Акселератор алаңында тұрғындардың рөлі зор

0 15

«Акселератор бастамасына қатысқан тұрғындардың идеялары қоғамдық көліктің жүру уақыты мен интервалын қысқартуға, сондай-ақ кейбір бағыттағы шамадан тыс жүктемені жоюға мүмкіндік берді» деп мәлімдеді «Astana LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов акселератор алаңының жұмысын талқылау кезінде. Оның айтуынша, тұрғындардың өтініші бойынша қаладағы 3 автобустың қозғалыс сызбасы түзетілген.«Бұл қоғамдық көлікті күту уақытын орташа есеппен 5-12 минутқа қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ 5 жаңа бағыт іске қосылып, 9 бағыттың қозғалыс сызбасы оңтайландырылды, автобустар саны артты» деді ол. Халықтың өтінішіне сәйкес, С.Сейфуллин және Ш.Уәлиханов көшелері қиылысында автокөлік жүргізушілеріне солға жүруге тыйым салынды. Бұл автобустарға қатысты емес, яғни олардың жұмысына кедергі жоқ. Қолданылған шара кептелісті болдырмауға және қоғамдық көлікті күту уақытын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, қанатқақты жоба аясында қаланың 3 мектебінде (№75, 76, 77) сабақтың басталу уақытын өзгерту ұсынылды. Бұл өзгеріс Мәңгілік ел, Керей мен Жәнібек хандар көшелеріндегі көлік өткізу қабілетін 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бағдаршамның қызыл жарығына оңға бұрылуға рұқсат беру мәселесі қарас­тырылады.
Қалалық акселератордың 3 айдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтқан елорда әкімі Алтай Көлгінов 15-тен аса бағыттың үшеуі, яғни пәтер иелері кооперативтері, қоғамдық көлік және санитарлық тазалау жұмыстары іріктелгенін атап өтті. «Акселератор алаңы бізге тұрғындармен кері байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындарымен бірлесе отырып, елордада өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ортақ шешімдерге келіп, айтылған идеялар мен ұсыныстарды жүзеге асыруға болады» деді қала басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды