Әкім ТАРАЗИ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: ҚАЗАҚ – ӨЗІМЕН-ӨЗІ АРПАЛЫСЫП ЖҮРГЕН ХАЛЫҚ

0 1  117

Әкім Тарази… Есімі елге мәлім көпті көрген көрнекті жазушы. Қаламгер ағамен әңгімелесудің өзі бір ғанибет! Ол кісімен оқта-текте жүздесіп қалғанда қоғам, әдебиет, жа­зушылар туралы пікірлесіп тұрамыз. Арғы-бергі игі жақсылармен жақын араласып, сыйлас болған тұлғаның айтары мол… Ашық әңгімеден өрбіген төмендегі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз

ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНДА БЕДЕЛ ҚАЛМАДЫ
– Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде Сіздің «Жазушы беделі – ұлт беделі» атты оқшау пікіріңіз жарық көрді. Оқыдым. Жазу­шысы жүдеу елдің болашағы да бұлдыр. Аға, осы ойды тереңірек қаузап айтсаңыз?

– Теорияға жүйрік емеспін. Бірақ, мысалмен, дәлелмен сөйлегенді қалаймын. Қазір Совет өкіметі жа­зушыларды қадір тұтты, дәріптеді деп айтып жүрміз. Рас. Бірақ, ол өкімет жазушылардың қадірін біліп сыйлаған жоқ. Алдымен жазушы­ларды атты, қырды, жер аудар­ды. Қылтиып, көрінген жас өскін қаламгерге тыныштық бермеді. Империя көсемі Сталин жазушылар­ды қырып алып, кейін қажет екенін ұқты. Жазушысыз қоғам жоқ екенін білді. Журналистің мақтап жазған мың мақаласынан, жазушының бір мақаласы артық екенін түсінді. Сондықтан ол жан сауғалап Италияда жүрген Максим Горькийді елге шақырды. Оның келгісі келмеді. Мәскеудің ең үлкен көшесін Горькийдің есімімен атады. Ол содан кейін келді. Максим Горькийдің арқасында Қазақстанда, сол кездегі басқа одақтас республикаларда Жазушылар Одағы құрылды. Жазушысыз қоғамның мәні жоқ екенін түсінгеннен кейін Жазушылар Одағын құрды.
Ойымда жатталып қалған бір оқиға бар. «Қазақстан пионері» деген газетте жауапты хатшы бо­лып істедім. Балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаевтың орынба­сары есептімін. Осы газетте екі жыл жұмыс істегеннен кейін өзімнің жазу­шы болам деген арманымнан ажырай бастағанымды сездім. Елге барып екі жыл мұғалім болдым. Бүгінгі жазылған шығармаларымның дені сол екі жылда тапқан олжам. Әлі күнге дейін соны қазбалап жүрмін. Маған ол ғажайып қазына болды. Бірақ ауылдық жерде жүру қиын болғандықтан қалаға қайта оралдым.
Бірден «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке тұрдым. Бастығым – Жекен Жұмаханов деген жазушы, сатирик. Ауыз әдебиетінің классигі. Бөлімде: Шерхан Мұртаза, Шәрбану Құмарова және мен. Үш ай істедім. «Болашақ бүгіннен басталады» деген бір беттік үлкен мақалам жарық көрді. Бас редактор Абай Бейсен­баев деген зиялы кісі еді. Сол кісі шақырып алды да:
– Әкім, мына мақаланы қанша күнде жаздың? – деді.
– Қиналып жаздым, – дедім.
– Сен төгіліп тұрған журналист екенсің ғой, – деп жылы пікір білдірді. Машбюроның бастығын шақырып алып: – Әкім келіп, диктовать етем десе, басқалардың жұмысын қойып, осы баланың жазғанын бірінші теріңіз, – деп ескертіп қойды. Редакцияға хаттар қар секілді жауып жатады. Хаттарды қорытып, мақала әзірлеймін. Үш ай ішінде беделді журналистердің қатарына ендім. Бірде, көшеде Ғабит Мүсіреповпен кездесіп қалдым. «Ара» журналында кезінде қарауында істегем.
– Әй, Әкім, сен қайда жүрсің? – деді. – «СҚ»-да істеп жүрмін, – дедім. – Жазушы болам деп елге кетіп едің ғой? – Елде 2 жыл жүріп қайтып келдім. – Сен «СҚ»-ны қой, – деді. – «СҚ»-да 7-8 ай істегесін сықиасың да қаласың. «СҚ»-ның тілі деген тіл бар. Сен соны білесің бе? – деді. «СҚ»-ның тілі жазушының тілі емес, қарағым. Сен «СҚ»-дан кет. Жаңа маған Мәскеуден үш профессор келіп кетті. КСРО Мәдениет министрлігі жанындағы Киностудияға екі жылдық курсқа екі адам керек деп ұсыныс білдірді. «Кімді ұсынасыз?» дегенде, адам таппадым. Сен киностудияға бар. Телефон шалып ескертіп қоям, деді. Киностудияға келдім. Бар­сам 30 шақты адам тұр. Комис­сия қабылдап жатыр. Комиссия құрамына қазақтарды кіргізбеген. Адам көп. Қырғын өшірет. Бір есікті ашып қалып едім. Мәскеуден келген үшеуі отыр. – Атың кім? – деді. – Әкім, – деп ем, – Бері кір, – деп жылы иба білдірді. Біз сені күтіп отырмыз деді. – Осында келгендердің бәрі киноны жақсы көреміз дейді. Сен де киноға ғашықсың ба? – дейді. – Жоқ, киноны жек көрем, – дедім. – Онда неге барасың? – деді. – Сюжет бола­ды екен. Бір сюжет әңгімеге, келесісі драмаға, тіпті киноға лайықты болса жазам, – дедім. Кино қоямын деп ойламаймын. Үшеуі де күлді. Қатты күлді. Кейін екеуі курста оқып жүргенде өздері танып алды. Мәскеуге барғанда жетекші болды.

– Өмір жолыңызда жаны нұрлы жақсы адамдар көп кездескен екен. Бір Ғабеңнің өзі қандай ықпал жасаған… Бүгінде жазушылар ұсақталып кетті деген сөз айтылып қалады? Және қалам ұстағанның бәрі жазушы болғысы келеді. Кейде жазушы мен журналистің аражігін ажырата алмай қаламыз. Осы тарапта пікір өрбітсек…

– Жазушы – деген журналист емес. Журналист деген – бөлек мамандық. Қазір елімізде Жазушылар Одағының мүшесі болып жүргендердің дені газет пен журналдарда істеп, бір-екі өлеңі, әңгімесі шыққан адам­дар. Олардың әңгімесін оқығанда журналистің тілімен жазылған дүние екенін анық байқайсың. Поэзияда публицистикалық сарын есіп тұрады. Ұйқасқанның бәрі өлең емес. Жазушылар Одағына соны өлең деп, шағын жинақ шығарып өтеді. Тіпті, кітабы шықпағандар өте бастады. Газет-журналда жарық көрген әңгімелерін бұлдап барады. Бүгінгі таңда Жазушылар Одағы Журналистер Одағының филиалы болып қалды. Филиал деп отырған себебім: Жазушылар Одағында 840 мүше бар. Журналистер Одағында мыңдап саналады. Бірақ, оның бәрі жазушы емес. Әдеби мақаласы шықса, ол сыншы болып есептеледі. Ол мақала теоретиктің мақаласы емес, біреудің жарық көрген кітабы туралы жазған мақала. Кітаптың бүге-шігесіне дейін баяндап шығады, кішкене сынаған болады. Шын жазушы аз. Бұл – кеудемді соғып отырғаным емес. Мен солардың ішіндегі кереметімін деп отырған жоқпын. Жазушының қандай екені көзінің тірісінде айтыл­майды. Айтпайды. Айта алатын адамдар айтқысы келмейді. Оны заман, уақыт екшейді. Бұл тұрғыдан Толстой ғана бақытты. Себебі, ол граф болған. Граф болғаннан кейін оның сөзі патшаға жетіп отырған. Толстойдың бағы көзінің тірі кезінде жанып тұрды. Ал, Антон Чехов қарапайым отбасыдан шыққан. Сол айтқан: «Мен өлгеннен кейін 4 жыл­дан соң атағым дүр ете қалады» деп. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болып кірген 250 сыншы бар. Солардың бәрі ойлайды. Мен мақтамасам, ол жазушы болмайды деп. Сол секілді сыншылар Чеховқа күн көрсетпеген. Чехов – әлемде ең сүйікті жазушы. Чехов – әлемдегі ең үздік драматург. Қазір Чеховтың пьесалары Шекспирден де жиі қойылады. Американың өзінде жылына 200 театр қояды екен. Америка ешкімді менсінбейтін ел. Жапония да солай. Жазушы көзі тірісінде мені бағаламады деп айтқан ұят бо­лады. Екі рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда алдымдағы екі үлкен ақсақалға жолымды бердім. Қалихан бір кісіге жолын берді. Мәселе атақта емес. Атақты кейінірек, нақтырақ айтсам 67 жасымда алдым. Өкінбеймін. Сұраған да жоқпын. Бүгінгі жазушылар ұсақталып кетті. Жазушылар Одағының беделі қалмады…

ТІЛ ТУРАЛЫ ТЕК ОРЫС ГАЗЕТТЕРІНЕ АЙТАМЫН

– Өркениетті елдерде ұлттық өнер мен әдебиетті қорғайтын, қолдайтын арнайы заң бар. Бұдан хабарыңыз бар ма?

– Заң бізде де бар. Бірақ заңды қадағалап, ақтарып жатқан адам­ды көрген жоқпын. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша кейінгі ұрпаққа қажет болады-ау деген кітаптар жарық көруде. Тың бастама. Жеке өз ба­сымда реніш жоқ. «Мәдени мұра» бағдарламасымен кітабым жарық көрді. Таралымы 2000 данадан. Кітапханаларға түсуде. Кейінгі ұрпақ бізді архивтен емес, кітапханадан тауып алады деп ойлаймын. Тәуба деймін! Бүгінде қаламақы бермейді. Ертеректе Қалихан, Сайын үшеуміз отырып, айтатынбыз. «Дербес ел болдық. Еліміз еңсесін түзеп алсын. Қаламақы деп емінбейік. Көш жүре түзеледі» деп. Жиырма жыл болды. Елдің буыны бекіді. Өркениетті, дамыған елге қадам бастық. Бірақ, қаламақы жоқ. Әлі сол таз кейіп… Таяуда бір баспаның жоспарына кітабым енген екен. Баспа директоры қоңырау шалды. – Әкім аға, әр баспа табаққа 5 мың теңгеден қойсам, қалай қарайсыз? деп. Сөйтсем, 20 баспа табаққа 100 мың теңге алады екем. Рахмет айтып, кітабымды қайтып алдым. Қазір бір баспа табаққа 10 мың теңге қояды. 10 баспа табақ кітапқа 200 мың теңге аласың. Министрдің қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыздың айлығы 200 мың теңге. Есептеп, салыстыра беріңіз…

– Әрине, бұл жиі көтеріліп жүрген тақырып. Бұған мемлекет тарапынан әзірше еш қолдау жоқ. Айтылаайтыла жауыр болды. Осы тығырықтан шығу үшін қандай шараларды іске асыру қажет?

– Алла адамды жаратқанда ырыздық, несібесін бірге береді. Жазушының да бала-шағасы бар. Ол жазуға отырудың орнына бала-шағасын асыраймын деп базарда жүрсе немесе кеңседе аудармашы болып отырса, оның үстінен қарап отыратын сауатсыз басшылар мен орынбасарлары қағаздарды үйіп-төгіп, аударып таста деп бұйырып отырса, ол жазушы жаза ма? Жаз­байды. Бұл мемлекеттік салада істеп жүрген жазушылардың басындағы жағдай. Шын әдебиет бұлай ту­майды. Мұстафа Шоқай туралы роман жазу үшін 8-9 жыл іздендім. Материал қарадым, архивке түстім. Ығын таба алмадым. Көрген-білгенді, архивтегі деректі қосып жазған шығарма болмайды. Қай тұрғыдан келуім керек. Содан кейін жаздым. Ал, Мұстафаны жазыпсыз деп 5-6 адам ғана ізгі лебіз айтты. Бір ұйым Мұстафа туралы кітап шыққан екен, талқылайықшы деген жоқ. Шыққан кітапты Оңтүстік Қазақстан облысы­нан келген бір жігіт түбімен көтеріп сатып алды.
Бүгінгі таңда әдебиет дамы­май, бүк түсіп жатып қалды. Жас ақындарды мақтаймыз. Сауат жоқ. Оқып отырғанда кәдімгідей сүйсінесің. Ар жағында тақырып жоқ. Әдемі сезім ғана бар. Бір кітапта 100 өлең болса, 100 түрлі сезім бар. Оқығаннан кейін ештеңе есіңде қалмайды. Тереңіне үңілсең, қоғамдық маңыз жоқ. Ұйқастары балталаса бұзылмайды, өлең тех­никасын жетік меңгерген. Олардың бәрін көтеріп кеткен Мұқағали деп ойлаймын. Мұқағалидан бұлар басқаша кетті. Мұқағалида қоғамдық тақырып күшті еді. Ұлттық рух ба­сым болатын. Сондықтан оқылады…

– Өткен жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын абыроймен атап өттік. Жиырма жылда жеткен жетістік те баршылық, кемістік те жоқ емес. Бүгінгі таңда қордаланып қалған ұлттық мәселелер көп. Оны көзіқарақты қауым жақсы біледі. Жазушы ретінде, қазақтың қалаулы азаматы ретінде тәуелсіздік туралы, тіл туралы сізді қандай ойлар мазалайды?

– Тәуелсіздік туралы көп ойланып жүрмін. Дербестік бізге оңай келген жоқ. Елбасының ақылдылығымен келді. Бірден тәуелсіз елмін деп өзбектің айтуға қақысы бар. Өйткені, оларды Ресейден біз қорғап отыр­мыз. Ол Өзбекстанға бару үшін біздің жер арқылы өтеді. Тәжіктер, түркімендер, қырғыздар бізден бұрын тәуелсіздігін жариялады. Осы төрт елге біз арқамызды тосып отырмыз. Географиялық тұрғыдан алғанда аталған мемлекеттердің бағы бар. Біздің жағдайымыз басқаша. Ел­басы тәуелсіздікті жариялар алдында Американың, Қытайдың, Ресейдің тілін тауып, жол таба білді. Оның өзінде қауіпті бостандық. Дербес ел атанғанда қазақтың саны 35 пайыз болды. Сол кезде бір қазақ көшеде кетіп бара жатса, екі өзге ұлт өкілі келіп, ұрып кету түк емес еді. Тәуелсіздікке қиындықпен келдік. Біздің сорымызға қарай бостандықпен бірге тойымсыздық өңеші келді. Бірінші күннен ба­сталды. Кеңестік дәуірде сақталып тұрған совхоз-кол­хоздар, зауыт-фабрикалар талан-таражға түсті. 20 жыл ішінде қанша өскенімізбен бостандықпен бірге көлеңкедей ілесіп қара албасты келеді. Қара жын. Қара жынның аты – жемқорлық. Оны күреспен жеңу мүмкін емес. Заңмен де жеңе алмай­мыз. Себебі, заңды орын­дайтын адамның да өңеші бар. Қара жынды жеңу өркениетпен ғана келеді. Бостандық алғаннан кейін мектепке барған балалар билік басына келгеннен кейін қара жын кетеді деп ойлаймын. Қазір біз құлдық кейіптеміз.
Ал, қазақ тілін өркендетпе деп өзге ұлт өкілі ешқашан айтпайды. Бұл – қазақтың намыссыздығы. Бір ойын айтайын. Бір қапшықта екі бас болады. Екі бас бір-бірімен тіресіп, күреседі. Біресе анау, біресе мынау жығады. Ең соңында жұрт мәз бо­лып, қол соққан кезде қапшықтан бір ғана әртіс шыға келеді. Қазақ сол секілді. Қазақ – өзімен өзі ар­палысып жүрген халық. Жаңағы қапшықтың ішіне кіріп алған әртіс секілді. Қазаққа өзге ұлт өкілдері өктемдік көрсетіп отырған жоқ. Өзін-өзі жеңе алмай жүрген халық. Қазақ тілін айтып, мәселе көтеріп жүрген жігіттердің 80-90 пайызы үйіне барғаннан кейін бала-шағасымен орыс тілінде шүлдірлеседі. Жұрттың алдына шығып сөйлегенде тайпалған жорғадай көсіледі. Ұлтқа шынайы жаны ашыса, өз отбасы алдымен қазақша сөйлесін. Балаларыңмен қазақша тілдес. Өзінің отбасына ие бола алмаған адам көпшілікке қалай ақыл айтады… Кейбіреуінен жерке­нем. Тілді мамандық қылып алғандар бар. Кәсіп қылып алғандар бар. Тіл туралы тек орыс газеттеріне айтам. Қазақ газеттеріне айтқым келмейді.

– Не себепті айтқыңыз келмейді?

– Айтқым келмейді. Ұят болар еді. Өзін-өзі сыйламайтын адам үйге келген қонақты төрге шығарып, өзі ошақтың жанына отырады…

– Аға, ұлттың рухы әлі сөнген жоқ. Өшпейді де… Қайта кейінгі кезде рух қайта сілкінген секілді… Намыссыздық жалпы ұлтқа тән емес дер едім. Қарапайым қазақта намыс бар ғой, аға?

– Қалайша… қарапайым қазақ кеңсеге барып, маған қазақша жа­уап бер деп талап етпейді. Қорқып қалған, үркіп қалған. Кеңсеге кіргеннен кейін орысша білсін- білмесін өзге үнде тіл қатады. Өзім кеңсеге бара қалсам, қазақ тілінде жауап беруді талап етем. Балала­рым қазақша сөйлейді. 3-сыныптан кейін ғана орысша, ағылшынша үйренуге рұқсат бердім. Екі балам ана тілі секілді ағылшын мен орыс тілін жетік біледі.. Күрескер адам алдымен өзін жеңу керек. Сонда басқаны жеңеді.

ТӘНІМІЗ БӨЛЕК БОЛҒАНЫМЕН, ЖАНЫМЫЗ – БІР

– Бүгінгі зиялы қауымда рухани үндестік, ұлттық мүдде бірлігі кейде кемшін түсіп жатады. Ұлттық мәселелер көтерілген кезде бір жұдырық болып жұмыла алмай қалатын кезіміз бар. Соның әсерінен кейде есеміз кетіп қалады. Ол туралы не айтар едіңіз?

– Ойды әріден бастайын. Бұрынғы совет өкіметінің құрамында болған елдердің жағдайы бір-біріне өте ұқсас. Саяси, экономикалық жағдай болмасын… Орыс газеттерін үзбей қадағалап оқып жүремін. Ресейді Ресей қылып отырған орыстың ұлы интеллигенциясы. Ұлы деген сөзге ерекше екпін беріп айтамын. Ресейдің қазіргі жағдайын телеарнадан көріп отырғанда кейде түңіліп кетесің. Бірақ, бір үміт, бір жарық саңылау бар. Орыстың интеллигенциясы өте күшті. Халықты бастап, алға жетелеп отырады. Біздің зиялы қауым да олардан кем емес. Зиялы қауым қазақта бар. Бірақ, зиялымыз деп жүрген зиялысымақтар шын зиялыларға көлеңке түсіріп жүр. Батыр болып көрінгісі келеді. Біз әлі зиялы деген ұғымды дұрыс түсіне алмай келеміз. Қайталап айтамын, зиялылар бізде бар. Шын мағынасында ұлтым үшін, елім үшін деп басын бәйгеге тігіп жүрген зиялылар бар. Бірақ, елордада бас қосатын жер жоқ. Негізінен, зиялылар бас қосатын жер – Жазушылар Одағы. Алматыда не болып жатқанын білмеймін. Астанаға көшіп келгеніме 9 жыл болды. Біз сығандардың тағдырын кешіп жүрміз. Қиналып жүрміз. Бас қосатын жеріміз – Ұлттық кітапхана еді. Олармен кейде олай, кейде бұлай болып қаламыз. Одан кейінгі мекеніміз Президенттік мәдениет орталығы еді. Қазір ол жақтың есігі жабылды. Қазір зиялы қауым көрсе қашатын басшылар бар. Бәрінен өздерін жоғары ұстайды. Олар да өздерін зиялымыз деп санайды.Қайдағы зиялылық? Нағыз зиянкестер. Бүгін бар, ертең жоқ. Шын зиялы қауым астанада қалыптасты. Осыдан 4 жыл бұрын Елбасы зиялы қауымның басын қосқанда «Шабыт» деген үй салынып жатыр. Соның 2 қабатын берейін деген сөз айтты. Іштей қуанып отырдық. Кейін ол Өнер университеті болып кетті. Оған да қуандым. Жиналатын жер болмағаннан кейін әрқайсымыз, әр төбенің басында іштей күйініп, жанымызды жегідей жеп жүрміз. Жазушылар Одағына қалалық әкімдік үй беру керек. Зиялылар сол жерде бас қосуымыз қажет. Елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетов зиялы қауымның досы ғой. Сол әкім болып келгенде үміттенген едім. Сұранып алдына барған емеспін. Бас қосатын орталық керек. Орталықты қалалық әкімшілік басқару керек. Әкімшіліктің бір қанаты болу керек.

– Таяуда «Түркістан» газетінде белгілі қаламгерлер Дидах¬мет Әшімханұлы мен Мырзан Кенжебайдың «Біз ұлт болып қалыптастық па?» деген сұхбаты жарық көрді. Оқып отырып, көп жайға қанықтым. Расында, аға, біз ұлт болып қалыптастық па?

– Біз дүниедегі ең таза ұлт болып қалыптасқан халықпыз. Жуырда Англияда кітабым жарық көрді. Кітап тұсаукесеріне барғанда қазақтай біртұтас халық жоқ деп айттым. Бір қызығы, қазақтай ғажап халық жоқ. Мысалы, барлық халық «мен аман тұрғанда, мен тірі тұрғанда» деп сөйлейді. Қазақ «көзім тірісінде» деп айтады. Демек, адамның өмірі көз екенін біледі. Ғалымдардың ашқан жаңалығы бойынша адамның көзі 1 секундта 2 миллиард ақпарат қабылдап, соны өңдеп миға беріп үлгереді екен. Демек, өмір деген – көз. Соны қазақ білген. Әлемде қазақтай таза бір тілде сөйлейтін халық жоқ. Көп халық капитализм дамыған кезде ұлт болып қалыптасты. Неміс елінің 360 диалектісі болған. Бұлар бірігіп бір ұлт болды. Қытайда бір- бірін түсінбейтін диалекті кездеседі. Әлемде жалғыз қазақ қана «Кімсің?» де¬ген сұраққа «Адаммын» деп жауап береді. «Кімнің б а л а с ы с ы ң ? » д е с е ң , «Адамның баласымын» дейді. Басқа ұлт басқаша жауап береді. Бұл біздің жанымыздың тұтастығы. Тәніміз бөлек болғанмен, жанымыз біреу.

– Баяғыда ауылда ешкім алдын кесіп өтпейтін, сөзіне тоқтайтын текті қариялар болатын. Олар елдің бірлігіне, қарапайым тірлігіне ден қойып, мән беріп отыратын. Сіз сол ақсақалдық жасқа келдіңіз? Артыңызда өнегесі мол өмір жолы жатыр. Осы жолда не жоғалттыңыз, не таптыңыз? Не нәрсеге өкініп, неге тәубе етесіз?

– Біріншіден, осы жарық дүниеге адам болып келгеніме Жаратқан Аллаға мың мәрте құлдық етемін! Екіншіден, мың мәрте құлдығым м ұ с ы л м а н б о л ы п к е л г ен і м е ! Үшіншіден, қазақ болып келгеніме! Мың-мың құлдық. Мұсылман деген ұғым ұлт деген ұғымнан жоғары.
Алла берген ғұмырыма ризамын. Мен Адам ата-Хауа ананың ба¬ласы болып келгеніме, Исламда Мұхаммед пайғамбардың үмбеті болып келгеніме ризамын. Қазақ деген халықтың ұлы болып келгеніме мақтанам. Өмірдің өзі өкініштен тұрады. Өкінетін сәттерім де бар. Ұлтымыздың бас бірлігінің жоқтығына, қазақтың ұлттық санасының әлі қалыптаспағандығына қатты күйінем. Бірге жүрген аз ғана топ достарым бар еді. Солардың жартысынан көбі мені сатып кетті. Жоғалтқаным сол. Оларды мен сатқан емеспін. Біразы дүниеден өтіп кетті. Бірақ, көзі тірі жүргендерге өкпемді айтып отырмын. Көре ал¬
майтындар бар. Бір досым темекісін шікірейе тартып, шіреніп отырып: «Әкім Астанаға көшті, жағдайы жаман емес көрінеді» деп жазғанын көргенде қатты күйіндім. Мен оның алайын деп тұрған пәтерін алып қойсам немесе қызметін тартып алсам, маған өкпелесін. Тағдыр маған жол ашып берді. Алланың әмірімен елордаға көшіп келсем, оған тек қуану керек еді. Осындай іштарлықты қабылдай алмаймын. Өмірде мені сатпай кеткен екі досым
болды. Ол – Сайын Мұратбеков, Зейнолла Серікқалиев. Өле-өлгенше бірге болдық. Шерхан ағаммен жақсы сыйласпыз. Жасы сәл үлкен болғандықтан «аға» деп айтам. Тәубә деймін!

БІЗДЕ БОЛАШАҚ БАР

– Өмірден ерте озған, сіздің досыңыз Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы бар. Бас кейіпкері: халық батыры Амангелді Имановтың қандыкөйлек серігі Кейкі батыр. Сіз сол қолмерген Кейкі батыр туралы пьеса жазыпсыз. Бірақ, ол пьесаңыз еш театрда қойылмаған екен. Себебі неде?

– Кейкі батыр туралы жаздым. Оны Арқалық театрына бердім. Оқыды, бәрі құба-құп деп жауап берді. Кейкі батырды жаңа қырынан жаздым. Кеңестік дәуірдің кезі еді ғой. Театрда дайындық басталып та кеткен болатын… Ұзарып кетті. Бір күні телефон шалып, сұрасам, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы келіп жапты¬рып тастапты. Тосқауыл қойғанға өкінген жоқпын. Кейін сол пьесаны таба алмай қалдым. Із-түссіз жоқ. Екі рет пьесалар жинағын шығардым. Оған кірмеді. Жеке архивте де жоқ. Қолымда қолжазбасы қалмапты…

– 2008 жылы «Жазушы» баспасынан Мұстафа Шоқай туралы кітабыңыз жарық көрді. Көркем туынды «бірінші кітаптың соңы» деп аяқталады. Жалғасы қашан жарық көреді?

– Мен Мұстафа туралы қорқа- қорқа жаздым. Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен киносценарий жаздым. Киносценарий жазуға бір жыл сұрап едім. Ол кісі үш айда бітіріп бер деді. Үш айда тәмамдадым. Мұстафа – тағдыры өте күрделі тұлға. Кинофильм мен жазғаннан кейін тоғыз жылдан кейін жарық көрді. Дәл менің туған күнімде Астанада фильмнің тұсаукесері өтті. Маған Сатыбалды Нарымбетов қайта-қайта айтатын: – Көке, Мұстафаны жазсаңызшы? Дайын роман ғой, – деп. – Қой, оған менің шамам келмейді, – деп жауап бергем. Бірде тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы сұрады, мен айттым «өзімді аздап болса да Мұстафаның орнына қойып көруім керек» деп. Әлі өзімді оның орнына қоя алмай жүрмін деп жауап бергем. Сөйтіп жүргенде бір күні таңертең төсегімнен «Мұстафа, Мұстафа» деп ояндым. Содан кейін үш ай оңаша пәтер жалдап, бас алмастан жазып шықтым. Шығарма жазылғаннан кейін «Жазушы» баспасына алып бардым. Кітап бір айдың ішінде шықты. Бірақ, баспаға жіберейін деп жатқанда Есенғали Раушанов «Аға, мына жерге бірінші кітаптың соңы деп қолыммен жазып жібердім» деді. «Бірінші кітаптың соңы» деп жазған – Есенғали. Оған сол жауап береді. Екінші кітапты жазғым келеді. Жаза алмай жүрмін…

– Елдің ертеңі туралы ойланбайтын адам жоқ шығар. Егер ол жазушы болса, қарапайым адамнан мың есе артық толғанады. Келешегіміздің жарқын болғанын б а р л ы қ  қ а з а қ т ы ң  а з а м а т ы қалайды. Болашақ туралы не айтасыз?

– Ертеңгі күнге қатты сенем. Ана тілін құдірет тұтатын, бөлінуді білмейтін жаңа қазақ өсіп келеді. Жыл сайын шамамен 250 мың бала өмірге келеді екен. Солардың дені қазақ мектебінде оқиды. Амалсыз¬дан тіліміз өз биігіне көтеріледі. Менің үмітім – бүгінгі жас өскін балдырғандар. Жоғарыда айтып өттім. Тағы да қайталап айтқым келеді. Бізге бостанмен бірге құлқын қатар келді. Оны тоқтату мүмкін емес. Біз кенедей аш елде өмір сүрдік. Партия қызметкерлерінің бәрі аш болатын. Қолында билігі бар совет қызметкерлерінің бәрі аш болатын. Солар тойымсыздыққа өзгеден бұрын кірісті. Мен бір рет жазғам. Бұлар бір-бірін жеп, бір- бірін құрта бастады. Тарихта Ан¬глияда, Францияда, Ресейде солай болған. Жемқорлықтан таза ада болу мүмкін емес. Билік басына ақылды, парасатты буын келіп, ақша дегеннің өткінші екенін түсінген жағдайда ауыр кеселден айыға аламыз. Компьютер адамзатқа кең жол ашты. 5 жылдан соң әлемдегі барлық қаржы көзі қайда жұмсалып отырғанын үйде отырып-ақ білетін боламыз. Ашық қоғам орнайды. Ол бүгіннен бастап біліне бастады. Жемқорлықтан құтылу үшін кем дегенде 15-20 жыл уақыт керек. Амал жоқ, шыдаймыз. Қазақ табиғатынан таза халық. Қулық-сұмдықтан бойын аулақ ұстайды. Басқа халықтарды қорламайтын тек қана қазақ. Біз атқа мініп жүргеннен кейін өркөкірек халықпыз. Көкірегі өр халық ешкімді сөкпейді. Өзге жұртты кемітпейміз, кемсітпейміз. Болашақ бізде бар…

– Әңгімеңізге рахмет аға!

Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − ten =