Өйт­кені қазір­дің өзінде отандық нарықты Қыр­ғыздың темекісі мен Ресейдің арақ-шарабы жау­лап алған. Одақ аясындағы шарт­тарға байланысты бізде оларға тосқауыл қою мүмкін емес. Екін­шіден, сапасыз, заңсыз өнім­дер көбейіп, жасырын цехтар мен қолдан жасанды акциздік марка жасаушылар қаптауы мүмкін. Кезінде дағдарыс уақы­тында мұндай оқиғалар да болды. Арақ-шарап өнімдерін халық қолдан жасап сатқан жоқ па?! Қан­шама адам уланып, қайтыс болып кетті. Лосьон, әтір, түрлі техникалық спирттен бастап, әртүрлі еліктіргіш элемент қо­сыл­ған сұйық­тықтарды ішу оқи­ға­­лары бол­ғанын ұмытпаған жөн. «Мұндай жағдайды болдыр­мас үшін елімізге сырттан темекі және алкоголь өнімдерін кіргізуге уақытша болса да тыйым салу қажет» дейді сарапшылар.
Расында, арақ-шарап бағасы­ның қымбаттауы бүгін ғана болып отырған жайт емес. Мәселен, 2014 жылы бұрын бір литр арақтың акциздік құны бірден 500-ден 700 теңгеге дейін өсті. Әрі жыл сайын бұл көрсеткіш 20 пайызға өсіп келеді. «Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалып отырған шаруа. Бір буынға ауыр салмақ болуы мүмкін. Бірақ түбінде арақ пен темекіге тәуелділердің саны азаяды» деп өзімізді жұ­батқанымызбен, осы кәсіптің айналасында жүргендер содан бері көп өзгеріс болмағанын айтады. «Бағаның көтеріліп келе жатқанына, міне, бірнеше жыл болды. Дүкен сөрелеріндегі шарап пен шылымға деген сұраныс төмендеген емес. Адамдар әлі алып жатыр. Бағасы көтеріліп кетіпті деп, кері айналып кетіп жатқандарды көрмедік. Ал шылым бағасының қымбаттағаны көпшіліктің қалтасына әжептәуір салмақ салатыны сөзсіз. Сонда да бас тартып жатқан ешкім жоқ. Соңғы жылдары азық-түлік түрі тұрақты түрде қымбаттап келеді. Басында тұтынушылар аздап ренжіп жатады. Көп ұза­май үйреншікті жағдай болып шыға келеді. Арақ-шараптың қымбаттау үрдісі де солай болып барады» дейді елордалық кәсіпкер Бақытжан Рахымов.

ПАЙДАСЫН БОЛАШАҚ ҰРПАҚ КӨРЕДІ

Алайда бұл шараның оң нәтиже беретінінен үміттілер де жоқ емес. «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының президенті Жәмила Садықованың айтуынша, 2014 жылдың қаңтарында темекі акциздерін бір сәт кө­тергеннің өзінде темекі өнер­кәсібінен бюджетке түсетін кіріс 2 есеге (94 пайызға), яғни 13 миллиардтан 22 миллиард теңгеге дейін өскен. «2011 жылы сыраның акциз мөлшерлемесі 70 пайызға артқанда, мемлекет­тік қазынаға түсетін кіріс 2010 жылғы 7 млрд теңгеден 2011 жылы 12 млрд теңгеге дейін көбейген. Темекі акциздерінен түсетін кірістер де 2013 жылғы 46 млрд теңгеден 2014 жылы 79 млрд теңгеге дейін өсті. Есесіне шылым саудасының жылдық көрсеткіші 3 млрд данаға төмендеді. Бұл өз кезегінде мыңдаған қазақстандықтың өмірін құтқарып қалды деген сөз» дейді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының президенті Жәмила Садықова.
Осы жерде тағы бір ресми дерек келтіре кетсек. Биылғы жылы 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларында ДДСҰ ұйымдастыруымен ересек тұрғындар мен жасөспірімдер арасында Ұлттық әлеуметтік зерттеу өткені белгілі. Зерттеу барысында соңғы жылдары ішімдіктерді қолдану көрсеткішінің әжептәуір тө­мендеуі байқалған. Мәселен, арақ-шарап ішу көлемі соңғы уақыттарда 1998 жылмен са­лыстырғанда 55 пайызға аза­йыпты. 2015 жылы бұл тағы 24,2 пайызға дейін төмендеген.
Статистикалық мәлі­мет­терге сүйенсек, Қазақ­станда 5 миллионнан астам адам темекіге тәуелді екен. Күн сайын шылымның зарда­бынан туындаған аурулардан 70 адам қаза болады. Нақ­тырақ айтсақ, бір жыл­дың ішінде елімізде 25550 адам көк түтіннің зиянынан көз жұмады екен. Олардың басым көпшілігі – 30 бен 55 жас аралығындағы азаматтар. Ал арақтың салдары туралы айтудың өзі қорқынышты.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + eight =