Әкім ЫСҚАҚ: Астана – менің өмірімнің айнасы

0 68

Қазақтың Әкімі атанған, ақын, сазгер, жазушы, сатирик, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының және 30-ға жуық кітаптың авторы Әкім Ысқақ 60 жасқа толды. Бұл ретте Елорда Инфо тілшісіне мерейтой иесімен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Әкім Әбдіқайымұлы, 60 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Қазақта «Алпыс – тал түс» дейді. Осы «тал түсіңізге» дейін атқарған қай ісіңізді ең үлкен жетістік деп санар едіңіз?
– «Өмір – гүл болса, махаббат – ондағы бал» деген сөз бар. Өмірді, адамдарды сүйе білгеннің өзі – бір бақыт. Шынында сол қаламгерліктің арқасында ең үлкен жетістігім деп әрдайым тілектес, ниеттес болып, әр қадамыма дем беріп отыратын оқырман қауымын тапқанымды айтар едім. Жалпы, адамнан артық байлық жоқ. Кешегі карантинде екі өкпем қабынып жатқан кезде сол тілеулестерім шынайы тілектерін жолдап, қолдау танытып, біреуі саумалын, біреуі қымызын әкеліп, енді бірі дәрілей көмек көрсетіп жатты. Бәрі – әлеуметтік желідегі «Алтыным» деген жазбаларымның арқасы.
Атқарған істен жаныма ең жақын екі дүние болса, соның бірі – «Халықтың көші-қоны туралы» Заң. Сол заңның аясында Отанымызға миллионнан аса адам қосылды. Алыс-жақыннан ағайынның келуіне ықпал етті. Бұл өте маңызды. Себебі қазағымның санының көбеюі – бірінші орындағы мәселе. Ол экономикаға да, руханиятқа да әсер етеді. Екіншісі – «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Алтыным» деген кітаптарым. Бұл үш кітап та бүгінде мектептердегі «Өзін-өзі тану» пәнінде қосымша оқулық ретінде оқытылуда. Содан соң «Күн ұлымын» (осы аттас өлеңім бірнеше жылдардан бері мектеп оқулығына еніп келеді), «Біздің Бапақ» деп балаларға арнап жазған кітаптарым балалар көңілінен шыққанына тәубе деймін. Сондағы өлеңдерімді мектеп оқушылары жаттап алып, әсіресе карантин кезінде бейнежазбаларын, хаттарын жолдаумен болды. Кітаптарымды оқып, өз әсерлерімен бөліскен хаттарды мұғалімдер, кейіннен түрлі сала өкілдері өз лебіздерін білдіріп жатты. Олардың арасында шетелде жүрген қандастарымыз Түркиядан Ләзиза Нұрпейісова, Сағыныш Назар, Финляндия­дан Роза Копра, Кореядан Мәдина Жүнісова, өзімізден Ұлттық арнадан Армангүл Тоқтамұрат сынды журналистер де бар. Сол хаттар жинақталып, «Қанатты хаттар» атты шағын кітапша болып басылды. Әсіресе сондағы балалардың осы кітапшаға өз хаттарының жарияланғанын көргендегі қуанышын көрсеңіз. Одан кейін ауыл-аймаққа барғанда мектеп оқушыларына мақтау қағаздарын табыстап, кітаптарымды сыйға бердім. Ауылдардағы бастауыш сынып оқушылары «Әкім ата, сіздің мақтау қағазыңызды алдық» деп әлеуметтік желіде бейнежазбаларын жолдап жатыр. Адамның, баланың қуанышына жетері бар ма, шіркін?!
– Карантиннен қандай сабақ алдыңыз?
– Бүгінгі індет екі нәрсенің қымбат екенін терең сезіндірді. Яғни өмір мен адамның. Әрине, әрбір адам үшін өмір қымбат. Ал өмірде адам қымбат. Ал Адам – өмір дәптері ғой. Сол дәптерді шимай-шатпаққа емес, мән мен мағынаға арнауымыз керек. Менің өмірдегі байлығым – кітаптарым, жазбаларым. Рухани балаларым, шәкірттерім мен туралы «Ең бай әке» деген кітап шығарды. Фейсбукта бір бауырым: «Аға, сіз ең бай адамсыз ба?» деп жазыпты. Оған: «Иә, солай» дедім. «Онда маған ақша беріңізші» депті. Көп адам байлықты ақшамен бағалайды. Содан мен оған: «Менің байлығым – қолдан қолға берілетін байлық емес, тек жүректен жүрекке берілетін байлық. Ең үлкен байлығым – рухани балаларым, жазған дүниелерім, тап­қан оқырмандарым» дедім. Әлеуметтік желіде 250-дей мүшесі бар «Әкім аға және тілеулестер» деген оқырмандарыма арналаған топ бар. Онда еліміздің әр өңірі мен бірнеше шетелден де тіркелген. Оқырманның шеті де, шегі де болмайды екен. Күнделікті өз ойларыммен, жаңадан жазған жазбаларыммен бөлісемін.
Ал карантиннен қандай сабақ алдым? Жалпы, бұл індет қаншама адамның дүние байлығына да, күш-қуатына да қарамады. «Алтын-күміс – тас екен, арпа-бидай – ас екен» демекші, алтын-күмістің адам өмірін құтқарып қала алмайтынын көрсетті. Ауру біздің де жан алқымымыздан алды, қиналдық, күрестік. Адамды жоғалту түк емес екен. Өшпейтін өмір – өлмейтін көңілден тамызық алады екен. Бұл карантин өмірге немқұрайлы қарамауды, өмірді сүю ең басты бақыт екенін үйретті.
– Енді елордаға ойыссақ. Астанада тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды?
– Біз Астанаға 1997 жылдың 9 желтоқсанында келдік. Қақаған аяз. Сол кезде «мәссаған, қай жерге келдік?» деп таңырқадық. Әлі күнге дейін есімде, қасымда Төлеген Қуаныш деген депутат бар, «Турист» қонақ үйіне кіреберіс­те екеуімізді Ақмола қаласы жастар комитетінен бір жас қыз «Здравствуйте» деп қарсы алды. Бізге жауапты жан болғандықтан жөн көрсетіп жүрді. Орысша сөйлегені көңілімізге аса қонбады. Бір кезде Төлеген: «Қарындас, атыңыз кім?» деп еді, құдды бір ата жауын көргендей, жақтыр­май: «это не обязательно» деді. Сосын мен: «Сіз қазақша білесіз бе?» деп сұрадым. Басын төмен түсіріп, үндемей қалды. Дауысымды нығарлап: «Теперь это обязательно!» деп өзім жауап беруіме тура келді. Сол кездегі астананың Ақмолаға ауысқаны өте зәру әрі керек жағдай еді.
Астанадағы екінші есте қалған дүние – біз орналасқан қонақ үйдің бірінші қабатында бірнеше дүңгіршекте қазақ тіліндегі газет-журналдардың мүлде болмауы. Мектепте бесінші сыныптан бастап өз тіліміздегі республикалық, облыстық, аудандық газеттерді іздеп жүріп оқитынмын. Содан дүңгіршектегілерден «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Қазақ елі» және тағы басқа газеттерді сұрасам, «что это такое?» дейді. «Қазақша ешкім оқымайды» дейді. Анықтап қарасам, сатылымда кілең ресейлік газет-журналдар. Депутаттық сауал жолдап жүріп, қазақ газеттерін сатылымға шығардық. Ешкім оқымайды деген бос сөз екен. Кім ерте тұрмаса, қазақ тіліндегі газеттер жетпей қалатын. Марқұм, көкірегі ояу, алтын жүректі азамат Мырзагелді Кемел кейінге дейін: «Астанадағы дүңгіршектерге ең алғаш қазақ газеттерін әкелген осы Әкім Ысқақ» деп айтып жүруші еді. Бұл – Астанадағы алғашқы жағдайлар. 10 желтоқсан күні Елбасы сол кездегі резиденциясында Ақмоланы Астана деп жариялады.
Менен «қай жерден боласыз?» деп сұраса, «Астаналықпын» деп жауап беремін. Иә «Астаналықпын» деп мақтанышпен айта аламын. Себебі мен осында елорда болмай тұрып келдім және Астананың өсіп-өркендеуіне атсалыстым. «Астана» туралы Заң қабылдадық, ең алғашқылардың қатарында Президенттің Жарлығымен «Астана» медалімен марапатталдық. 10 желтоқсанда Астана болып жарияланса, осындағы ең алғашқы Жарлығымен Президентіміз 13 желтоқсан күні қазақ тіліндегі «Халықтың көші-қоны» туралы Заңға қол қойды. Ол – тарих. Ол – өшпес жазу! Ол тек Парламенттің ғана емес, Астананың да тарихы. Оның ерекше есте қалғандығы 23 қаңтарда басталған заң жобасы, бір жылға жуық өте қызу талқыланып, 13 желтоқсанда қол қойылды. Кейбір адам 13 санын қорқынышқа балайды. Бірақ мен бұл санды жақсы көремін. Мен үшін ең қасиетті сан. Себебі Президент 13 желтоқсан күні заңға қол қойды. 13 желтоқсан күні үлкен қызымның туған күні. Содан Парламент Мәжілісінде­гі депутаттық өкілеттігім аяқталған соң елге қайтайық­ ­деп тұрғанымда, Елбасы менің жұмысыма риза екенін білдіріп, қызметке шақырды. Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор қызметін де 13 желтоқсанда бастауыма тура келді.
– Қаладағы сүйікті орныңыз қай жер?
– Астананың ең керемет жері – өзіміз қызметімізді бастаған бұрынғы Парламент үйі. Кейіннен Президент Әкімшілігі болған жер де көзге ыстық көрінеді. Содан соң шағын ғана саябақ бар болатын, сол жерге жиі барып тұратынмын. Одан кейін Әуезов көшесіндегі Астана қаласының поштасы. Әр кез қазақ газеттеріне барып жазылатынмын, таппай қалған газетті осы жерден алатынмын. Ол жердегілердің бәрі мені танитын. Сонымен қатар «Астана ақшамы» газетінің бұрынғы орналасқан жері ыстық көрінеді. Бас редактор Жұмагүл Саухат болатын. Ол жерде жұмыс істеген, туған бауырымдай болып кеткен Бекен Қайрат сияқты азаматтарды іздеп баратынмын. Тіпті онда редактордың бірінші орынбасары тағайындалып жатса да, құтты болсын айтып баратынбыз. Мәселен, журналистиканың қара нары атанған Дидахмет Әшімханов, Жанболат Аупбаевтар. Сол сияқты Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театры ең жақсы көретін, жиі баратын жеріміз болды. Сол кездегі театрдың режиссері Қадыр Жетпісбаев деген аңқылдаған, өте көпшіл азамат еді, депутаттарды арнайы спектакльге шақырып тұратын. Қазақтың салтымен алғаш рет ерулікке шақырған да сол кісі еді.
Ол кезде қонақ үйден арасы өте жақын болса да, жұмысқа бару үшін де көлік шақыртатынбыз. Өйткені үскірік аяз болып, жел қатты соғатын. Кейіннен биік-биік ғимараттар салынып, қаланың шеттерінде орман пайда болып, қала ішіндегі ауа райы мүлде басқаша өзгерді. Қазіргі Нұр-Сұлтан – менің ең сүйікті қалам!
– Қазіргі жергілікті биліктің жұмысына қандай баға бересіз?
– Қазіргі кезде жергілікті биліктің атқарып отырған жұмысы өте ауқымды. Аудан қосылып, шаҺар көлемі де арта түскен. Сол жағалау салынып, өркендеп кетті. Қалада көрікті орындар өте көп. Қазақша сөйлейтін аудитория көбейді. Толық болмаса да, елорданы біршама қазақыланды деуге болады. Бұрын қазақша сөйлейтіндер тіпті некен-саяқ болатын. Әрбір іс-шараға зиялы қауым өкілдері қатысады. Мен де бірқатар шараларға қатысып тұрамын. Қаланың қазіргі әкімі Алтай Көлгіновтің кез келген форматта журналистермен ашық сұхбатқа шығып, өзінің ойын еркін жеткізетіні ұнайды. Оның бойында жасқа тән жаңа леп, серпін бар. Жалпы, қала билігінің халық үшін атқарып жатқан қарқынды жұмыстары тұрғындар үмітін арттыруда.
– Есіміңізді Әкім деп кім қойды?
– Ысқақтың 3 ұлы болған, Әбдіхалық, Сұлтан, Әбдіхан. Әбдіхалық атам Орта Азияға белгілі дін қайраткері болған. Сол кісі менің атымды кітаптан көріп қойған. Әкем Әбдіқайым болса, менің азан шақырып қойған атым Әбділәкім. «Әбді» деген сөз «Құдайдың құлы» деген мағынаны білдіреді екен. Бірақ бала кезден Әкім аталып кеткен соң құжатқа қарамай, Әкім Ысқақов деп жазып жүрдім. Кейін Парламентте жүргенде фамилиядағы «ов»-ты алып тастауға мүмкіндік туғанда атымды да құжат бойынша Әкім деп жаздырттым.
– Әкім болып қызмет атқарған кезіңіз болды ма?
– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Мен ұстаздар династиясының өкілі болғандықтан, жастайымнан ұстаз болуға бет бұрып, біраз уақыт ұстаздық қызмет атқардым. Журналистикада да жұмыс істедім. Аудандық білім бөлімін басқардым. Облыстық әкімдікте, Президент әкімшілігінде қызмет еттім. Министрдің орынбасарлығын да ұсынды. Бірақ әкім болып қызмет атқарып көрген жоқпын. Облыс әкімінің орынбасары қызметіне де шақырды. Алайда Астананы қиып бармадым. Себебі елорда – менің туған жерімдей, мен үшін өте аяулы жер. Балаларым да осында өсіп-өнді. Ұл ұяға, қыз қияға қонды. Немерелерім осында дүниеге келді. Астана – менің өмірімнің айнасы, менің желбірете көтерген туым! Менің өмірімнің шындығы, жан дүниемнің байлығы!
– «Адам іздеп жүрмін» деген кітабыңызды талай жыл бұрын жаздыңыз ғой. Айтыңызшы, содан бері іздеген адамыңызды таптыңыз ба? Әлі де іздеп жүрсіз бе?
– Адамды өмір бойы іздей беретін шығармын. Мен адамға тоймаймын. Кешелері фейсбукке «Адамдарды жек көрмеңдерші» деп жазба қалдыр­дым. Ешкім де бұл жалғанның мәңгілік тұрғыны емес, бар жоғы қонағы ғана. Төртеуі түгел ешкім жоқ. «Кемшілігі бар деп қарама, жаны жабырқауды бағала, жетім көңіл бейне бір шырылдай ұшқан шағала» деп жазыппын. Адамдарды жақсы көремін. Әрине, талай адамды таптым. Небір керемет адамдарды жолықтырдым. Солардың бірін кезінде Семейден кездестірдім. Ол кім десеңіз, ол қазір осындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ректоры, адами қасиеті басым Ерлан Сыдықов. Ол кісімен жақсы сыйласпыз, хат-хабарымызды үзбейміз. Мен адамның қызметін емес, адамдық қасиетін бірінші орынға қоямын.
Маған «Алтыным дегеніңіз кім?» деп сұрақ қойылып жатады. Сонау бала кезімде жүрегі мейірімге толы әжеміз – Тынтай апамыз бойындағы бар махаббат сезімін осы бір ауыз сөзге сыйдырып жіберетін. Сол сиқырлы үннің жылылығы мені әр кез шаттыққа, қуанышқа бөлейтін. Соның құдыреті-ай десеңші… Содан бері бұл тіл қату маған махаббаттың, мейірімділіктің белгісіндей әсер етеді. Оны бүгінгі таңда оқырмандарыма арнап айтып келемін. Шын мәнінде адамдарды жақсы көремін. Жақсы көрмеуге қақым жоқ. Өмір бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар. Ешкімнің де сүрінгенін, құлағанын қаламаймын. Өкпе-ренішке емес, қайта қуантуға асығайық­шы. Адам болуың жүрегіңдегі гүлді солдырмауың дер едім. Түсіне білсең, адам – ғажайып әлем. Иә, мен адамдарды жақсы көремін. Жақсы көрмеуге қақым жоқ!
– Сұхбатыңызға рақмет! Жасай беріңіз!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 19 =