АҚМОЛА ҚАЛАЙ БЕКІНІСКЕ АЙНАЛДЫ?

0 1  765

1822 жылы Ресей империясы хандық билікті жойып, орта жүздің
аумағында әскери бекініс­тер сала бастады. 1824 жылы алғашқы екі округтік Көкшетау және Қарқаралы приказдары ашылды.

Қаржының жетіспеуіне байланысты басқа да cыртқы округтер ашылмай жатты. Бұл жағдай жергілікті шонжарларды да елең еткізбей қоймады. Сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы өзі көшіп-қонып жүрген аймақтан жаңа округ ашып беру туралы өтініш жазады. Ендігі жерде сұлтандар арасында жер үшін күрес басталды, кімде-
кім округті ашуға бастама көтерсе, сол жаңа әкімшілік-­аумақтың басшысы атанды. Орыс әкімшілігіне округ ашу қазақ даласын отарлау үшін қажет болса, Қоңырқұлжа секілді төрелерге округтің ашылуы жоғары лауазым – аға сұлтандық дәреже алу үшін керек болған. Бұл жағдай Ресей империясының қазақ жеріне жылжуына оң жағдай жасады.
Сібір бөлімшесінің басшысы генерал-майор С.Б.Броневский 1829 жылғы қыркүйектегі берген хабарламасында: «Сұлтан Қоңырқұлжа Құдайменді басқаратын Қарпық болысында Ақ-Мола мекенінде округ ашуға ықыласты» делінген. Сұлтанның өтініші жаңа округтің ашылуын тездетті.
Батыс Сібір генерал-губернаторы И.А.Вельяминовтың бұйрығы бойынша Петропавл бекінісінің коменданты Ф.К.Шубин 1830 жылы жазда 200 казак отрядымен барлық керек-жарақ, азық-түлігімен қоса болашақ бекініске қарай бет алады. Олармен бірге әскери адамдар, картографтар мен топографтар еріп жүрді. Бұл экспедицияда жаңа округтің ашылуына байланысты әкімшілік және шаруашылық дайындық жүргізу, өңірдің картасын дайындау мақсаты көзделді.
Экспедиция екі бағыт бо­йынша белсенді жұмыс жасады. Біріншіден, округтік приказдардың салынуына қолайлы жерді таңдаумен айналысса; екіншіден, патша өкіметі тапсырмасымен жергілікті ақсүйектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Подполковник Ф.И.Шубин бұл жерге келісімен, Есіл өзенінің бойына бірнеше отряд жібереді. Олар әскери бекініс салу үшін қолайлы жерді таңдаулары тиіс еді. Ең қолайлы аймақ ретінде Ақмола аймағы таңдалды. Өңір тұрғындары бұл жерді қасиетті мекен деп санаған.
Бұл бекіністі салудағы бас­ты мақсат: алдымен болашақ салынғалы отырған бекіністің маңында барлық сауда керуендер Қараөткел арқылы өтетіндіктен, бекініс керуен жолының негізгі бойында Ресей империясын Орталық Азия елдерімен байланыстырып тұратын негізгі торапта орналасты; екіншіден, өзен бойындағы алқапты аймақ егін салуға қолайлы өңір еді; үшінші, отын ретінде пайдалануға жарарлық тал-тоғайлардың болуы, соңында бұл жаңа жер стратегиялық орналасуы жағынан орта жүз руының ірі бөлігі көшіп-қонып жүрген жер болатын.

 

 

 

 

 

 

Жаңа округтің ашылуы

Округтік орталықтың ал­ғашқы орны болып белгіленген жер – қазіргі Тайтөбе ауылының орны, кейінірек басқа мекенге ауыстырылды. 1830 жылы болашақ округтік приказдың орталығы Есіл өзенінің оң жағалауына салына бастады.
1831 жылдың соңында Ақмола округінің қарамағына 131262 адамы бар 3576 ауыл енетін болды. Оларда 332452 жылқы, 670775 қой, 31666 түйе болған. Шубин бұл туралы: «Қарпық және Алтай болыстарының қырғыздары төрт түлік малға бай болып келеді, әсіресе, жылқылары көп. Жерінде мал қаптағаны соншалық, жайылымдарды алып жатыр. Негізгі байлықтары осында жатыр. Мәселен, бір ғана екі би – Сапақ мен Жұманды алыңыз. Әрбіреуінде сегіз мыңнан астам жылқы бар. Көбісі мыңнан бес мыңға дейін мал айдайды» делінген.
1832 жылы 9 қаңтарда Ресей императоры І Николай Ақмола сыртқы округінің ашылуына рұқсат етті. Ақмола сыр­т­­қы округінің жергілікті тұрғындарының қатысуымен салтанатты түрде өткен ресми ашылуы 1832 жылы 22 тамыз­да болды. Жаңа округтің ашылу салтанатында 31 рет артиллерия­ лық отшашу шашылды.
Бұл өңірдің аға сұлтаны болып Қоңырқұлжа Құдайменді сайланды. Ол – орта жүз ханы Сәмекенің шөбересі. Бір өзінде 12000 жыл­қы­сы бар ірі бай еді. Сұлтан­ның патша өкіметінің ал­дын­да зор беделі бар болатын. Бәсе­ке­лесі Саржан Қасым­ұлы бол­ды. Бірақ патша өкі­меті оның патша бекініс­те­рін салуға қарсы болған Қа­сым Абы­лай­-
ұлымен арақатынасы­ның нашарлығын біліп, ұсы­­ны­сын
қабылдамай тас­та­мақ­шы болған. Ал патша өкі­­­метіне тек хандар ғана емес, беделді аға сұлтандар да қажет еді. Аға сұлтандар, болыс сұл­тан­дары, старшина­лар, билер
құран ұстап ант берді. Мере­ке соңы сыйлық тарату, дас­тарқан жаю, бәйге тәрізді салт-
жоралғылармен аяқталды.
Басқарудың жаңа тәртібін қарпық және алтай ауылдарының халқы мен сұлтан Қ.Құдаймендіұлының қарамағындағылары мойындады. Кейінірек оның жақын туыс­тары мен маңындағылары патшаның марапаттарына ие болды. Патшалық өкімет сыйлықты жергілікті халықтың хандық жүйенің жойылып, бекіністердің салынуына наразылық, қарсылық көрсетпесін деп, көңілін аулау ниетімен берген.
Сонымен қатар, Шубинге қыпшақ және шұбыртпалы руларын Ресей бодандығына енгізу қиындық келтірді. Мысалы, тарақты және тама рулары құрылған округтің құрамына кіруге мәжбүр болды. Бұл әрекеттері казак отрядтарының тонауы мен зорлауынан құтылуға және бай жайылым жерлерінен айырылып қалу қаупін се­йілтті. Сондықтан да бұл рулар кейіннен бірлесе отырып, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс кезінде айтарлықтай белсенділік көрсетті.
Көп кешікпей Ақмола бе­кінісі Орталық Қазақстанның ірі әскери-әкімшілік, сау­да орталығына айналды.
Бұл жерге қазақ округінен жасақтар келіп жиналды. Олар Орталық Азиядан Батыс Сібірге қарай кеткен сауда керуендерін бақылап отырды. Ақмола бекінісі дала округтерінің қуатты плацдармына айналды.
Қоңырқұлжа Құдайменді 1834 жылы Ресей империя­сының астанасына келіп, қазақтардың рекруттарды қайтарып алады деген қауіп бар екендігін мәлімдеген. Оған сол уақытта «оған куәлік ретінде Сібір қырғыздарының рекруттықтан мәңгі азат болуы жөніндегі заңның көшірмесін» берген.
Келесі бір оңды әрекеті ретінде – оның өз қарамағындағы халықтың мүддесін қорғағаны. Ол 5 сәуір 1837 жылы ташкенттіктердің шабуылы мен келе жатқан жұттан төленбей қалған жасақ салығын кейінге жылжыту туралы ұсыныс жасаған. Оның өтініші қанағаттандырылып, құзырындағы адамдар оған 1840 жылдан бастап салық төлеуге құқық алды.
Округтік приказдың құрамына аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіден басқа екі жергілікті билер арасынан іріктеліп алынған кеңесші және ресейлік кеңесші кірген. Болыс саны жағынан Ақмола ішкі округі Қазақстандағы ең ірі болып саналады.

Ғимараттар мен құрылыстардың салынуы

1834 жылы округтік приказ ғимараты мен шенеуніктер тұратын үйлер салына бастады. Ақмолада алғаш рет жекеменшік екі бөлмелі ағаш үй салынған. Ол үй әскери отрядтың бастығы Чириковқа тиесілі болатын. Жартылай жер үйде тілмаштар, артиллеристер, дәрігерлер мен Ақмола приказының қызметшілері өмір сүрді.
Бекіністе әскери аурухана дәріханасымен орналас­тырылды. Бірақ қазақтар аурухана көмегіне жүгіне ал­мады. Олардың көшіп-қонып жүрген қоныстары Ақмоладан жүздеген шақырым жерде еді. Қазақ қоғамының өзінің тәуіптері мен бақсылары болды. Олар ырым-
нанымға сенді.
1838 жылы округтік приказдың орталығында ағаштан мешіт тұрғызылды. Діни мейрамдарда қазақтар жақын ауылдан келіп мінәжат етіп отырды. Бұл жерге Ортаазия­лық көпестер де келді. Ақмола мешітінің жанында қазақ мектептері болды. Онда молда Қарабек Байбеков балаларға ислам негіздерін оқытты.
Бекініс маңында қазақтар, саудагерлер, татар саудагерлері және Орталық Азиядан келген келімсектер қоныс­танды.

Кенесары ханның бекініске шабуыл жасауы

1837 жылы көктемде Кенесары аз ғана жасағымен Түркістан өңірінен Ақмола
округінің шекарасына келіп жетеді. Бекініс Қасым сұлтанның ұлы Кенесарының басшылығымен болған ұлт-
азаттық көтерілістің куәсі болды. 1838 жылы күзде Ке­несары Қасымұлының жа­сағы Ақмола бекінісіне ша­буыл жасады. Шабуылға төтеп беру жағы ескеріліп салынған бекіністі 80 казак қорғады. Приказды қоршай терең ор қазылып, кірер жол атаулының бәріне тосқауыл қойылған болатын. Ақмола бекінісін қорғау басшылығын аға сұлтан Қ.Құдаймендин мен әскери старшина Карбышев қолға алды. Кенесары бекініске шабуылын таң ата бастады. Сарбаздар ең алдымен бекініске оттығы бар жебелерден оқ жаудырды. Кенесарының Басығара батыр бастаған қолы бекініске лап қойды. Көтерілісшілер тарапынан 255 есауыл мен әскер қаза тапты. Бүгінгі күні олар Қараөткел маңындағы «Жастар» шағын ауданында мұсылман зиратына жерленген. Кейін бұл көтеріліс сарбаздарына ескерткіш тақта орнатылды.
Бекініс шабуылына Ағыбай, Иман және Наурызбай батырлардың қолдары да қатысты. Шабуыл барысында 5 үй өртелді. Алты күндік коршаудан соң көтерілісшілер шегініп, Қоңырқұлжа Құдаймендин мен оның туыс­тарының 12 мың жылқысын айдап әкетті. Кенесарының сарбаздары қамал тұрғындарының 2,5 мыңдай ірі қарасын олжалады.
1839 жылы округтік приказдың аумағында терең ормен қоршалған қорған салынды. Бұл жердің ежелден бергі иелерінің жасалатын шабуылынан сақтанғаны болатын. Ағаштан, кейін кір­піштен соғылған қорғаныс казармалар бой көтерді. Олар жан-жағынан бір-біріне қабысқан әскери бекіністер жүйесінен тұрды.
Кенесарының бұл әрекеті патша өкіметін мазалай бастайды. Сондықтан да патша өкіметі өзінің позициясын нығайтуға кірісті. 1840 жылы Ақмола бекінісіне 2-Сібір желілік батальоны әкелінеді. Жергілікті сұлтандар мен ақсүйектерді патша өкіметі «сыйлықтар берумен және қысым көрсетумен» өздеріне тарта бастайды.
1845 жылы Кенесарының Ақмолаға шабуылынан сақтану мақсатында Ырғыз бен Торғай бойына қосымша екі әскери бекініс тұрғызылады.
1853 жылы тиімді стра­тегия­лық жағдайды көре отырып, Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт Омбыдан Ақмолаға шекаралық басқарманы көшіріп әкелу жөнінде ұсыныс жасаған. Барлық қаржылық құжаттар дайындалды. Бірақ өкімет бұған айтарлықтай көңіл бөлмеді. Бұл мәселе ХХ ғасырдың 60-жылдары қайталап көтерілді.

Бекініс тұрғындары

ХІХ ғасырдың 30-жылдарына дейін Ақмола уезінде тек қазақтар өмір сүрген. Қалалар мен округтердің құрылуы жағдайды күрт өзгертті.
ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан кейін Ақмола бекі­нісінен шығысқа қарай Сі­бір казактары қоныстана бастайды. 1840 жылы олар бұл жерде Ақмола казак станицасын құрған болатын. Казактар бекініске Кенесары Қасымұлы кеткеннен кейін ғана қоныстана бастаған. 1845 жылы Ақмола бекінісіне 100 казак отбасы Горькая линиядан келген уақыттан бастап казак станицасы атала бастады. 1840 жылдан бастап 2-Сібір желілік батальонынан бірнеше әскери отбасы келгеннен бері Солдатская слободка пайда болды. Олар балық аулаумен, мал өсірумен, жақын маңдағы көлдерден тұз өндірумен айналысты. Соңында жекеменшік үйлер саны бірте-бірте арта түсті.
Ақмола приказындағы 1836 жылғы статистикалық мәлімет бойынша: 9 ағаш тұрғын үйі, әскери аурухана, жел диірмені, ұстахана, 15 балалы отбасы, 40 әйел, 324 еркек, соның ішінде 3 қатардағы офицер, 10 урядник, 117 казак, сырнайшы, фельдшер, 4 резервтегі урядниктер мен 24 резервтегі казак болған. Көріп отырғанымыздай, адам саны 364-ке жеткен. 3576 көшпенді қазақ ауылдарында 70961 ер адам және 60301 әйел өмір сүрген.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының
докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + nineteen =